“Білім” атты асқарға қанат сермеген түлектердің бабы мен бағы қатар сыналған Ұлттық бірыңғай тестілеу біздің өңірімізде де аяқталды. Сыңғырлаған соңғы қоңыраудың үнімен үлкен өмір жолына қадам басқан 3733 түлектің 2531-і білім бәйгесінің сындарлы сынағынан өтті.
Біз Петропавлдағы М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде орналасқан тестілеу орталығында болған едік. Тағатсызданған ата-аналардың, еңбегімді ақтап шықса екен деп тілеген ұстаздардың, тосыннан тап болған сұрақтарға дұрыс жауап бере алдым ба деп үміт пен күдіктің ортасында ойға батқан түлектердің түрлі жағдайларын білдік.
Облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Каринованың айтуынша, тестілеудің қорытындысы бойынша отыз жеті түлек – “Алтын белгіге”, он жеті талапкер үздік аттестатқа ие болды. Түлектердің қол жеткізген оң нәтижелері бойынша Петропавлдағы қазақ-түрік лицейі, Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернат және “Лорд” лицейі алғашқы орындарда тұр.
Өту ұпайына қол жеткізе алмағандар да бар. Алайда, облыстық білім басқармасының мамандарына хабарласқанымызда ондайлардың бар екенін жоққа шығармағанмен, атын атап, түсін түстемеді.
Ең жоғары балл алып, білімнің биігіне құлаш сермеген бірқатар өңір өрендерін әңгімеге тартқан едік.
Ұлпан ЖҮСІПОВА, Петропавлдағы қазақ-түрік лицейінің түлегі, “Алтын белгі” иегері:
– ҰБТ үміткердің білімін сарапқа салатын сындарлы сынақтардың бірі әрі болашағың осы бір тестілеу қорытындысымен тікелей байланысты болған соң, жыл бойы ерекше іздендім, дайындалдым. Өзіме қатаң талап қойдым. Тіпті, күн тәртібімді жазып, бөлмемнің қабырғасына іліп қоюыма да тура келді. Математика пәні қиын да күрделі болған соң, ата-анам репититор жалдап, көмектесті. Нәтижесінде, жүз жиырма ұпайға қол жеткіздім. Бұл – мен үшін де, туыстарым мен ұстаздарым үшін де үлкен қуаныш. Таңдап отырған мамандығым – хореография факультеті. Астанадағы Қазақ Ұлттық өнер университетінде оқуды мақсат етіп отырмын. Тоғыз жылдан бері би өнерімен айналысамын. Аталмыш саланы жете меңгеріп қана қоймай, еліміздегі мәдениет саласының дамуына атсалысқым келеді.
Гауһар КҮДЕРБЕКОВА, Петропавлдағы қазақ-түрік лицейінің түлегі, “Үздік аттестат” иегері:
– Менің бағыма 119 бал бұйырды. Таңдаған мамандығым – халықаралық қатынастар. Яғни, болашақта елшілікте жұмыс істегім келеді. Ағылшын тілін жақсы білемін. Үстіміздегі жылдың наурыз айында елордадағы Назарбаев Университетіне түсу үшін сынақ тапсырған едім. Қорытындысы шілде айында шығады. Негізі қаланғанына аз ғана уақыт болған аталмыш оқу орнында білім алуды жөн санаймын. Өйткені, ондағы білімнің сапасы шетелдердегі беделді білім ордаларынан кем түспейтіні анық. Жолым болмай жатса, Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде оқимын. Мен үшін басты нәрсе – әлем тілдерін меңгеру. Соған күш салудамын.
Мәдина ҚАЛКЕНОВА, Петропавлдағы Әбу Досмұхамбетов атындағы гимназия- интернаттың түлегі:
– Мен ҰБТ-да 117 бал жинадым. Маған берілген тест кітапшасының сұрақтарымен таныса бере, жыл бойы тапсырған тәжірибелік тест тапсырмаларының көбінің жаңартылып, түрлі формаға енгендігін аңғардым. Тіпті, санамда жатталған, сақталған сауалдардың бірі де кездеспеді.
Еліміздегі жоғары білім беретін оқу орындарының көбінде кездесе бермейтін шығыстану мамандығын таңдадым. Әзірге қай университетке баратынымды шешкен жоқпын. Оның үстіне, алдағы тамыз айында өтетін “IELTS” халықаралық емтиханына дайындық үстіндемін. Бағым жанып, сынақтан сүрінбей өтсем, Англиядағы университеттердің бірінде оқитын боламын. Ағылшын және француз тілдерін меңгерудемін.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.