Келешек ұрпақтарының бақытты да жарқын болашағы үшін қан майданда жан аямай күрескен қос бірдей соғыс ардагері мерейтойларын атап өтті.
Қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы Сара Тасеменова бастаған соғыс ардагерлері 95 жасқа келген майдангер, “Александр Невский” орденінің иегері Анатолий Гершуновтың үйінде болды.
Ол 1940 жылы он тоғыз жасында Петропавл қалалық әскери комиссариатынан Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған. Кейін соғыс басталғанда Минскінің танк училищесін кіші командир шенінде тамамдап шығады да, 1942 жылы 31-ші армияның құрамында Батыс майданға жіберіледі. Ардагер 213-ші танк бригадасына байланысшы офицер болып тағайындалып, аталмыш топтың құрамында соғыстың аяғына дейін майдан шебінде болады. Соғыстан кейін Анатолий Иванович Қарулы Күштер қатарындағы қызметін одан әрі жалғастырды. Германияға, одан кейін Закавказье әскери округіне қызметке жіберілген, 1961 жылы полковник шенімен құрметті демалысқа шыққан. Алайда, ол зейнеткерлікке шықса да, қаланың қоғамдық өмірінен қол үзбей, оған белсене қатысты.
Қалалық ардагерлер кеңесінің басшылығы және “Есіл су” республикалық мемлекеттік кәсіпорны филиалының өкілдері 90 жасқа толған соғыс ардагері Василий Макиенконы да мерейтойымен құттықтады.
Әскер қатарына 1943 жылы 17 жасында шақыртылған Василий Макиенко үшінші Беларусь майданында атқыштар полкінде жаумен айқасқан. Атқыштар бөлімінің командирі, гвардия старшинасы Жеңісті Кенигсберг қаласында қарсы алады. Елге соғыстан кейін жеті жыл өткен соң ғана оралған Василий Макиенко бейбіт өмірдегі қызметін аудандық әскери комиссариаттан бастаған. Ал соңғы жылдары облыс орталығындағы “Есіл су” республикалық мемлекеттік кәсіпорны филиалында қызмет атқарған.
Көрсетілген құрметке көңілдері босаған ақ самайлы ардагерлер қонақтарға ризашылықтарын білдіріп, елге тыныштық тіледі.
Амангелді ҒАЗЕЗОВ,
Петропавл қалалық ардагерлер кеңесі
төрайымының
орынбасары.