«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛАҒАТТЫ ӨМІР

 

“Алты алаштың басы қосылса, төрдегі орын ұстаздікі”, – деп қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев айтқандай, әлімсақтан ілім үйретуші тәлімгерге көрсетілетін құрмет ерекше. “Мұғалім бол” деп бата берген бұрынғының көне-көздері білімнің тайқазанын бұрқ-сарқ қайнатып, шәкірт санасына сәуле құйған ұлағатты ұстаздардың мәртебесін жоғары көтерді. Алайда, ұстаздың да ұстазы бар емес пе? Шәкірт жүрегіне жол тауып, білімділік пен біліктіліктің, даналық пен зиялылықтың, ізденімпаздық пен ізгіліктің нұрын шашқан ұстаз қашанда құрметке лайық. Әрине, ұлағатты ұстаз болу үшін балаларды шексіз сүю қажет. Оған қоса бұл мамандық ұдайы жұрт назарында жүретіні тағы белгілі. Сондықтан ұстаздарға қойылатын талап та зор. Қырық жылдан астам мектеп директоры қызметін мінсіз атқарып, саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған Асқар Игібаев сияқты асыл азаматтың артында қалдырған өнегелі ізі сайрап жатыр. 

 

Асқар Игібайұлы 1929 жылы бұрынғы Сергеев (Шал ақын) ауданындағы Бірлік ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі Игібай Қанапин қырық жылдан астам жылқышы болып, еңбекпен өмірін өткізді. Бірнеше рет аудандық, облыстық кеңестерге депутат болып сайланған. Шешесі Ақжан отыз жылдан астам ұжымшарда сауыншы болып жұмыс істеді.

Асқардың балалық шағы, бозбала дәурені ашаршылық пен Ұлы Отан соғысы орын алған қиын-қыстау кезеңдермен тұспа-тұс келді. Сондықтан бұғанасы қатпаған бала он үш жасынан еңбекке араласты, ұйқысыз-күлкісіз бейнетті күндерді бастан кешті. “Бірлік” ұжымшарында егіс бригадасының есепшісі бо­лып, шар болаттай шыңдалды, шынықты. Кейін шүмектеп төккен тердің өтеуі ретінде ұжымшар басқармасы оны Ұлы Отан соғысы жылдары “Ерен еңбегі үшін” медаліне ұсын­ды. Бұл марапат оны бұдан да биік жетістіктерге жетеледі. 

Кеңес ауылында жетіжылдықты үздік, кейін Петропавл қаласындағы №5 қазақ орта мектебін күміс медальмен бітірген алғыр оқушыға Қазақ мемлекеттік университетінде білім алу бақыты бұйырды. Жоғары оқу орнын тамамдаған жас маман 1954 жылы Қазақ­стан ЛКЖО жолдамасымен Николаевка орта мектебіне жіберілді. Осылайша, ол аққайыңдар өлкесіне оралып, туған жерінде еңбектің көрігін қыздырды. Қырық жыл ғұмырын білім саласына арнап, бір жерде табан аудармай жұмыс істеген Асқар Игібайұлы жауапкершілігі зор маман, іскер басшы екенін аңғартты. Ауылда 1961 жылы 560 орындық екіқабатты білім ордасы, кейін үшқабатты типтік мектеп салынды. Оқушылардың саны 1200-ге дейін жетті. Отыз алты сынып бір ауысымда оқып, сыныптан тыс үйірмелер ашылды. Мектеп маңындағы жеті гектар учаскеде оқушылар гүл, көкөніс егіп, биология сабағынан тәжірибелер жүргізді. Ал 1968 жылы екіқабатты интернат бой көтеріп, онда 140 бала тәрбиеленді. 1975 жылы орта мектеп толық кабинеттік жүйемен жұмыс істеді. Мектептің материалдық базасы нығайып, спорт кешені іске қосылды. Хоккей корты оқушыларды саламатты өмірге баулыды. Еңбегімен елінің құрметіне бөленген бақытты ұстаз оқушыларға білім берумен қатар, оларды еңбекке баулуды да естен шығармады. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары құрылған оқушылардың өндіріс бригадасы нағыз еңбек мектебіне айналды. Олар 200 гектар алаңға бидай сеуіп, әр гектарынан 20 центнерге дейін өнім жинады. Мектептің трактор, комбайн және басқа да егістік құралдары болды.

Бір кездері Николаевка кеңшарының атағы облыста ғана емес, республикада дүркіреді. Шаруашылық шалқып, мектеп көркейіп, кемелденді. Шаруашылықтың даңқын көтерген трактор-егіс бригадасының жетекшісі Социалистік Еңбек Ері Леонид Белоглазов болса, білім ордасының мерейін аспандатқан мектеп директоры, білікті педагог Асқар Игібаев еді.

Оның пайым-парасаты, кісілігі мен кішілігі де бір төбе еді. Мақтауға лайық, мақтануға тұратын азамат. Пендеге жекіп сөйлемейтін, қыз мінезді, жаны таза адам болатын. Бір сөзбен айтқанда, сөзі – ескен жел, мінезі – есілген жібектейтін. 

Асекеңнің өзім бағалайтын қасиеті – еңбекқорлығы. Ол үнемі ізденісте жүретін әрі кітап оқығанды жақсы көрді. Бірде оны сөзге тартып, көптен бері көкейде жүрген сұрағымды қойдым. “Ұстазға ең бастысы қандай қасиет қажет? – деген сауалға ол: “Кездейсоқ адам мұғалім бола алмайды. Өз мамандығы мен балаларды сүймесе, биік мәртебеге қол жеткізу екіталай. Адамның ұлтына, еліне деген патриоттық сезімі, адамгершілігі, жауапкершілігі болмаса, мектепке жақындаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Қазіргі уақытта ақшаға сүйеніп, білім алатындар көп. Ондайлар оқу орнын бітірген соң жұмыс істей алмай, жұртқа сор болып жүреді. Ағайыншылыққа салынып, лайықсыз адамды мұғалім қылу жағдайлары белең алуда, олай жасау ұстаздарға деген шын сенімге селкеу түсіруде. Заман талабына сай жұмыс істеу керек. Ұлтымыздың тарихын, мәдениетін, әдебиетін насихаттайтын көптеген кітаптар шығару керек. Көрнекі құралдарды көбейтіп, көнерген, ескірген компьютерлердің орнын жаңасымен толықтыру қажет. Қуатты ел болудың алғышарттарының бірі және бірегейі білікті кадрлар болып табылатыны ешбір дау тудырмайтыны ақиқат”, – деді. 

Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары жағдай күрт өзгерді. Сол бір өліара кезеңде техникалық мамандықтарға көңіл бөлінбеді. Есесіне заңгер болғысы келетіндер көбейді. Сондықтан жалпы білім беру жүйесін жетілдіру қажет болды. Бұл орайда білім жүйесінің ұлттық моделін қалыптастыру мақсатында Қызылжар қаласында №18 қазақ орта мектебі ашылды. Оған да, міне, жиырма жылдың жүзі болып қалды. Мектептің ашылуына сол кезде білім және ғылым министрі болған Қырымбек Көшербаев, облыс әкімі Даниал Ахметов келді. Иін тірескен қалың жұрт осы бір қуаныштың куәсі болып еді. Сол сәтте басына тақия, үстіне оқалы шапан киген тұлғасы тік, қадамы нық, егделеу кісі қызыл лентаны қиып, мектептің алдында жақсылық ырымындай ағаш көшеттерін отырғызды. Оған ыстық ықылас пен айрықша құрмет көрсетілді. Басшылардың өздері әлгі кісінің сөзіне ерекше назар аударды. Тау тұлғалы абыз ақсақалдың сол бейнесі әлі күнге дейін менің көз алдымда. Әрине, есімі елге таныс Ленин орденінің иегері Асқар Игібаев сияқты ұлағатты ұстазды ұмыту мүмкін емес. 

Оның еңбегі лайықты бағаланды деп ойлаймын. Ол 1971 жылы Ленин орденімен, ұзын саны жеті медальмен марапатталды. “КСРО ағарту ісінің үздігі”, “Қазақ КСР ағарту ісінің үздігі”, Құрмет грамоталары да – еселі еңбектің нәтижесі. Ауылдық, аудандық кеңестің депутаты, облыстық, республикалық, Одақтық мұғалімдер съезінің делегаты болып та сайланды.

“Ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді” демекші, оның ұлағаты мен өнегесі талай шәкіртке азық болды. Ұстаздан тәлім-тәрбие алған оқушылары бүгінде түрлі саланың білікті мамандары екенін қалайша атап өтпеске?! Владимир Конев, Михаил Никитин техника, экономика ғылымдарының докторлары болса, Парламент Мәжілісінің депутаты, тарих ғылымдарының докторы, профессор, генерал-лейтенант Абай Тасболатов, қолы алтын дәрігер Қайша Сейтенбетова сияқты биік белесті бағындырған шәкірттері аз емес.

Асекең мен Қалима жеңгейді туысқандай көріп, жақсы араластық. Сөз орайы келгенде айта кетейін, зайыбым Роза Шәкенова екеуміз – Асқар Игібайұылының қамқорлығын көрген бақытты жандармыз. Табан аудармастан, 40 жыл бойы, яғни зейнеткерлікке шыққанша бірге жұмыс істедік. Біздің шаңырақ көтеруімізге қолдау білдіріп, үй қылып шығарған да осы кісі болатын. Бізді Құдай қосқан екен. Ақыры, Асекеңмен құда болдық. Педагог ағамыздың талай сырлы әңгімелерін тыңдап, рахатқа бөленуші едік. Асекең алғаш танысқан адамға сабырлы, салмақты, тіпті, тұйық мінезді болып көрінетін. Бірақ білім туралы сөз қозғай қалсаңыз, шанағынан күй төгілген домбырадай әңгіменің тиегін ағытып, тыңдаушысының айызын қандыратын. 

“Жазмыштан озмыш жоқ” демекші, оның келместің кемесіне мініп, қайтпас сапарға аттанғанына да бірталай жыл өтті. Жүрдек пойыздай зымыраған уақытқа тоқтау бар ма?! Арда азаматтың орны әлі күнге дейін ойсырап тұр, бірақ жылдар жылыстаған сайын оның бейнесі жарқырай түсуде.

Қырғыз МҰСАБАЕВ,
ардагер ұстаз.
Петропавл қаласы.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp