Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы Саят Нүсіпов облыс педагогтерімен кездесті. Жиын барысында Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу тәртібі және оқу жетістіктерін сырттай бағалау шаралары жөнінде түсінік берілді. Шараға облыс мектептерінің директорлары мен әдістемелік кабинеттердің меңгерушілері, ардагер педагогтер, ата-аналар өкілдері мен оқушылар қатысты.
Елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеу жүргізіле бастаған 13 жылдың ішінде оған бір жарым миллион оқушы қатысқан. Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы Саят Нүсіповтің айтуынша, енді оқушылар Ұлттық бірыңғай тестілеу сұрақтарына дайындық барысында бұрынғыдай дата жаттаудан арылатын болады. Бүгін жаттап ертең ұмытылатын қажетсіз мәліметтердің орнына оның білімділік жағына, яғни, функционалдық сауаттылыққа баса мән беріледі.
Сондай-ақ, оқушылардың барлығын бір жерге жинамай, Ұлттық бірыңғай тест тапсыру пункттерінің санын көбейту көзделген. “Еліміз бойынша өңірлік тестілеу орталықтарын ашып, тест тапсыру компьютерлендірілетін болады. Биылғы жылы алғашқы болып Өскемен қаласында өңірлік тестілеу орталығы іске қосылады”, – деген Саят Нұрмұхамедұлы апелляциялық комиссияның құрамына жоғары оқу орындарының ғалымдарын да енгізу көзделіп отырғанын айтты.
Облыстық білім және ғылым саласындағы бақылау департаментінің басшысы Ерлан Әбілдинов өткен жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесін өзге өңірлермен салыстыра отырып, талқылады. Қол жеткізген жетістіктер мен орын алған кемшіліктерді атап өтті. Алдағы Ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде олқылықтарға жол бермеу керектігін ескертті.
Оқу жетістіктерін сырттай бағалау елімізде 2012 жылдан бастап енгізіліп бір жарым мың оқушы қамтылған. Аталмыш шара 2016 жылы Қазақстан Республикасының “Білім туралы” Заңына енгізілген өзгертулер бойынша жүргізілетін болады. Ол жөнінде облыстық білім және ғылым саласындағы бақылау департаментінің бөлім басшысы Татьяна Гапчич хабардар етті. 2016 жылы оқу жетістіктерін сырттай бағалауға жалпы білім беретін мектептердің 4-ші және 9-шы сынып оқушылары қатысады. Оған қандай мектептер қатысатыны жөнінде наурыз айында белгілі болады. Сырттай бағалаудан өтетін 4-сынып оқушылары математика мен әдебиет бойынша білімдерін сынайды. Әр пәннен 30 сұрақтан беріледі.
9-сынып оқушыларына екі пән бойынша 60 тапсырмаға 2 сағат 10 минут уақыт бөлінеді. Оның 20 сұрағы (40 мин.) міндетті түрде қазақ тілінен болады. Басқа пәннен 40 тапсырманы 90 минутта орындауы тиіс. Екінші пән кездейсоқ таңдалады. Соның ішінде 5 тапсырма оқу машығына байланысты болады.
Жиында педагогтер өздерін қызықтырған сауалдарға жауап алды.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.