«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮШ ҰРПАҚҚА ЖАЛҒАСҚАН ДӘРІГЕРЛЕР ӘУЛЕТІ

“Бабасы еккенді баласы орады” деген нақылды Петропавл қаласында тұратын Абдулмажит Айсирахуновтың отбасына қаратып айтсаң, мағынасы дөп келер. Өзі, тағдыр қосқан зайыбы Валентина Шамрай, ұлдары Ринат пен Роман, келіні Людмила да – дәрігерлер. Және бәрі де тіс дәрігерлері. Медицина – Айсирахуновтар әулетінің әрбір мүшесіне ортақ сала. Олай дейтінім, Абдулмажит Айсирахуновтың ата-анасы, ағасы да дәрігерлер екен.

Бір кісі қазған құдықтан мың кісі су ішетіні белгілі. Ырыстың бұлағы Абдулмажит Айсирахуновтың ата-анасынан бастау алған. Оның анасы Назифа Бекмұхамедова мен әкесі Мәжит Мәжитұлы елге белгілі дәрігерлер болған. Анасы – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері. Медицинада 60 жыл бойы қызмет еткен. Екінші дүниежүзілік соғыста қан майданда жаралы сарбаздарды емдеп, Жеңісті жақындатқаны үшін өз кезінде Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннен Алғыс хат та алған екен. Сан мыңдаған адамға ота жасап, өлімнен арашалап қалған анасы сол кездің өзінде ерлермен қатар иық тіресе қызмет етіп, қолына скальпель ұстаған санаулы хирургтердің бірі болды. Әкесі терапия саласының тәжірибелі маманы еді. Өмірден ерте өткен екен. Сол себепті де бар ауыртпалық анасының мойнына түскен. Ешбір қиындықтарға мойымай, балаларын да жеткізіп, мамандығын да қатар алып жүрген анасының еңбекқорлығы, талпынысы Абдулмажит пен ағасы Рашид үшін өмірлік үлгі болып қала берді. Екеуі де ата-анасының жолын жалғап, дәрігер болуды қалайды. Ағасы гинекология саласын таңдайды. Бүгіндері ол – медицина ғылымдарының кандидаты.  

Абдулмажит Айсирахунов Алматы облысында дүниеге келген. Ұлты – ұйғыр. С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін 1983 жылы тамамдаған жас маманға Алматы қаласының белді емдеу мекемелерінде өз кезінде лауазымды жұмыс орны да ұсынылған екен. Бірақ ол қызмет жолын Алатау тауларының бөктеріндегі шаһарда емес, Есілдің жағалауында орын тепкен Петропавл қаласында жалғастыруды жөн көреді.

– Достарым: “Жас маман үшін мүмкіндігі көп Алматыдай қаланы қалай тастап кеттің?” – деп әлі күнге дейін сұрайды. Марқұм анам да: “Балам-ау, барар жерің жердің қиыры ғой”, – деп айтушы еді. Маман үшін қызмет ететін жерің, орның маңызды емес деп есептедім. Жолдаманы Петропавлға бергенде еш тайсалмадым. Қайта зайыбым екеумізге де ыңғайлы болар деп ойладым. Кезінде Алматыға Петропавлдан білім қуып келген зайыбымның туған жері – Жамбыл ауданындағы Благовещенка ауылы. Оның үстіне Алматының таулы өңірі оның денсаулығына жақпады. Петропавлға алғаш келген күнім әлі есімде. Ұшақтан түсе салысымен Қызылжардың таза ауасына тәнті болғанмын. Тіпті, ауаның соншалықты тазалығынан басым айналып кеткені есімде. Бір таңғаларлығы осы жаққа келгелі темекіні бірден қойдым ғой, – дейді Абдулмажит Айсирахунов.

Жұмысқа жолдама алған екі жас дәрігер облыстық стоматология емханасына жұмысқа орналасады. Онда бірнеше жыл қатарынан жұмыс істейді. 1987 жылы облысымызда алғашқылардың бірі болып жекеменшік стоматология кабинетін ашады. Әуелде стоматологиялық шағын кабинет бүгіндері клиникаға айналып отыр. Онда өзі, зайыбы және қос ұлы табысты еңбек етуде.

Клиника облыс орталығының 20-сыншы шағынауданында орналасқан. Бұрындары жай ғана “Стоматология” деп аталған кабинеттің атауын Абдулмажит Айсирахуновтың ұлдары жуырда “Стоматология у Мажита” деп өзгерткен. Сол арқылы әкесінің атын мәңгілік етуді қалайды екен.

– “Әкеге қарап ұл өсер” дейді ғой. Мен және інім Роман екеуміз ата-анамыздың жолын қуып, дәрігер болуды қаладық. Мектепті аяқтап, мамандықты таңдау сәті келгенде екеуміздің де пікіріміз бір жерден шықты. Роман стоматологияның хирургия саласын меңгерді. Ол Астана қаласындағы мемлекеттік медициналық университетті аяқтады. Қазіргі таңда облыстық ауруханада қызмет етеді. Ал мен облыстық медициналық колледжді тіс дәрігері мамандығы бойынша тамамдадым. Ата-әжеміздің, әкеміз бен анамыздың еңбек жолы – бізге әрдайым үлгі-өнеге. Тіс дәрігері саланың өзге мамандықтарына қарағанда қарапайым көрінуі мүмкін. Несі бар, ауырған тісті жұла салуға болады. Болмаса, ойылған тісті бекіту де оңай деп ойлауы мүмкін. Бірақ шынтуайтына келгенде, тіс емдеу де медицинадағы хирургия сияқты күрделі сала. Стоматологияның өзінің терапеві, хирургі, рентгенологі, ортопеді болады. Осыған қарап-ақ саланың жүйесін жорамалдауға болады. Біз білімді жоғары оқу орнында алсақ, тәжірибемізді ата-анамыздың қасында жүріп шыңдадық. Әкеміз Петропавлдағы медициналық колледжде талай жыл еңбек етті. Ол бар білгенін жастармен бөлісуден аянып қалмайды. Өзіне қандай талап қойса, балаларына да соны орындауды міндет етіп келеді, – дейді Ринат Айсирахунов.

Дәрігерлік кәсіптері үшінші ұрпаққа дейін жалғасқан бұл әулет бәсекеге қабілетті медицина жекеменшік емдеу мекемелерінің еншісінде деп есептейді. Және осы мақсатта талмай еңбек етіп те келеді. Қазіргі таңда қаламызда жаңбырдан кейін жайқалып өсіп шығатын саңырауқұлақтарша қаптап кеткен стоматологиялық кабинеттерден оқ бойы озық тұру үшін білімдерін шыңдап, тәжірибелерін молайту үстінде. Осы орайда олар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “100 нақты қадам” Ұлт жоспарында медицина саласына қатысты: “Мемлекеттік медициналық ұйымдарды жекешелендіруді ынталандыру, мемлекеттік емес ұйымдар арқылы тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін беруді кеңейту”, – деген тапсырмасымен толықтай келіседі. Абдулмажит Айсирахунов бәсеке жоқ жерде алға ілгерілеушілік болмайды деп санайды. Десе де, әлеуметтік жағынан қорғалмаған адамдарға, зейнеткерлер мен студенттерге стоматологиялық ем тегін көрсетілетін емдеу мекемесінің болғанын қалайтынын жасырмады. Себебі, тіс емдеуді көп адамның қалтасы көтере бермейді. Ал дерт жайлаған тісті ұзақ уақыт бойы емдемесе, созылмалы ауруға ұласатыны тағы бар. Ауыз қуысының саулығы түгел ағзаға әсер етпей қоймайды.

Абдулмажит Айсирахунов 3-сыныпта оқитын Рамир есімді немересі де болашақта ата жолын жалғаса деп отыр. Сол арқылы ата-анасының салған сара жолы үзілмей, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болғанын қалайды.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp