«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰБТ-ға ДАЙЫНДЫҚ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің орын алуына жол бермеу, жалпы білім беретін мектеп түлектерінің қорытынды аттестаттауын сапалы ұйымдастыру мәселелері Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары – Тәртіптік кеңестің төрағасы Әділбек Мұқашев өткізген ведомствоаралық семинар-кеңесте қаралды.

“Қоғамымыздың барлық салаларында жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу және оған жол бермеу – департамент қызметінің басты бағыты”, – деген Әділбек Мұқашев ондай келеңсіздіктер білім саласында, соның ішінде Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізу барысында да кездесетінін айтты. Жиында Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшелері “Сыйбайлас жемқорлыққа қарсы күрес” заңын басшылыққа алуы тиіс екендігі ескертілді. Мәселен, баласы Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырып жатқан пунктте оның ата-анасы комиссия мүшесі болуға тиіс емес. Мұндай жағдайлар орын алса, ол сыбайлас жемқорлық әрекеттердің көрінісі түрінде қарастырылады. Осы жағдайларға аса мұқият болу керектігі баса айтылды.  

Білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Ерлан Әбілдинов: “Үстіміздегі жылы облыс бойынша 8 Ұлттық бірыңғай тестілеу пункті жұмыс істейді. Оларда құрылған мемлекеттік комиссия мүшелері ҰБТ-ның өз деңгейінде өтуін қадағалап, дайындығын ұйымдастырады. Биыл мектеп бітіретін 3737 түлектің 2531-і (жалпы түлектер санының 67,8 пайызы) маусымның 2-сі мен 5-сі аралығында тестілеуден өтеді”, – деді.

Ұлттық бірыңғай тестілеу жүріп жатқан кезде түлектердің бір-бірімен сөйлесуіне, орын ауыстыруына, емтихан материалдарымен алмасуына, көшіруге, аудиторияға тыйым салынған заттарды алып кіруіне болмайды. Өткен жылы облыс бойынша ҰБТ тапсыру кезінде 500-ге жуық тыйым салынған зат алынып, Уәлиханов ауданының бір оқушысы сынақтан шеттетілген. Биыл ондай затпен ұсталған оқушы аудиториядан шығарылып, оның жұмысы қабылданбайды. Сондықтан оған жол бермеу жағы ескеріліп, әр мектепте тағы да түсінік жұмыстарын жүргізу керектігі тапсырылды.

“Ұлттық бірыңғай тестілеу – ұстаздар үшін әдеттегі жағдай болса, түлектер мен ата-аналар үшін алғашқы рет өтетін шара. Сондықтан “ҰБТ-ға отбасымен бірге!” акциясы аясында әр оқушымен, олардың ата-аналарымен түсінік жұмыстарын жүргізіп, дайындау қажет”, – деген облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Каринова сынақ өтіп жатқан кезде білім бөлімі басшылары, сынып жетекшілері тестілеу пункттерінен кетпей, соңына дейін оқушылармен бірге болуын тапсырды. Сондай-ақ, ұстаздардың министрліктің алдына қойып жүрген мәселесі биыл шешімін тауып, жаңа ережеге сәйкес тестілік пәндер бойынша орташа арифметикалық мән енгізілгені, ол баға түрінде аттестатқа қойылатыны айтылды. Тест нәтижесі түлектердің жеке сәйкестендіру нөмірі және тестіленушінің жеке коды бойынша Ұлттық тестілеу орталығының сайтына шығады.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp