
Тәртіп сақшылары карантиндік бекетті айналып өтпек болған жастарды ұстады.
Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылының тұрғыны мен облыс орталығының үш азаматы «Kia Spectra» автокөлігіне мініп Петропавл қаласынан шықпақ болады. Жігіттер өздерін №1 блок-бекетте тоқтатқан сақшыларға Бәйтерек ауылына достарының моншасына жуынуға бара жатқандарын айтқан. Полицейлер оларға карантин кезінде қалаға кіріп-шығуға болмайтынын айтып түсіндірді. Постан өтуге жүк және азық-түлік, тауарлар тасымалдайтын көліктерге ғана рұқсат берілген.
Осыдан кейін жастар бұл ескертуді елеген болып, көлігін кері бұрып, Петропавл қаласына бет алды. Алайда, айласын асырмақ болған олар сәлден соң трассадан түсіп, ауыл арасындағы жолмен шығып кетпек болған. Блок-бекетте кезекшілікте тұрған сақшылар оларды байқап қалып, карантиндік аумақтан шыққанға дейін тоқтатты. Медициналық куәландыру жолаушылардың алкогольдік ішімдік пайдаланбағандарын көрсетті.
Төтенше жағдай режімін бұзған жігіттерге қатысты материал жиналып, Қызылжар аудандық соты оларды үш тәулікке қамауға алу туралы шешім шығарды.