
Ғабит Мүсірепов – экономикалық әлеуеті, жер көлемі, халқының саны жағынан өңірдегі ірі аудандардың бірі. Облыс орталығынан шалғайда орналасқандықтан, мәртебелі қонақтар, лауазым иелері ат ізін көп сала бермейді. “Ауыл” партиясы облыстық филиалының төрағасы Темірғали Әбілмәжіновтің ұсынысымен жолдың көктайғақтығына, екілене соққан желдің елірген екпініне қарамай атақты жерлесіміз атындағы алыс ауданға жолсапарға шыққан едік.
Үш ауданнан енші алған
1997 жылы бұрынғы Көкшетау облысының құрамында болған Рузаев, Куйбышев және Чистополье аудандары біріктіріліп, 2002 жылы қазақтың классик жазушысы Ғабит Мүсіреповтің туғанына 100 жыл толуына орай жаңа ауданға зергер қаламгердің есімі беріліпті. Оған дейін “Целинный” деп аталған екен. Бұл аумаққа тың көтерушілер көп келіп, тұрақтағанын ауыл-селолардың атауынан-ақ анық байқауға болады (Ставрополье, Целинный, Червонный, т.т.). Аудан орталығы Новоишимка Қызылжардан 270 шақырымдай жерде орналасқан. Тұрғындарының негізі орыстілді болғандықтан, қай салада болмасын ресми тілдің үстемдігі білініп-ақ тұр. 43 мектептің жетеуі ғана қазақша, оған қоса 2-3 аралас мектеп бар. 42 мыңдай халықтың үштен бірі – өзіміздің ағайындар. Атын алғанымен, ауданда Ғабеңе не алаң, не көше берілмеген. Ескерткіш түгіл, ырымға бір мүсін де қойылмапты. 120 жылдық мерейтойына орайластырып кешенді іс-шаралар жоспарына енгіземіз деген уәделері көңілге медеу. Аудан әкімі Ағзам Тастеміровтің іскер басшы екенін білетінбіз. Бұған дейін Ақжар ауданында әкім болған. Адамгершілігі мол азаматтың мұнда ауысқанына әлі бір жыл тола қоймаған екен.
Аудан аумағында қазақтың от ауызды, орақ тілді шешені, атақты тұлға Тоқсан би өмір сүрген. Тың көтеру жылдарында бой көтерген Западное ауылының маңында бабамыздың қыстауы орналасқан. Қабірі де осы жерде. Осындайда “жақсының артында із қалады” деген тәмсіл ойға еріксіз оралады. Өңірде ұзақ жылдар бойы облыстық соттың төрағасы қызметін атқарған білікті, білімді азамат Бекет Тұрғараев Тоқсан биді жан-жақты зерттеген “Асыл мұра” орталығының мүшелері Социал Жұмабаев пен Қайролла Мұқанов ақсақалдардың бастамасын қолдап, бидің қадірін, ұрпаққа үлгі боларлық ісін тереңнен танып, зиратына кесене орнатқызып, ауылға, Петропавл қаласындағы бір көшеге атын бергізуге өлшеусіз үлес қосқан еді. Қалай риза болмассың? Қалтасы мен қамбасын толтыруды ғана ойлайтын шенеуніктер осыдан үлгі алса, қанеки?!
Осы ауданда туған тағы бір айтулы азамат – мемлекет және қоғам қайраткері Еркін Әуелбеков. Сөйлескен адамдарымыздың қай-қайсысы болсын оның есімін ерекше құрметпен еске алып жатты. Осындай біртуар тұлғаларымыз ардақталып жатса, ауданның рухани жаңғыруына қосылған үлес болар еді.
Аудан экономикасының нығайып, әлеуетінің артуына айшықты із қалдырған ауыл шаруашылығы құрылымдары мұнда аз емес. Олардың жоғары табысының басты ерекшелігі – сырттан келген инвестордың күшімен емес, бұрынғы кеңестік құрылымдарды ұстап қалып, дамытудың арқасында ерен жетістіктерге қол жеткізгені. Содан болар, аудан халқының тұрмысы жақсы, бақуатты тұрады. Сондай кәсіпорындардың бірі – “Целинный” ЖШС-іне жолымыз түсті.
Іргелі шаруашылықта бәрі бар
“Целинный” деген атынан белгілі болып тұрғанындай, бұл ауыл тың көтеру жылдарында құрылған. Аудан орталығынан 100 шақырымдай жерде, облыстың ең батыс шетін ала орналасқан. Еліміз тәуелсіздік алған жылдарға дейін осы аттас кеңшар болған. Осыдан тура 25 жыл бұрын оны басқаруға жас маман Серік Ыбыраев тағайындалады. Бұл “кеңшарларды жаппай таратыңдар, оның орнына бірнеше фермерлік шаруашылық құрыңдар” деген талаптың кәріне мінген кезі болатын. “30 мың гектар жері бар кеңшардың таратылмағаны қалай, күні ертең жер пайы мен мүлік пайының есебіне кеңшарды тарат”, – деп аудан басшылары директорды жаналқымға алып, бидайша қуырады. Оған да көнбеген соң әкімқаралар тайлы-тұяғымен келіп, халықпен жиналыс өткізіп, өкіметтің саясаты шағын қожалықтар құру екенін, оның тиімді болатынын түсіндіреді. Сонда жас директор орнынан тұрып: “Тарат десеңіздер таратып-ақ жібереміз. Бірақ олай етсек, егін де еге алмаймыз, мал да өсіре алмаймыз. Біздің күшіміз бірлікте екенін ұмытпайық”, – дейді. Оның сөзін ауылдастары түгел қолдап, шаруашылықты таратпаймыз деген шешімге келеді. Ығай мен сығайлар кеңшарды тарата алмағандарына ыза болып, күшке сала бастаған екен, директор: “Сіздер өздеріңіз шешіңіздер деген жоқ па едіңіздер? Енді біздің шешімімізді неге бұзғыларыңыз келеді?” – дегенде аналардың аузына құм құйылады.
Содан бері бұрынғы “Целинный” кеңшары дербес өмір сүріп келеді. Серік Ыбыраев 3-4 жылдай Жамбыл ауданына әкім болған соң өз қолымен құрған шаруашылыққа қайта оралған. Әрине, алғашқы дағдарыс жылдарында оңай болған жоқ. Бірақ директордың ұйымдастырушылығы мен іскерлігінің арқасында агроқұрылымның түтіні түзу ұшып, дамудың даңғыл жолына түсті. Секеңнің еңбегі ақталып, “Құрмет” орденін кеудеге жарқырата тақты.
“Целинное – 2004” ЖШС-і болып қайта құрылған шаруашылық бүгінде озаттар сапында. Машина-трактор паркін жаңғыртып, олардың қатарында 16 бельгиялық “Ньюхолонд” комбайны сап түзеген. Күзгі ораққа 23 рет қатысты дегенге сену қиын. Жап-жаңа, жарқырап тұр. Бокста бұлардан басқа 570 ат күші бар америкалық 9 “Челленджер” тракторы, екі “Вектор” комбайны тұр. Олармен қатарлас “Морис”, “Бурго”, “Джон-Дир” сияқты кешендер, 23 “Кировец”, 10 “МТЗ”, т.б. техникалар қойылған. Не керек, серіктестікте барлығы 3,5 млрд. теңгенің техникасы шоғырланған. Механизаторлар, темір жонушылар, слесарьлар – бәрі көктемгі егіске дайындыққа қызу кірісіп кеткен. Темір жонушы Виктор Москалов қаңтар айында 370 мың теңге еңбекақы алыпты. Механизатор Олег Белоусов үйінің орталық жылу жүйесіне қосылғанын, судың тартылғанын, қаладағылардан кем тұрмайтынын мақтанышпен әңгімеледі.
Серіктестіктің иелігінде 36244 гектар жер бар. Оның 5896 гектарына зығыр, 16000 гектарына бидайдың қатты, жұмсақ сұрыптары, 5087 гектарына арпа өсіріледі. Былтыр гектар берекелігі 14,5 центнерден айналыпты. 7 мың гектардай танап парға қалдырылады. Астық тұқымдары толық тазаланған. Осында бір қызық жайдың куәсі болдық. Ескі “КамАЗ”-дарды жөндеумен төрт шебер айналысып жатыр екен. Сөйтсе, олар осы көліктердің жүргізушілері болып шықты. “Өз қолдарымен жөндеген “темір тұлпарлардың” шығыны әрі кетсе, 4-5 млн. теңге ғана. Жаңасы кемі 25 млн. теңге тұрады”, – дейді директордың орынбасары Мулланур Ғадулов.
Көшушілер жоқ, көңіл тоқ
Мұнда көшіп кетушілер жоқтың қасы, жұмыс күші толық. Әрине, жұмысшы мамандарының жетіңкіремейтіні рас. Әсіресе, темір жонушы, слесарь тапшы. “Қазіргілер жасамыс адамдар, ертең зейнетке кетсе, олардың орнын басатын ізбасарлар таба алмай қаламыз ба деп алаңдаймыз”, – дейді директордың тағы бір орынбасары Анатолий Талебин.
Ауылда 200-ден артық түтін болса, 70 пайыздайы орталық жылу қазандығына қосылған. Оны жылытуға сабан пайдаланылады. Бұрын бір жылыту маусымына 30 мың тонна көмір жағылса, қазір толықтай астық қалдықтары кәдеге жаратылады. Әрі үнемді, әрі экологиялық жағынан таза. Ауылдың үстінен көмірдің қара түтіні будақтап жатпайды. Таза ауызсу да үйлерге дейін тартылған. Жерасты “тіршілік көзінің” сапасы жоғары екендігін сараптама көрсетіп беріпті. Енді ауылға тасымалмен газ да келіп жатқан көрінеді. Ол үшін арнайы цистерна орнатылған. “Барлық техникаларды газға көшіруді ойластырып отырмыз”, – дейді серіктестік басшысы.
Ауылды аралағанда көзге бірден шалынатыны – наубайхана. Қызыл күрең бөлкелердің иісі бұрқырап, тәбетіңді ашып жібереді екен. Күніне 400-500 бөлке нан пісіріліп, 60 теңгеден сатылады. Басшылық мектепті жөндеп, терезелерін ауыстырып беріпті. Оқушылар бір мезгіл тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Өткен оқу жылында осы мақсатқа 3 млн. теңге бөлінсе, биыл қарастырылған қаржы тіпті қомақты. Қазақ тілі пәні бойынша “үздік сынып”, “үздік оқушы” аталымдарына конкурс жарияланыпты. Жеңімпаздарға еліміздің қалаларына экскурсия жасауға мүмкіндік берілген. Сол сияқты балабақшаның шығындарын да агроқұрылым өтейді. Ата-аналар айына 3 мың теңге ғана төлейді.
“Біз пайға астықпен қатар материалдық көмек ретінде 743 тонна шөп пен 195 тонна сабан бөліп, әр үйге дейін жеткізіп бердік”, – дейді Анатолий Талебин. Жұмысшылардың тегін тамақтануына 3,8 млн. теңге жұмсалған. 2019 жылы 245 млн. теңге еңбекақы төленген. Салық төлемдері бойынша уақтылы есеп айырысқаны үшін 8 млн. теңгеге жеңілдік жасалыпты. Орташа еңбекақы көлемі – 120,5 мың теңге. Біздің топ бастаушымыз “Ауыл” партиясы облыстық филиалының басшысы Темірғали Әбілмәжінов мұндай жағдай кеңес одағы кезеңінде де жасалмағанын айтып, “мынау коммунизмнің нақ өзі ғой”, – деп сөз аяғын қалжыңға бұрды.
Сапар барысында бірнеше үйге бас сұқтық. Олардың бірі – мектеп мұғалімі, ауған соғысына қатысқан, түбі талдықорғандық Ерлан Есенбаевтың отбасы. Оның шаруашылық басшысына алғыстан басқа айтары жоқ. Отын жақпайды, су тасымайды. “Аристон” орнатып, ыстық судың қызығын да көріп отыр. Қаланың жайлы пәтерінен бір кем емес. Мал, бау-бақша өсірумен айналысады. Жемшөп тегін. Жалғыз тұратын Нина Капалина әжейдің де алғысы шексіз. “Біздікіндей арзан әрі дәмді нан ешқайда жоқ шығар. Жергілікті ұннан ешқандай қоспасыз пісіріледі”, – дейді кезінде Көкшетаудың Зеренді ауданында өсіп, қазақ тілін үйренген кейуана.
Бұрынғы кеңшардың поштасы, клубы, кітапханасы талан-таражға түспеген күйі сақталып қалған. Бес бірдей қоғамдық монша жұмыс істейді дегенге сену қиын. Бағасы су тегін. “Бәрі жақсы екеніне көз жеткіздік. Десек те, шешілмеген мәселелер, түйінін таппаған проблемалар бар шығар-ау”, – деген Темірғали Әбілмәжіновтің сұрағына Серік Ыбыраев мемлекеттің қолдау бағдарламаларына қатысты кейбір кемшіліктерді айтып берді. Алға қойған мақсат, ізгі ниетпен қоса кез келген стратегиялық міндеттердің талапқа сай орындалуы, мүлтіксіз жүзеге асуы бар емес пе? Өкінішке қарай, агроөнеркәсіп кешені саласын дамытуға арналған кей жобалардың орындалу тетіктері ауыл ерекшеліктерімен, нақты жағдайлармен үйлесе бермейді. Соған қарағанда, жергілікті өмірдің тыныс-тіршілігін терең білмейтін мамандардың әзірлегені бірден байқалады. Әсіресе, қаражаттың мақсатсыз жұмсалуы деген талап іске өте қолбайлау. “Мысалы, асылтұқымды мал сатып алынса, оларды жеткізу шығындары да бөлінетін несиеге енуі керек қой. Алайда, қаражаттың бұл бөлігі мақсатсыз жұмсалған болып, айыппұл салынады”, – деді Серік Кенжетайұлы қоштасар сәтте бағдарламалардың кейбір олқы тұстарына тоқталып.
Жақсыбай САМРАТ.