«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮШ ҰЛТТЫҢ ТӨЛ ПЕРЗЕНТІ

С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада аты әлемге мәшһүр жерлес жазушы, аудармашы, сыншы, әдебиет зерттеушісі, публицист, эссеші Герольд Бельгердің туғанына 85 жыл толуына орай “Үш ұлттың төл перзенті” деген тақырыпта портреттік кеш ұйымдастырылды. 

Біртуар азаматтың тұлғасын жан-жақты ашуды көздеген шараға М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің студенттері, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан Әскери институтының курсанттары мен оқытушылары, облыстық және қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері, кітапхана оқырмандары, “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалының тыңдаушылары белсене қатысты. Олар бұл кешке асқан ыждаҺаттылықпен дайындалғаны бірден байқалды. Әскери институттың жалпы білім беру пәндері кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты, аға лейтенант Раушан Әлжанова тума талант иесінің шығармашылығын ұзақ уақыт бойы мұқият зерделеп, оның барысында өзі де бұған дейін белгісіз болып келген біраз жайттан хабардар болғанын жеткізді. Өз баяндамасында ол Герольд Бельгердің негізінен көңіл бөлген төрт мәселесіне тоқталды. Олар: қазақтардың жік-жікке бөлінуі, кейінгі ұрпақтың өз шежіресін білу қажеттігі, тіл тазалығы, мәдениет туралы ойлары. Баяндамашы қоғам қайраткері, көркем сөз шебері қай мәселені қозғаса да, жеріне жеткізе діттегенін айрықша құрметпен баяндады.
Әскери институттың курсанттары Данила Горгуль, Ғалымжан Қолдыбай, Әлібек Әділов жазушының шығармаларынан үзінділер оқып, өз ойларымен бөлісті. Олардың айтуынша, Бельгердің шығармашылығын оқыған адамның бойынша отансүйгіштік сезім оянбай қоймайды.
Петропавлдағы гуманитарлық-техникалық колледж жанындағы Герольд Бельгер мұражай-дәрісханасының директоры Ақнұр Базарбекова мұражайдың ашылу тарихымен таныстырып, жиналғандарды экскурсияға шақырды. Сондай-ақ, жоғары оқу орындарының студенттеріне жазушының шығармашылығын зерттеуде көмек көрсетуге әрдайым әзір екенін айтты. Бұған дейін Қазақстанның Нұр-Сұлтан, Семей, Павлодар және басқа да басқа қалаларынан ізденімпаз студенттермен мұндай жұмыс жүргізу тәжірибесі бар көрінеді. Ақнұр Қаженқызы жазушының зайыбы Раиса Закирқызы оның жеке заттарын, марапаттарын, киім-кешегін, музыкалық аспаптарын Алматыдан осы мұражайға арнайы беріп жібергенін айтып, басқа еш жерде мұндай жәдігерлердің жоқтығына өкініш білдірді. Тіпті аяулы азаматтың туған ауылы Тереңсайда тұрған үйінің де сақталып қалмағанына, Алматыда бір мұражайдан ашылған бұрышта да жәдігердердің аздығына қынжылыс танытты. Одан соң даңқты жерлесіміздің әкесі Карл Бельгер фельдшер болғанын, өзінің және үш бауырының дүние есігін ашуға септігін тигізгенін әңгімелеп, көзі көрген қарапайым неміс отбасының өз ауылындағы қоңырқай ғана тіршілігінен мысалдар келтірді.
Кітапхананың қазақ тіліндегі әдебиет бөлімінің басшысы Майра Әшімова мен шараларды ұйымдастырушысы Елена Скакунова жазушының бай мұрасын саралап, көзі қарақты оқырман қауымын мазмұнды шығармаларынан сусындауға шақырды. Оның біразын қатысушылар сол жерде ұйымдастырылған “Қазақстанның нағыз патриоты” тақырыбындағы кітаптар көрмесінен көруге мүмкіндік алды. Сондай-ақ, кітапхана ұжымының көмегімен әзірленген слайдтардан да аяулы азамат жайлы мағлұмат алды.
Кеш соңында кітапханашылар шараға белсене қатысқаны үшін барлық баяндамашыларды және әскери институттың оқытушылары мен курсанттарын Алғыс хаттармен марапаттады. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp