«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЖЫМ МАҚТАНЫШЫ

Бүгінде медицинаның мүмкіндігі кеңеюде. Емдеу мекемелерінде түрлі тексерулер нәтижесінде кез келген ауруды дәл анықтау деңгейі артты. Мәселен, облыстық онкологиялық диспансерде Күнсұлу Абабаева жетекшілік ететін патогистологиялық зертханада заманауи құралдардың көмегімен қатерлі ісік ауруларына диагностика жасалады. Өз міндетін жауапкершілікпен атқаратын Күнсұлу Айтмұхамбетқызы сияқты мамандығына адал жандардың тынымсыз еңбегі де емдеу саласының алға басуына сеп. Отыз жылдан бері денсаулық сақтау саласында қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан дәрігер мамандық таңдауда қателеспегенін айтады.

– Мен Мағжан Жұмабаев ауданына қарасты Қоскөл ауылында дүниеге келдім. Дәрігер болу арманым еді. Кейін мектепті тамамдаған соң Қарағанды медициналық институтының емдеу ісі факультетіне оқуға түстім. Біз білім алған өткен ғасырдың 80-ші жылдары түрлі қиындықтарымен есте қалды емес пе? Мамандықты жақсы көргеніміз соншалық, жанымыз жабырқап, көңіліміз жүдеген жоқ. Бастысы, ертеңгі күнге деген сенім алға жетеледі, – деп өткен күндердің естелігімен бөлісті.
Кейіпкеріміз – медицина саласының ыстығына күйіп, суығына төзіп келе жатқан білікті дәрігерлердің бірі. Бірі емес, бірегейі десек те қателеспейміз. Өйткені, облыстық онкологиялық диспансердің ең жауапты бөлімшесіне жетекшілік ететін ол – қатерлі ісік ауруларына патогистологиялық зерттеу жүргізетін санаулы мамандардың бірі.
Күнсұлу Айтмұхамбетқызы еңбек жолын Булаев аудандық ауруханасынан бастаған. Аталмыш емдеу мекемесінде патогистологиялық зертхана 2008 жылы ашылғаннан мыңдаған адамның ауруын анықтаған. Сырқатқа тиісті ем тағайындау зертханалық тексеру қорытындысына байланысты. Сондықтан қателесуге болмайды. Онкологиялық ауруларды диагностикалау үшін экспресс-гистологиялық, аутопсия, иммуногистологиялық зерттеулер жүргізіледі. Яғни, пайда болған өскіннің қатері мен олардың гистогенезі, ісік жасушаларының құрылымы мен функционалды дәрежесін анықтауда Күнсұлу Абабаева өз міндетін мүлтіксіз атқаруда.
– Зертханалық бөлімше 2017 жылы заманауи құралдармен жабдықталды. Бұрын науқастар зерттеу қорытындысын бірнеше күн күтетін. Шетелдік диагностикалық кешендердің арқасында қазір уақытты тиімді жұмсаудамыз. Зертханашының жұмысы да жеңілдеді. Дегенмен, бізге келетін науқастар саны аз емес. Жыл өткен сайын олардың қатары көбеюде. Мәселен, өткен жылы 24 мың зерттеу жүргіздік. Жыл басынан бері 4 мың сараптама қорытындысын шығардық, – дей келе білікті маман сараптама жасауда түрлі қиындықтарға тап болатынын жасырмады. Оның айтуынша, кейде зертханаға жіберілген биологиялық материал жарамсыз болады. Ал одан ісікті анықтау қиын. Сондықтан әр сараптаманы мұқият тексеретін онкомарфологтың жұмысы қауырт әрі қатерлі. Мамандығына адалдығы соншалық, таңнан кешке дейін тынымсыз еңбек етіп, демалыс күндері де жұмыс орнынан табылатын білікті маманды ұжым да ерекше құрметтейді. Абырой мен биік беделге ие меңгеруші бөлімшеде жұмыс істейтін дәрігер Ләззат Аралтайқызы мен Жұлдыз Хабдулина, Саягүл Шәриева сынды зертханашылардың еңбегін ерекше атап өтті.
Дәрігер біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, өзге өңірлердегі әріптестерімен тәжірибе алмасып, халықаралық жиындарға қатысып тұрады. Мәселен, ол бертінде Нидерланды, Испания, Франция елдерінде білімін жетілдірді.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp