«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮШ ҰЛТТЫҢ ТӨЛ ПЕРЗЕНТІ


Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында қоғам қайраткері, жазушы, аудармашы, эссеист және публицист Герольд Бельгердің туғанына 85 жыл толуына орай “Көсем сөздің көрнекті шебері” атты әдеби-сазды кеш өтті. Кешке қаламыздағы бірқатар колледждердің студенттері мен кітапхана оқырмандары қатысты. 

Кітапханашылар кешті З.Есмағзам мен Д.Жүсіпова Герольд Бельгердің қазақ ауылында өткен балалық шағының қызықты сәттері туралы баяндаудан бастады. Олар қаламгердің қазақ балаларымен бірге өскен шағына, қазақ мектебінде білім алуына, сол уақыттағы соғыс зардабын көрген қазақ ауылының ауыр кезеңіне кеңінен тоқталды. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері Ирина Матвеева жерлесіміздің өмірінен сыр шертетін фотосуреттерден тұратын “Үш әуеннің пернесі” атты слайдтар тұсаукесерін жасап, жазушы жайындағы қызықты ақпараттарымен бөлісті. Кештің құрметті қонақтары облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жангелді Тәжин мен тарихшы Сабыр Ыбыраев Бельгерлер отбасы жайлы әңгімелеп, өз естеліктерін ортаға салды. Шара барысында жастарға Гера ағамыздың шын мәнінде қазақ ұлтының жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған нағыз патриот екені, әдебиеттегі рөлі жайында біраз мағлұматтар берілді. Кітапхананың белсенді оқырмандары М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дың студенті Сара Құлақметова мен мектеп оқушысы Дильфуза Әбділкаюмова жазушының шығармаларынан үзінділер оқыса, Айнұр Тілегенова есімді тағы бір оқырманымыз Жарасбай Нұрқанның “Біздің Бельгер” атты өлеңін жатқа айтты. 

Кеш барысында оқырмандарымыздың назарына “Тамырын терең жайған” атты кітап көрмесі мен “Үш ұлттың төл перзенті” тақырыбында әзірленген библиографиялық көрсеткіш ұсынылды. 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp