«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЙҚЫ БЕЗІ АУЫРСА…

Өмірде жиі кездесетін сырқаттың бір түрі – ұйқы безінің ауруы. Көбіне-көп адамның тамақтану жағдайы ұйқы безінің қалыпты жұмыс істеуіне әсер етеді. Сол сияқты, арақ ішу де ұйқы безіне зиянды.

Ұйқы безінің сырқаттануына грипп, ангина, түберкулез сияқты аурулар да аз әсер етпейді. Адам организмі өзара тепе-тең және тығыз байланыста болғандықтан да бауырдың, асқазанның сырқаттануының ұйқы безіне әсері болмай қоймайды. Ұйқы безі сырқатын емдеуге тамақты аз мөлшерде, оқтын-оқтын ішу емдеудің ең негізі жолы болып есептеледі. Егер ауру тым белең алып кеткенде екі-үш күн аш жүруге де тура келеді. Мұндай жағдайға минерал суын, шай, итмұрындық шырынын ғана ішкен жөн. Содан соң үш-бес күн өткенде сүт тағамдарын – кілегей, ірімшік береді. Сондай-ақ, сүтті шай, омлет, сұлы жармасынан, күріштен жасалған ботқа қолданады. Науқас адам жеті-сегіз күн өткен соң тартылған ет, балық, тауық етінен жасалған төңкерме, кисель, бұқтырылған тағамдарға көше алады. Сәбіз, ұнтақталып пісірілген картоп жейді.

Тамақты аз, бірақ күніне 5-6 реттен ішкен жөн. Мұның өзі ұйқы безінің ауырсынбай, қалыпты жұмыс ырғағын бұзбай, зиян келтірмей ас қорытуы үшін қажет. Тамақты суық қалпында ішуге болмайды. Өйткен жағдайда ұйқы безінің ас өткізу жолдары тарылып қалады да, бұл ауруға шалдықтырады.  

Тамаққа тұз салмау керек. Майсыз балық, ет жеуге болады. Өсімдік майлары асқазан-ішек жолдарына зиянды емес. Ұйқы безі ауыратын адамдар өздерін өздері күте, сақтана білсе, бұл сырқат асқынбайды. Егер терапевт дәрігерге уақытында көрінбесе, тамақтану тәртібін жиі бұзса, бұл аурудың асқынуына әкеліп соқтырады.

Хайырбек ҚОЖАХМЕТОВ,

дәрігер-терапевт.

Қызылжар қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp