«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ – ОТБАСЫНЫҢ ҰЙЫТҚЫСЫ

Туысқан Өзбекстан Республикасының Тамды елді мекенінен 30-дай отбасының Айыртау ауданындағы Айыртау ауылына өзімен бірге қоныс аударуына мұрындық болған, бұл күндері төрт түлік өсіріп, келген жеріне міндетсімей, нәпақасын кәсібінен тауып отырған Жаңабай Пірмановты Қызылжар өңірі жақсы біледі десем, артық айтқандық емес. Іскер азаматтың, қазақша айтқанда, “жоқтан бар жасауына” ерекше еңбек сіңіріп келе жатқан жан – майталман кәсіпкердің зайыбы Ғалия Сейдалиева.

Осыдан 18 жыл бұрын Айыртау ауылына көшіп келгенде отбасының үйелмелі-сүйелмелі төрт баласы бартын. Олар мектепті әлі аяқтамаған кез. Қоныс аударған жерде қазақ сыныбы болмай шықты. Сонау Өзбекстанда 15 жыл бастауыш сыныпта ұстаздық еткен Ғалия Ахметқызы мәселені аудандық, облыстық деңгейде шешу үшін алға жұбайы Жаңабайды салды. Ол бастаған істі жерге тастаған жоқ. Жарғақ құлағы жастыққа тимей, аудан мен облыс арасын “шаң қылды”. Не дегенмен, жергілікті әкімдер мен білім мекемелері басшыларының қолдауы арқасында бір жылдан кейін ауылдағы орта мектепте қазақ сыныбы ашылды. Сол өздері негізін қалаған оқу орнында Ғалия Сейдалиева табан аудармастан бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етіп келеді. Еңбегі елеусіз де емес. Аудан әкімінің Құрмет грамотасымен, бірнеше рет аудандық білім бөлімінің Алғыс хатымен марапатталды. Ең үлкен сыйлығы – әріп танытқан оқушыларының өмірден өз жолдарын тауып жатқаны.  

– Содан бері қазақ сыныбында білім алған оқушылардың алды жоғары оқу орындарын бітіріп, тарихи Отанында еңбекке араласты, үйлі-баранды болды. Солармен бірге мектепті алдыңғы қатарлы аяқтаған төрт баламыздың үшеуі М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де мамандық алып шықты, кенжеміз Жанар Астанада медицина академиясының 6-курсында оқып жүр, – дейді Ғалия Ахметқызы.

Қазақы отбасында тәрбиеленіп, ата-ананың асыл қасиеттерін бойына дарытқан, күні бүгінге дейін жеке шаңырақ құрса да, өзбекстандық құрбыларындай “жат жұртта” да әкесінің ата тегін тастамай, Сейдалиева болып жүрген Ғалия Ахметқызы бастауыш сыныптар арасында өтетін әртүрлі тәрбиелік шараларды ұлттық салт-дәстүрлерге сай имандылық, адамгершілік, отаншылдық сезімге негіздеп ұйымдастыруға күш салады. Сондықтан болар, өз сыныбында оқитын шәкірттер аудандық, облыстық ғылыми жобаларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Әсіресе, өздерінің отбасылық жеке шаруашылығында өсіріліп жатқан төрт түліктің төресі – Ойсыл-қара жайындағы “Түйе жүнінің қасиеті және пайдасы” жобасы бүгінде ерекше маңызға ие. “Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілер” дегендей, қазіргі күні ұстаздың шәкірті әрі немересі Шияп Жомартұлы осы ғылыми жоба бойынша зерттеу жұмысын жалғастыруда.

Ұлағатты ұстаздың қыз-келіншектерге үлгі боларлық өнегелі істері көп-ақ. Келінімен және екі абысынымен бір шаңырақта апалы-сіңлілердей бірге тұрып, татулықтың қазанын қайнатып отыр. Ынтымағы жарасқан отбасында желкілдеп өсіп келе жатқан 6 немере де үйдің “отымен кіріп, күлімен шығуға” іс жүзінде дағдылануда. “Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер” деген қағиданы олар да жөргегінен шыға-ақ бойларына сіңіруде. Ер балалардың жүйрік ат пен сүйрік құлынға, қос өркешті түйе мен моп-момақан ботаға құмарлығы, тұлымы желкілдеген қыз балалардың үй ішіндегі оңайлықпен біте қоймайтын жұмыстарға, ісмерлікке таласа қолғабыс етуі қалыптасқан дәстүрге айналған. Өйткені, шаңырақтың бір-бір уығына айналған олардың әкелері де осы “мектептен” өткен.

– Ұлдарымыз бен қыздарымыз жеке шаруашылығымызда атқарылатын қара жұмыстан шет қалған жоқ. Соған орай мамандық таңдады. Үлкен ұлымыз Жомарт “Тамды” шаруа қожалығын басқарады. Қызымыз Жанат – ағылшын тілінің маманы. Оның тілмаштық пайдасын Шалқар көліне демала келген америкалық туристерді түйемен серуендеткен кезде көрдік. Қазір сол қызымыз жеке отбасын құрып, Астана қаласында мамандығы бойынша ұстаздық етіп жүр. Жамбылымыз – жеке кәсіпкер. Кенжеміз заман ағымына орай дәрігерлікті қалады, – дейді Ғалия Ахметқызы.

Үйдегі шаруаны дөңгелетіп әкететін – әйел. Шынында да, барды ұқсата білгенге не жетсін?! Осы тұрғыдан келгенде, қонақжайлылық Ғалия замандасымыздың қанына сіңген қасиет сияқты. Сүт өнімдерінен жасаған тағамдары, әсіресе, түйенің сүрленген еті, шұбаты мен құрты дәмін татқан кісіні тамсандырмай қоймайды. Үй ішіндегі құрақ көрпе, төсеніштер де, тұс киіздер де көз тартарлықтай. Аудандық, облыстық жәрмеңкелерде, Наурыз мейрамына арналған шараларда Құдай қосқан қосағымен бірге төрт түліктің сан түрлі өнімдерінен жұртшылыққа дәм татырып жүр.

– Өзіміздің тарихи Отанымызға келіп, еңбек етіп жүргенімізге 18 жыл болды. Көштен қалғанымыз жоқ. Атына заты сай Айыртаудың тұрғыны болып кеттік. Жұбайым Жаңабай Сәдуұлы қадір-қасиеті Қара теңізден бірде-бір кем түспейтін Шалқар көлінің жанынан жер алып, этноауыл тұрғызсам деген көптен бергі ниетін іске асыру үстінде. Сол жобаға қолдан келген көмегімізді көрсеткіміз келеді, – дейді отбасының ауыртпалығын ерімен бірге көтеруге дағдыланып қалған Ғалия Ахметқызы.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

 Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp