Өңірдегі су тасқыны жағдайы облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің ұдайы бақылауында. Департамент басшылары мен мамандары елді мекендерге төніп тұрған қауіп деңгейін анықтап, қажет болған жағдайда жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп дер кезінде алдын алу шараларын қолдану үшін аудандарды аралауда.
Осыған орай департамент бастығының жаңадан тағайындалған орынбасары майор Игорь Жуков су тасқынына ұшырау қаупі бар Айыртау, Есіл, Тимирязев, Шал ақын және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардың елді мекендерін аралады. Түркістан облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының орынбасары болып тағайындалған, бұған дейін өңірімізде табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мәселелеріне жетекшілік еткен подполковник Ерік Сарыбаев өз орнын басқан Игорь Жуковты су тасқынының алдын алу бағытында жүргізіліп жатқан іс-шаралармен таныстырды.
Сапар барысында офицерлер облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің және өрт сөндіру бөлімдеріне барып, жеке құраммен танысты. Олардың қызметтік-әскери тәртібін, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын бағалады, техника мен қару-жарақтың, соның ішінде су тасқынына қарсы іс-шараларға дайындығын тексерді.
Жұмыс сапарының соңында департамент бастығының орынбасары аудандық әкімдіктердің өкілдеріне су тасқынының алдын алу іс-шараларына тиісті бақылауды қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар берді.
Мұрат ҚАНҒОЖИНОВ,
облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бөлім бастығы,
майор.