«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮШ ТҰРҒЫНДА АУРУ АНЫҚТАЛДЫ

Өңірімізде коронавирус жұқтырған үшінші адам тіркелді. Науқаспен байланыста болған барлық адамдар оқшауланып, мамандардың қатаң бақылауына алынды. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

Қауіпті індет жұқтырған соңғы науқасқа қатысты толық мәлімет жоқ. Дегенмен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Айманов ауру анықталған ошақта дезинфекциялық шаралар жүргізілгенін жеткізді. Қазір инфекциялық стационарда үш науқас ем алып жатса, 54 адам провизорлық стационарда, 91 адам карантинде. Ал 558 адам үйде оқшауланған.
Брифингте облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова оқушылар төртінші тоқсанда онлайн режімде сабақ оқитынын мәлімдеді. Оның айтуынша, барлық мектептер қашықтан оқытуға көшіріледі. Қазіргі таңда облыстық білім басқармасы жауапты мекемелермен ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуде. Жалпы, өңірде 474 мектеп бар. Онда 72 мыңнан астам бала білім алуда. Мектепке дейінгі тәрбие және білім берумен 6167 бүлдіршін қамтамасыз етілген. Оқушылар білім беру бағдарламалары мен «Ел арна», «Балапан» республикалық телеарналары арқылы сабақ кестесі бойынша оқытылады. Интернет жылдамдығы төмен шалғай ауылдарда тұратын оқушыларға да тиісті жағдай жасалуда. Бұл орайда, өңірде 2747 оқушы 1775 компьютермен қамтамасыз етілгенін айтқан жөн. Үнемделген бюджет қаржысы есебінен 596 баланы қосымша компьютермен қамтамасыз ету көзделген. Ал шағын жинақталған мектептер штаттық режімде жұмыс істейтін болады. Бүгінде облыста шағын жинақталған 143 мектепте 4888 бала оқиды. Педагогикалық қызметкерлер барлық санитарлық талаптарды қатаң орындауы шарт.

Сурет https://ria.ru/ сайтынан алынды.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp