«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЙЫМДАСТЫРА БІЛГЕННІҢ ҰТАРЫ КӨП

Ғабит Мүсірепов – экономикалық әлеуеті, жер көлемі, халқының саны жағынан өңірдегі ірі аудандардың бірі. Облыс орталығынан шалғайда орналасқандықтан, мәртебелі қонақтар, лауазым иелері ат ізін көп сала бермейді. “Ауыл” партиясы облыстық филиалының төрағасы Темірғали Әбілмәжіновтің ұсынысымен жолдың көктайғақтығына, екілене соққан желдің елірген екпініне қарамай атақты жерлесіміз атындағы алыс ауданға жолсапарға шыққан едік.

Үш ауданнан енші алған
1997 жылы бұрынғы Көкшетау облысының құрамында болған Рузаев, Куйбышев және Чис­тополье аудандары біріктіріліп, 2002 жылы қазақтың классик жа­зушысы Ғабит Мүсіреповтің туға­нына 100 жыл толуына орай жаңа ауданға зергер қаламгердің есімі беріліпті. Оған дейін “Целинный” деп аталған екен. Бұл аумаққа тың көтерушілер көп келіп, тұрақ­та­ғанын ауыл-селолардың ата­уы­нан-ақ анық байқауға бола­ды (Ставрополье, Целинный, Чер­вонный, т.т.). Аудан орталығы Но­воишимка Қызылжардан 270 шақырымдай жерде орналасқан. Тұрғындарының негізі орыс­тілді болғандықтан, қай са­ла­да бол­масын ресми тілдің үс­темдігі бі­лініп-ақ тұр. 43 мектептің жетеуі ғана қазақша, оған қоса 2-3 ара­лас мектеп бар. 42 мыңдай ха­лықтың үштен бірі – өзіміздің ағайындар. Атын алғанымен, ау­данда Ғабеңе не алаң, не көше бе­рілмеген. Ескерткіш түгіл, ырым­ға бір мүсін де қойылмапты. 120 жылдық мерейтойына орай­лас­тырып кешенді іс-шаралар жос­парына енгіземіз деген уәде­лері көңілге медеу. Аудан әкімі Ағзам Тастеміровтің іскер басшы екенін білетінбіз. Бұған дейін Ақжар ауданында әкім болған. Адам­гершілігі мол азаматтың мұн­да ауысқанына әлі бір жыл тола қой­маған екен.
Аудан аумағында қазақтың от ауызды, орақ тілді шешені, атақ­ты тұлға Тоқсан би өмір сүр­ген. Тың көтеру жылдарында бой көтерген Западное ауылының маңында бабамыздың қыстауы орналас­қан. Қабірі де осы жерде. Осын­дайда “жақсының артында із қа­ла­ды” деген тәмсіл ойға ерік­сіз оралады. Өңірде ұзақ жылдар бойы облыстық соттың төрағасы қызметін атқарған білікті, білімді азамат Бекет Тұрғараев Тоқсан биді жан-жақты зерттеген “Асыл мұра” орталығының мүшелері Социал Жұмабаев пен Қайролла Мұ­қа­нов ақсақалдардың баста­ма­сын қолдап, бидің қадірін, ұр­паққа үлгі боларлық ісін тереңнен танып, зиратына кесене орнат­қызып, ауылға, Петропавл қала­сындағы бір көшеге атын бергі­зуге өл­шеу­сіз үлес қосқан еді. Қалай риза болмассың? Қалтасы мен қам­басын толтыруды ғана ойлайтын шенеуніктер осыдан үлгі алса, қанеки?!
Осы ауданда туған тағы бір айтулы азамат – мемлекет және қоғам қайраткері Еркін Әуел­бе­ков. Сөйлескен адамдарымыз­дың қай-қайсысы болсын оның есімін ерекше құрметпен еске алып жатты. Осындай біртуар тұлғаларымыз ардақталып жат­са, ауданның рухани жаңғыруына қосылған үлес болар еді.
Аудан экономикасының ныға­йып, әлеуетінің артуына айшықты із қалдырған ауыл шаруашы­лығы құрылымдары мұнда аз емес. Олардың жоғары табысы­ның басты ерекшелігі – сырттан кел­ген инвестордың күшімен емес, бұрынғы кеңестік құры­лымдарды ұстап қалып, дамыту­дың арқа­сында ерен жетістік­терге қол жеткізгені. Содан болар, аудан хал­қының тұрмысы жақсы, ба­қуатты тұрады. Сондай кәсіп­орын­дардың бірі – “Целинный” ЖШС-іне жо­лымыз түсті.

Іргелі шаруашылықта бәрі бар

“Целинный” деген атынан бел­гі­лі болып тұрғанындай, бұл ауыл тың көтеру жылдарында құрыл­ған. Аудан орталығынан 100 ша­қырымдай жерде, облыстың ең батыс шетін ала орналасқан. Елі­міз тәуелсіздік алған жылдарға дейін осы аттас кеңшар болған. Осыдан тура 25 жыл бұрын оны басқаруға жас маман Серік Ыбы­раев тағайындалады. Бұл “кең­шарларды жаппай таратыңдар, оның орнына бірнеше фермерлік шаруашылық құрыңдар” деген талаптың кәріне мінген кезі бола­тын. “30 мың гектар жері бар кең­шардың таратылмағаны қалай, күні ертең жер пайы мен мүлік пайының есебіне кеңшарды та­рат”, – деп аудан басшылары ди­рек­торды жаналқымға алып, би­дайша қуырады. Оған да көнбе­ген соң әкімқаралар тайлы-тұя­ғымен келіп, халықпен жиналыс өткізіп, өкіметтің саясаты шағын қожалықтар құру екенін, оның тиімді болатынын түсіндіреді. Сон­да жас директор орнынан тұ­рып: “Тарат десеңіздер таратып-ақ жібереміз. Бірақ олай етсек, егін де еге алмаймыз, мал да өсі­ре алмаймыз. Біздің күшіміз бір­лікте екенін ұмытпайық”, – дейді. Оның сөзін ауылдастары түгел қол­дап, шаруашылықты тарат­паймыз деген шешімге келеді. Ығай мен сығайлар кеңшарды тарата алмағандарына ыза бо­лып, күшке сала бастаған екен, директор: “Сіздер өздеріңіз ше­шің­іздер деген жоқ па едіңіздер? Енді біздің шешімімізді неге бұз­ғыла­рыңыз келеді?” – дегенде аналардың аузына құм құйы­лады.
Содан бері бұрынғы “Целин­ный” кеңшары дербес өмір сүріп келеді. Серік Ыбыраев 3-4 жыл­дай Жамбыл ауданына әкім бол­ған соң өз қолымен құрған шаруа­шылыққа қайта оралған. Әрине, алғашқы дағдарыс жылдарында оңай болған жоқ. Бірақ директор­дың ұйымдастырушылығы мен іскерлігінің арқасында агроқұ­ры­лымның түтіні түзу ұшып, даму­дың даңғыл жолына түсті. Секең­нің еңбегі ақталып, “Құрмет” ор­денін кеудеге жарқырата тақты.
“Целинное – 2004” ЖШС-і бо­лып қайта құрылған шаруашы­лық бү­гінде озаттар сапында. Маши­на-трактор паркін жаңғыртып, олар­дың қатарында 16 бельгия­лық “Ньюхолонд” комбайны сап түзе­ген. Күзгі ораққа 23 рет қа­тысты дегенге сену қиын. Жап-жаңа, жарқырап тұр. Бокста бұ­лардан басқа 570 ат күші бар америкалық 9 “Челленджер” трак­торы, екі “Век­тор” комбайны тұр. Олармен қатарлас “Морис”, “Бурго”, “Джон-Дир” сияқты кешендер, 23 “Киро­вец”, 10 “МТЗ”, т.б. техникалар қойылған. Не керек, серіктестікте барлығы 3,5 млрд. теңгенің техни­касы шоғырланған. Механизатор­лар, темір жонушылар, слесарьлар – бәрі көктемгі егіске дайындыққа қызу кірісіп кеткен. Темір жонушы Виктор Москалов қаңтар айында 370 мың теңге еңбекақы алыпты. Ме­ханизатор Олег Белоусов үйінің орталық жылу жүйесіне қосыл­ғанын, судың тартылғанын, қала­дағылардан кем тұрмайтынын мақтанышпен әңгімеледі.
Серіктестіктің иелігінде 36244 гектар жер бар. Оның 5896 гек­та­рына зығыр, 16000 гектарына би­дайдың қатты, жұмсақ сұрыпта­ры, 5087 гектарына арпа өсірі­леді. Былтыр гектар берекелігі 14,5 центнерден айналыпты. 7 мың гектардай танап парға қал­дырылады. Астық тұқымдары толық тазаланған. Осында бір қызық жайдың куәсі болдық. Ескі “КамАЗ”-дарды жөндеумен төрт шебер айналысып жатыр екен. Сөйтсе, олар осы көлік­тер­дің жүргізушілері болып шықты. “Өз қолдарымен жөндеген “темір тұлпарлардың” шығыны әрі кет­се, 4-5 млн. теңге ғана. Жаңасы кемі 25 млн. теңге тұрады”, – дейді директордың орынбасары Мулланур Ға­дулов.

Көшушілер жоқ, көңіл тоқ

Мұнда көшіп кетушілер жоқтың қасы, жұмыс күші толық. Әрине, жұмысшы мамандарының же­тіңкіремейтіні рас. Әсіресе, темір жонушы, слесарь тапшы. “Қазіргілер жасамыс адамдар, ертең зейнет­ке кетсе, олардың орнын басатын ізбасарлар таба алмай қаламыз ба деп алаңдаймыз”, – дейді дирек­тор­дың тағы бір орынбасары Анатолий Талебин.
Ауылда 200-ден артық түтін болса, 70 пайыздайы орталық жылу қазандығына қосылған. Оны жылытуға сабан пайдала­нылады. Бұрын бір жылыту мау­сымына 30 мың тонна көмір жағылса, қазір толықтай астық қалдықтары кәдеге жаратылады. Әрі үнемді, әрі экологиялық жа­ғынан таза. Ауылдың үстінен кө­мірдің қара түтіні будақтап жат­пайды. Таза ауызсу да үйлерге дейін тар­тылған. Жерасты “тірші­л­ік көзінің” сапасы жоғары екен­дігін сарап­тама көрсетіп беріпті. Енді ауылға тасымалмен газ да келіп жатқан көрінеді. Ол үшін арнайы цис­терна орнатылған. “Бар­лық техникаларды газға көшіруді ойластырып отыр­мыз”, – дейді серіктестік бас­шысы.
Ауылды аралағанда көзге бір­ден шалынатыны – наубайхана. Қызыл күрең бөлкелердің иісі бұр­қырап, тәбетіңді ашып жібереді екен. Күніне 400-500 бөлке нан пісіріліп, 60 теңгеден сатылады. Басшы­лық мектепті жөндеп, терезелерін ауыстырып беріпті. Оқушылар бір мезгіл тегін ыстық тамақпен қам­тамасыз етілген. Өткен оқу жы­лын­да осы мақсатқа 3 млн. теңге бөлінсе, биыл қарас­ты­рыл­ған қаржы тіпті қомақты. Қазақ тілі пәні бойынша “үздік сынып”, “үздік оқушы” аталым­дарына кон­курс жарияланыпты. Жеңімпаз­дарға еліміздің қала­ларына экскурсия жасауға мүм­кіндік берілген. Сол сияқты бала­бақша­ның шығындарын да агро­құры­лым өтейді. Ата-аналар айы­на 3 мың теңге ғана төлейді.
“Біз пайға астықпен қатар материалдық көмек ретінде 743 тонна шөп пен 195 тонна сабан бөліп, әр үйге дейін жеткізіп бер­дік”, – дейді Анатолий Талебин. Жұмыс­шы­лардың тегін тамақтануына 3,8 млн. теңге жұмсалған. 2019 жылы 245 млн. теңге еңбекақы тө­лен­ген. Салық төлемдері бойын­ша уақтылы есеп айырысқаны үшін 8 млн. теңгеге жеңілдік жа­салып­ты. Орташа еңбекақы кө­лемі – 120,5 мың теңге. Біздің топ бас­таушымыз “Ауыл” партиясы об­лыстық филиалының басшысы Темірғали Әбілмәжінов мұндай жағдай кеңес одағы кезеңінде де жасалмағанын айтып, “мынау коммунизмнің нақ өзі ғой”, – деп сөз аяғын қалжыңға бұрды.
Сапар барысында бірнеше үй­ге бас сұқтық. Олардың бірі – мек­теп мұғалімі, ауған соғысына қатысқан, түбі талдықорғандық Ер­лан Есенбаевтың отбасы. Оның шаруашылық басшысына алғыстан басқа айтары жоқ. Отын жақпайды, су тасымай­ды. “Аристон” орнатып, ыстық судың қызығын да көріп отыр. Қаланың жайлы пәтерінен бір кем емес. Мал, бау-бақша өсірумен айна­лы­сады. Жемшөп тегін. Жалғыз тұратын Нина Капалина әжейдің де алғысы шексіз. “Біздікіндей арзан әрі дәмді нан ешқайда жоқ шығар. Жергілікті ұннан ешқан­дай қоспасыз пісіріледі”, – дейді кезінде Көкшетаудың Зеренді ауданында өсіп, қазақ тілін үйренген кейуана.
Бұрынғы кеңшардың поштасы, клубы, кітапханасы талан-таражға түспеген күйі сақталып қалған. Бес бірдей қоғамдық монша жұмыс істейді дегенге сену қиын. Бағасы су тегін. “Бәрі жақсы екеніне көз жеткіздік. Десек те, шешілмеген мәселелер, түйінін таппаған проблемалар бар шы­ғар-ау”, – деген Темірғали Әбіл­мә­жі­новтің сұрағына Серік Ыбы­раев мем­лекеттің қолдау бағдар­лама­ла­рына қатысты кейбір кем­шілік­терді айтып берді. Алға қой­ған мақсат, ізгі ниетпен қоса кез келген стратегиялық міндет­тер­дің талапқа сай орындалуы, мүл­тіксіз жүзеге асуы бар емес пе? Өкінішке қарай, агроөнеркәсіп кешені саласын дамытуға арнал­ған кей жобалардың орын­далу тетіктері ауыл ерекшелік­те­рімен, нақты жағдайлармен үй­лесе бер­мейді. Соған қарағанда, жергілікті өмірдің тыныс-тіршілі­гін терең білмейтін мамандардың әзірле­гені бірден байқалады. Әсіресе, қаражаттың мақсатсыз жұмсалуы деген талап іске өте қолбайлау. “Мысалы, асылтұқым­ды мал са­тып алынса, олар­ды жеткізу шы­ғындары да бөлі­нетін несиеге енуі керек қой. Алай­да, қара­жат­тың бұл бөлігі мақсатсыз жұмсал­ған болып, айыппұл салынады”, – де­ді Серік Кенжетайұлы қош­тасар сәтте бағдарламалардың кейбір олқы тұстарына тоқталып.


Жақсыбай САМРАТ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp