
Жуырда Тимирязево ауылының Сәбит Мұқанов атындағы мектеп-гимназиясында жас ұрпақтың бойында рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру және патриоттық қасиеттерін сіңіру мақсатында үш ұрпақтың кездесуі өтті. Кездесуге Ауған соғысына қатысқан интернационалист-жауынгерлер Александр Галимский, Жәлел Құрмашев, Сергей Чмерук, Қайрат Сыздықов, Леонид Савраев, Азамат Көшеров және Алтай Уәйісов қатысты.
Сонымен бірге, ұрпақтар кездесуіне аудандық мәслихаттың депутаттары Антонина Габова мен Раушан Медетова, ардагерлер кеңесінің өкілдері Асқар Алғазин, Мария Шишкова, “Жерлестер” клубының жетекшісі Болат Жақин, “Ерлік” үкіметтік емес ұйымының төрағасы Қанат Қуандықов және аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің қызметкерлері, жастар бастамасы орталығының өкілдері, агротехникалық колледждің оқушылары мен жұмыс істейтін жастар шақырылды.
Мектептің 7-11-сынып оқушыларының күшімен ұйымдастырылған бұл шара әдеби-сазды жанрда өтті. Орындалған сазды композициялар экрандағы Ауған соғысы туралы әйгілі көркем фильмдердің роликтерімен қоса көрсетілді. 7 “А” сыныбының оқушылары Аружан Алғалиева мен Әмина Қабиденова “Қаза тапқан жауынгерлерге арналған әнді” орындады. Жалпы, бұл күні шырқалған әндер де, оқылған жырлар да өте көп болды. Мысалы, 10-11-сыныптың оқушылары Рүстем Дәуренов, Әлібек Мүжікенов және Ержан Қабашевтар жан тебірентерлік әндерімен жиналғандардың алғысын алды. Кездесудің соңында үш ұрпақ өкілдері естелік суретке түсті.
Асқар АЛҒАЗИН,
аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі.