«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰБТ-дағы ЖАҢАШЫЛДЫҚТАР

Солтүстік Қазақстан облысының түлектері маусымның 2-сі мен 5-і аралығында төрт ауысымда Ұлттық бірыңғай тест тапсырады. Сынақ Петропавл қаласы мен аудан орталықтарының сегіз орнында қабылданады. ҰБТ қазақ және орыс тілдерінде бес пән бойынша тапсырылады. Ол оқыту тіліне қарай, қазақ және орыс тілдері, математика, Қазақстан тарихы, қазақ тілінде оқытатын мектептерде орыс, орыс тілінде оқитындар қазақ тілінен, сондай-ақ, таңдаған мамандықтарына байланысты пәннен сынақтан өтеді. Таңдаған пән бойынша жинаған ұпай саны жетеуден кем болмауы тиіс. Арнайы немесе шығармашылық дайындықты қажет ететін мамандыққа түсетіндер үшін бесінші пән ерікті түрде таңдалады. Қанағаттанғысыз баға 0-ден 3 балға дейін жинағандарға қойылады. Одан жоғары балл алғандар сынақтан өткен болып саналады. Тапсырмаларды орындауға үш жарым сағат уақыт бөлінеді.

Қалыптасқан жүйеге байланысты тестік тапсырмалар базасы жаңартылған және ол таңдаған мамандықтың жиі кездесуіне негізделген. 2009-2014 жылдардағы ҰБТ-ның нәтижесіне жүргізілген талдау таңдалған пәндер арасында физика, биология және географияның жиі кездескенін байқатты. Сондықтан ҰБТ – 2015-ке арналған тесттік тапсырмалар базасы физикадан 35 пайызға, биология мен географиядан 30, дүниежүзілік тарихтан 27, химиядан 21, ағылшын тілінен 20 пайызға жаңартылды. Сонымен қатар, тесттік тапсырмалар базасы жыл сайын аз таңдалатын неміс, француз тілдері мен қазақ және орыс әдебиеттерінен 7-8 пайызға, міндетті пәндер базасы 25-30 пайызға өзгерді. Барлық сұрақтар мектеп бағдарламасы аясында құрастырылған. Тест тапсырмалары базасында барлығы 21 мыңнан астам жаңартылған сұрақтар бар, олардың үш мыңы логикалық сипатта.  

Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу ережесінің 33-тармағына сәйкес түлектердің бір-бірімен сөйлесуіне, орын ауыстыруына, емтихан материалдарымен алмасуына, көшіруге, аудиторияға тыйым салынған заттарды алып кіруіне болмайды. Сондықтан ҰБТ өткізу ережесінің 34-тармағына сәйкес биыл ондай затпен ұсталған оқушы аудиториядан шығарылып, оның жұмысы қабылданбайды.

Енді аттестатқа Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыру аясында жалпы білім беретін пәндер бойынша алған жылдық үлгерім ескеріле отырып, мемлекеттік комиссияның шешіміне сәйкес орташа арифметикалық баға қойылады. Даулы мәселе туындаған жағдайда бағаны көтеру жағына қарай дөңгелетеді. Егер ол баға 4,5 балл болса, 5 қойылады.

Түлектер енді сынақ нәтижелерін Ұлттық тестілеу орталығының сайтынан білетін болады. Ол үшін түлекке өзінің жеке сәйкестендіру нөмірі мен емтихан басталар алдында берілген тестіленушінің жеке кодын енгізу керек. Немесе нәтижелер ілінген тақтадан қарауына болады. Тек онда тегінің орнына оқушының жеке сәйкестендіру нөмірі жазылады. Ал аты-жөні, тегі жазылған тізім Ұлттық бірыңғай тестілеу аяқталған соң мектептерге беріледі.

Ерлан ӘБІЛДИНОВ,

облыстық білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp