Академик Е.А. Букетов аса ірі ғалым, химик, металлург қана емес, көрнекті жазушы, көсем-сөзші, аудармашы болғаны әмбеге аян. Сонымен қатар ол ұлағатты ұстаз, талай шәкірттер тәрбиелеп шығарған тамаша тәлімгер де еді.
Евней Арыстанұлы жасынан өзі ғана білімге құмар болған жоқ, бойындағы бар білімімен өзгелермен бөлісуге де көп күш жұмсады. Ұлы Отан соғысы басталған жылы ол осы күнгі Солтүстік Қазақстан облысының Октябрь (қазір Шал ақын) ауданындағы Марьевка орта мектебінің 9-сыныбын жаңа ғана бітіргенді. Көптеген мұғалімдер соғысқа кеткендіктен, мектептерде оқушыларға сабақ беретін білікті адамдар болмай қалды. Сондықтан аудандық оқу бөлімі босап қалған орындарға орта мектептің жоғары сыныптарын жақсы бітірген оқушыларды жіберуге мәжбүр болды. Евней алдымен сол аудандағы Афанасьевка, Ольгинка, Соколовка жетіжылдық мектептерінде физика, математика пәндерінен сабақ берді, кейін Городецкий жетіжылдық мектебінде химия, биология пәндерін оқытты. Ал осы аудандағы Жалтыр жетіжылдық қазақ мектебінде оқушыларды орыс тілі мен орыс әдебиетіне үйретті.
Евнейдің қазақ мектебінде қалай сабақ беріп, орыс тілін аса білмейтін балаларға қалай түсіндіргенін сол кездегі 6-сынып оқушысы, кейін бар өмірін бала оқытып, тәрбиелеумен өткізген, оның 20 жылдан астамында мектеп директоры болған Серікбай Ақанов ақсақал былай деп еске алады: “…Жас ұстаздың арнаулы білімі болмаса да, өзінен сәл ғана кіші (3-4 жас) шәкірттермен ортақ тіл табысу үшін әртүрлі педагогикалық әдістер қолданды. Ол сабақтан тыс уақытта бізді жинап алып, тартымды әзіл-сықақ әңгімелерді орыс тілінде айтып, оны қазақшаға аударып, түсіндіреді. Мәселен, орыс тілінің септік жалғауларын үйреткен кезде мынадай әңгіме айтқаны әлі есімде: бірде орыс генералы Пушкинді қызының туған күнін тойлауға шақырған. Сол тойда Пушкин генералдың қызымен ортақ тіл тауып жақындасып, ақырында қыз жүкті болып қалыптымыс. Генерал бұған намыстанып, Пушкинді сотқа береді. Пушкинді бұрыннан білетін сот оған мынадай шарт қояды: егер болған істі тапқырлықпен, ұтымды сөзбен баяндап берсең, біз сені бұл пәледен құтқарамыз. Сонда тапқыр Пушкин болған жағдайды грамматикалық септік жалғауларының атауларымен септеп жіберсе керек:
“День был именительный,
Я был предложный,
Она была дательной,
Я был творительный,
Когда она родительный,
Почему я винительный?” – депті.
Сот айтқан сөзінде тұрып, ұлы ақынды жазалаудан құтқарыпты.
Біз, қазақ балалары, осындай қызықты әңгімеден кейін септік жалғауларының атауларын түнгі ұйқыдан тұрғызып сұраса, ұмытпайтын болдық. Мұндай қызықты әңгімелерді Ебекең сол кездің өзінде көп білетін және орынды қолданатын”.
Сол кезде одан дәріс алған студент, кейін белгілі жазушы болған, Ебекең туралы бірнеше кітап шығарған Медеу Сәрсеке “Ұстаз тағылымы” атты эссесінде былай дейді: “Евней Арыстанұлы Букетов бізге 4-ші оқу жылында (1956 ж.) “Сирек кездесетін металдар металлургиясы” курсынан дәріс оқыды. Сол күнде оның жасы 31-де екен. Бірақ бізге ол бұдан әлдеқайда үлкен кісі сияқтанып көрінетін, балуан пішінді алпамса тұлғасымен ғана емес, бүкіл ақыл-парасатымен, сол күнде атқарып жүрген ісімен де. Мұның себебі, сірә, Евней Арыстанұлының бойына дара біткен қасиет-қадірінде болса керек. Лекцияны доцент Букетов өте қызық оқитын. Оның лекцияларын қаптаған химия реакцияларын тақтаға шұбырта тізіп, өз ойын солар арқылы жеткізетін әріпшіл лектормен салыстыру қиянат болмақ. Букетовтің тілмәрлігі, білімпаздығы сол кездің өзінде өте жоғары болатын (“Жұлдыз”, 1991, №3, 167-бет).
Ебекеңнің ұстаздық, тәлімгерлік қасиеті мен зор адамгершілігі туралы оның Қарағандыдағы химия-металлургия ғылыми-зерттеу институтының директоры кезіндегі шәкірті, кейін Е.А.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің химия факультетінің профессоры болған Кенжебек Рүстембеков “Ұстазымның ұлағатын ұмытпаймын” деген мақаласында (“Орталық Қазақстан”, 18.03.1995) былай деп жазады: “…Өз басым да Ебекеңнің көзі тірісінде дайындаған 5 ғылым докторы мен 50-ден аса ғылым кандидаттарының қатарындағы көп шәкірттерінің бірімін. Әлі есімде, 1966 жылғы тамыз айының 15-і болатын. Бұл – менің Қарағанды мемлекеттік педагогикалық институтын физика-химия мамандығы бойынша үздік аяқтап, жолдамамен Қазақ КСР Ғылым академиясы химия-металлургия институтының директоры Е.А.Букетовтің қабылдауына келген күнім. Бұрын сырттай білгенмен, өзімен жүзбе-жүз кездесіп сөйлеспеген едім. Бекер жүрексініппін, кабинетіне кіргенімде нар тұлғалы, келбетті де келісті жігітағасы мені жылы шыраймен қарсы алып, мән-жайымды тәптіштеп сұрап, майда қоңыр дауысымен, құлаққа жағымды үнімен бірден баурап әкетті. Ол алға қойған мақсаттарымды, ғылымның қай саласымен айналысқым келетінін білген соң қасыма бір ғылыми қызметкерін қосып беріп, институт лабораторияларына экскурсия жасатқызып, таңдауды өзіме қалдырды. Осыдан кейін мен Евней ағаның алдына қайта оралып, сирек және шашыранды элементтер лабораториясында жұмыс істеуді қалайтынымды айттым. Сөйтсем, ол лабораторияның меңгерушісі де Евней Арыстанұлының өзі көрінеді. Міне, сол күннен бастап оның шәкірті атандым”.
Е.А.Букетовтің ұстаздық таланты, әсіресе, ол Қарағанды университетінің ректоры болып тұрған жылдары өте жоғары көтерілді. Евней Арыстанұлы жалпы университет атаулыны басқа жоғары оқу орындарынан биік білім ордасы деп санайтын. Ол, әсіресе, Орталық Қазақстанда республикамызда екінші болып Қарағанды университетінің ашылуын үлкен қуанышпен қарсы алды. Университет беретін білімнің жан-жақты болатынын дәлелдеп “Университет ілімі” атты мақала жазды (“Жұлдыз”, 1974, №7, 157-163 б.б.).
Ол университетке конкурстан сүрінбей өтіп түскен студенттерге үлкен үміт артты. Жыл сайын 1-ші курсқа түскен студенттерге кіріспе дәріс оқып, университет ілімінің маңызын, құңдылығын түсіндіретін, болашақ мамандарға дұрыс бағыт көрсетіп, сәт-сапар тілейтін Ебекең осы білім ордасының ұстаздарына да студенттерімен қалай жұмыс істеу керектігі жөнінде бағыт-бағдар беріп отырыпты. Ол, әсіресе, 1-курс студенттерінің қалыптасуына зор мән берген. Бұған оның жоғарыда аталған мақаласындағы мына сөздері дәлел: “Біздіңше, 1-курстарда негізгі сабақтарды ең үлкен маман ғалымдар, ең жауапты лекторлар оқуға тиісті. Мұның өзі студенттердің бойында ғылымға деген ынтаны ерте қалыптастыруға көмектеседі. Сондай-ақ, әр тұрғыда ойлана білуге қабілеті бар жастарды байқауға мүмкіншілік береді. Бірінші курстың сабақтарын жас лекторларға тапсыру дұрыс емес, өйткені олар өз лекцияларында ғылыми фактілер мен ғылыми идеялардың ең негізгісін, ең өзектісін айтып берудің орнына, өзінің эрудициясы мен білімділігін көрсеткісі келіп, оқып шыққандарын ешбір ой-сарабынан өткізбестен, түгелдей студенттер алдына төге салуға тырысады. Мұндай кемшіліктерден жас лекторлар, әрине, бірден құтыла алмайды” (“Жұлдыз”, 1974, №7, 166-б.).
Ебекеңнің университеттен ұшырған алғашқы шәкірттерінің бірі, кейін химия ғылымдарының докторы, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры болған Қазыбек Болатбаев ұстазы туралы: “Біз жаңа ашылған Қарағанды университетінің химия факультетінің алғашқы студенттері болдық. Бізге бірінші курстан бастап ректор сабақ берді. Бізге оның жан-жақты білімділігі, лекторлық, ұстаздық шеберлігі және студент жастарға деген сенімі зор әсер етті. Ол лекцияларында талай біз білмейтін ғалымдар мен ақын, жазушылар еңбектерінен қызықты мысалдар келтіретін. Біз оның осындай жан-жақты білімділігі мен эрудициясына таңғалатынбыз және ол сияқты жан-жақты білімдар болуға тырысатынбыз”, – дейді.
Ебекеңнің тағы бір шәкірті Шәмшия Әмірханова ұстазы туралы былай деп жазады (әдейі ол жазған тілде беріп отырмын – Қ.М): “Я много раз поражалась способности Е.А.Букетова, своего учителя, вмещать в своем сердце столько широты, столько искренней доброты, что диву даешься. Умел он видеть в любом труде зерно и убедить, что оно прорастет. Он верил в хорошее будущее каждого молодого человека, помогал каждому стать творческой личностью”.
Академик Е.А.Букетовтің ғалымдық, ұстаздық еңбегі туралы айтылған мұндай мысалдар көп. Қазіргі жастар, ұстаздар оның еңбектерінен үлгі-өнеге алып отырса, құба-құп.
Қайролла МҰҚАНОВ,
білім беру саласының ардагері.