«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰБТ-НІҢ НӘТИЖЕСІ БЫЛТЫРҒЫДАН СӘЛ-ПӘЛ ЖАҚСЫ

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің бекіткен кестесі бойынша елімізде маусымның 3-і мен 6-сы аралығында Ұлттық бірыңғай тестілеу өтті. Облыс бойынша мектепті бітірген 4058 оқушының 2411-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, білімдерін сынады. Облыс бойынша ең жоғары – 120 ұпайға Тимирязев ауданындағы мектеп-гимназияның түлегі Әлия Байжанова ие болды. 

Үш кезеңдік тестілеу қорытындысы бойынша “Алтын белгіден” үміткер 128 оқушының 32-сі өз білімдерін толығымен дәлелдеді. “Үздік аттестаттан” үміткер 78 оқушының 31-і лайықты білім көрсетті.

Облыс орталығындағы орташа балл көрсеткіші 80,94-ті құраса, ал аудандық білім бөлімдерінің арасында орташа ұпай көрсеткіштері бойынша Уәлиханов (82,87), Тимирязев (80,25), Аққайың (79,68) аудандары алдыңғы орындарға шыққан. 71,82 ұпай көрсеткішімен Мағжан Жұмабаев ауданы көш соңында.

Үш кезең бойынша түлектер 118 рет апелляцияға жүгінген. Ал Манаш Қозыбаев атындағы СҚМУ-де тест тапсырған оқушылар республикалық апелляцияға 20 өтініш жіберіп, оның екеуі ғана қанағаттандырылды. Дегенмен, биыл Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі өткен жылмен салыстырғанда сәл жоғары екенін аңғаруға болады. Яғни, 2013 жылы 77,4 ұпай болса, үстіміздегі жылы 77,84 балды құрады.

Облыстық Білім басқармасы өкілдері тест тапсыру барысында ешқандай заң бұзушылыққа жол берілмегенін алға тартуда .

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp