Санаулы күндерден соң кезекті оқу жылы аяқталады. Алайда, әлемді жайлаған қауіпті індеттің салдарынан биылғы оқу жылы әдеттегіге қарағанда, өзгешелеу аяқталатыны анық. Әсіресе, Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты сұрақтар көп туындауда. Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова үлкен өмірге қанат қаққалы отырған түлектер аталмыш тестілеуді қалай тапсыратынын түсіндірді.
Былтырдан бері Ұлттық бірыңғай тестілеу жылына төрт рет өткізілетіні белгілі. Мектеп түлектері қаңтар, наурыз, маусым және тамыз айларында тест тапсырады. Үстіміздегі жылы қаңтарда өткен тестілеуге 2023 оқушы қатысып, олардың он екісі ғана болашақта қайда оқитындығын анықтаған. Ал наурыз айында өтетін тестілеу жарияланған төтенше жағдайдың салдарынан кейінге қалдырылған болатын. Бұл сынақ пандемия аяқталған кезде міндетті түрде өткізіледі. Ал маусымдағы тестілеу, алдын ала болжам бойынша, 20 маусым – 5 шілде аралығында өтеді деп күтілуде. Тамыз айында өтетін тестілеуде маусымдағыға белгілі бір себептермен қатыса алмаған не болмаса тиісті ұпай жинай алмағандар бақ сынайды. 20 сәуірден бастап маусым айындағы тестілеуге қатысу үшін онлайн өтініш қабылдана бастады.
– Оқушылар онлайн өтінішті “Digital ID” электронды жүйесі арқылы береді. Бұған электронды сандық қолтаңбаның немесе “egov”-қа да тіркелудің қажеті жоқ. Қазіргі таңда түлектер жас ерекшеліктеріне қарай 18 жасқа толғандар мен толмағандар болып екі топқа бөлінді. 18 жасқа толмаған түлектер үшін өтінішті ата-анасы немесе заңды өкілі беруі тиіс. Бүгінгі таңда 1500 түлек өтініш берді. Жоғары оқу орнына түскісі келетін түлектердің 10 мамырға дейін уақыты бар, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова.
Үстіміздегі жылы мектеп қабырғасынан 3275 түлек қанат қақпақ. Олардың тестілеуге тыңғылықты дайындалуы үшін Ұлттық тестілеу орталығының сайтында тесттің 70 нұсқасы жарияланды. Қазір түлектер сол бойынша білімдерін саралауда. Сонымен қатар төртінші тоқсанның бағдарламасы бойынша сұрақтар тестілеуге енгізілмейтін болды.
Қазіргі таңда Ұлттық бірыңғай тестілеуді жоғары деңгейде өткізу, қауіпсіздікті сақтау үшін тиісті дайындық жұмыстары жүргізілуде. Облыс бойынша тестілеу жеті жерде өтеді.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.
Сурет: https://www.nege.kz/