Ерте заманда бір әйелдің үш қызы болыпты. Қиыншылыққа қарамай, күні-түні еңбектеніп, оларды елден кем қылмапты. Үш қыз да бірінен-бірі асқан әдемі, сұлу болыпты деседі. Қыздар бойжетіп, кезегімен күйеуге шығып, жан-жаққа кетіпті. Аналары жалғыз қалған екен.
Көп жылдар өткен соң аналары қартайып, ауырып жатып қалады. Қатты ауырған әйел жақын маңдағы орманда тұратын сиқыршы Сары тиінді шақырып:
– Тиін, тиін, маған қыздарымды шақырып берші, – деп өтініш айтады.
Сары тиін қыздарын іздеп кетеді. Тиін үлкен қыздың үйіне келіп, терезесін қағып:
– Анаң қатты ауырып жатыр, тез жет! – дейді.
– Әттеген-ай! Мен барар едім, бірақ мына екі ыдысты жууым керек, – деп алдындағы шараларды көрсетеді.
– Анаңнан саған шаралар қымбат болғаны ма? Олай болса, әрқашан да шараларыңнан айрылмай жүр! – деп Сары тиін ашуланады.
Тиін осы сөзді айтқаны сол екен, қос шара қыздың денесіне жабысып, үлкен тасбақаға айналдырып жібереді.
Сиқыршы Сары тиін әйелдің ортаншы қызына барады.
– Анаң қатты ауырып жатыр, тез жет! – дейді.
– Қап! Мен қазір-ақ барар едім. Бірақ жәрмеңкеге әдемі тоқыма дайындап үлгеруім керек, – дейді ортаншы қызы.
Ашуланған Сары тиін:
– Саған анаңнан тоқыма қымбат болса, өмір бойы тоқыма тоқы, – деп өрмекшіге айналдырып жібереді.
Сиқырлы Сары тиін әйелдің үлкен екі қызына көңілі толмай, ренжіп, үшінші кенже қызына келеді.
– Анаң қатты ауырып жатыр, тез жет! – деп Сары тиіннің айтқаны сол еді, кіші қызы илеп жатқан нанын қоя салып, былғанған қолымен анасына жүгіріп кетеді.
– Сенің жүрегің қандай жұмсақ! Саған да адамдар әрқашан қайырымды болсын! Өмірің ұзақ болсын! Бақытты бол! Жасаған жақсылығың ұмытылмасын! Адамдар сені әрқашан құрметтеп, жақсы көрсін! – деп Сары тиін қызға алғысын білдіреді.