«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЖЫМНЫҢ ҰЙЫТҚЫСЫ

“Мұғалімі қандай болса – мектебі де сондай болмақ”, – деп Алаштың ардақтысы Ахмет Байтұрсынов айтқандай, біздің мектебімізді “Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері”, “Ыбырай Алтынсарин” төсбелгілерінің және “Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл” мерейтойлық медалінің иегері Жылқыбай Сүлейменов басқарады.

Ұлттық мүдде, ауыл мектебі туралы салиқалы ойларын Жылқыбай Нұраханұлы өз ұжымының ұлағатты істерімен байланыстырады. Мектептің оқу-тәрбие жұмысымен қатар арнайы кабинеттермен жабдықталуы, жылу жүйесінің толық жөндеуден өтуі, Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша жыл сайын алдыңғы орындардан көрінуі, оқушылар мен мұғалімдердің олимпиадалар мен байқаулардағы жетістіктері – басшы қызметінің көрсеткіші.

Еңбек жолын бастауыш сынып мұғалімі болып бастаған Жылқыбай Нұраханұлы 34 жылдан бері басшылық тізгінін ұстап келеді. Ұжымда беделді, ата-аналар мен оқушылар арасында сыйлы, іскер азамат. Осы беделінің арқасында аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланды.

Бүгінде Астрахан орта мектебінде 130 оқушыға 29 ұстаз сапалы білім беруде. Жылқыбай Нұраханұлының мұғалімдерге қоятын биік талабының арқасында қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Айым Қамырова, домбыра үйірмесінің жетекшісі Серік Күлшіков, тарих пәнінің мұғалімі Ақзат Хамзина, ұйымдастырушы Жанна Күлшікова, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Амангелді Нұрышов ұстаздар арасында өткен облыстық байқаулардың жеңімпаздары атанды. Әріптесіміз Айым Қамырова – облыстық “Үздік мұғалім”, “Жүзден жүйрік” байқауларының жеңімпазы. Республикалық “Тіл мерейі” байқауында облысымыздың намысын қорғап, “Қазақ тілінің үздік мұғалімі” атағын иеленді. Кітапханашымыз Татьяна Дите – облыстық кітапханашылар байқауының жүлдегері.

“Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені, мұғалім – мектептің жүрегі” деген ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің ұлағатын басшылыққа алған директорымыз ұжымға көп көңіл бөледі. Шәкірт жүрегіне білім нұрын құйып, ұлағатты тәрбие беретін бірінші және жоғары санаттағы ұстаздар Қалима Ырсаева, Әлия Бердалина, Гүлжамал Жуасбаева, Сәбира Ералина, Гүлім Нұрышова, Айман Жарғақова, Татьяна Попова, Қайдар Байкенов, Надежда Шлегель, Ботагөз Сүлейменова, Гүлден Дроб – мектебіміздің мақтанышы.

Оқу мен тәрбие егіз, сондықтан педагогикалық ұжым мектептің оқу-тәрбие үдерісіне жаңаша мазмұн беріп, жан-жақты дамыған, жеке тұлғаны тәрбиелеуде тынымсыз еңбек етеді. Ұстаздар тәрбие мен білімді ұштастырып, шығармашылықпен жұмыс істейді. Мектебімізден әр жылдары ұшқан түлектеріміз – осы нәтижелі жұмысымыздың жемісі. Мәселен, Жәнібек Әбілмәжінов – қазақ тілінен облыстық “Мұрагер” олимпиадасының жүлдегері, Әділ Дуанбай – “Алтын белгі” иегері, Дима Веселов облыстық “Махамбет оқуларының” бірнеше мәрте жүлдегері. Тамара Кокорская қазақ тілі пәнінен “Жарқын болашақ” олимпиадасының, “Тіл – парасат”, “Тіл – татулық тірегі” байқауларының жүлдегері. Бұлардан басқа оқушыларымыздың жетістіктерімен де мақтана аламыз.

Әріптестері арасында құрметке бөленген Жылқыбай Нұраханұлы – отбасында сыйлы жар, ұл-қызына ардақты әке, немерелеріне сүйікті ата. Ұстаздар ұжымы Жылқыбай Сүлейменовтің жетекшілігімен жас ұрпақты нағыз елін сүйер ұлан етіп тәрбиелеуге өз үлесін қоса бермек. Мектебіміздің ұстаздар қауымы әрқашан білімнің шырағын сөндірмей, бәсекеге қабілетті шәкірттерімен биіктен көріне беретініне сеніміміз мол.

Болат ЖУАСБАЕВ,

Астрахан орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары.

Аққайың ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp