«Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» деген мультфильмді көрмеген адам кемде-кем. Бұл – «Қазақфильм» киностудиясы шығарған еліміздегі тұңғыш анимациялық фильм. Ал осы туындының жарыққа шығуына режиссері Әмен Қайдаровпен бірге атсалысқандардың қатарында теріскейдің тумасы Ерсайын Әбдірахманов болғанын білесіз бе? Ол режиссерліктен бөлек, Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясы «Кино және телевизия» факультетінің негізін қалап, деканы болған. Осы жазда Алматыға барған сапарымда Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясына ат басын бұрып, марқұм жерлесіміздің атқарған жұмысымен танысып, зайыбы Қатира Орынбайқызымен дидарласудың сәтті түсті.
Ерсайын Әбдірахманов 1946 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Мағжан Жұмабаев ауданы, Теңелдік (Сарытомар ауылынан батысқа қарай 6-7 шақырым жерде орналасқан, 1965 жылдары жабылған елді мекен) ауылында дүние есігін ашқан. 1964 жылы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің көркемдік-графикалық факультетіне оқуға түсіп, оны 1969 жылы бітіріп шығады. 1971 жылы «Қазақфильм» киностудиясына мультфильмдер шеберханасына жұмысқа орналасып, алдымен графика суретшісі, содан кейін аниматор және суретші-сәндеуші болып жұмыс істеді, ақырында мультфильмдер шеберханасының бастығы атанды. 1973 жылдан 1974 жылға дейін В.И.Ленин атындағы ҚазПТИ сәулет факультетінде сурет және кескіндеме пәнінің мұғалімі қызметін атқарды. 1975 жылдан бастап, 1990 жылдарының басына дейін «Қазақфильм» киностудиясында анимациялық режиссер болып жұмыс істеді, сонымен бірге деректі фильмдер түсірді. Ол ASIFA мүшесі және Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы кино факультетінің бірінші деканы болған. 2001 жылдың 31 шілдесінде қаза тапты.
1964-1974 жылдары Мәскеу транспорт инженерлік институтында инженер-экономист мамандығы бойынша білім алған Тараздың тумасы Қатира Орынбайқызы жолдамамен Алматыға жіберіледі. Бұрын бірге оқыған құрбысына хабарласса, киностудияның жас мамандар тұратын «Витебский» деп аталып кеткен жатақханасына шақырады. «Құрбым Гүлзияға барсам, Әмен Қайдаров, Сламбек Тәуекелов отыр екен. Дәлізде Бауыржан Нөгербектің үйінен екі жігіттің шыққанын көрдім. Әдеміше келген жігіт қолтығына папка қыстырып алыпты. Кірген соң дәлізде көрген әдемішесі Солтүстік Қазақстан облысынан екенін айтты. Сламбек Ерсайынды мақтай жөнелсе, қыздар мені мақтайды. Бір-бірімізге лайықты екенімізді айтып, жеңгетайлық жасайды», – деп алғаш кездескен сәтті есіне алды. Сол жылдың соңында екі жас шаңырақ көтереді. Тойлары Қазақстан Жазушылар одағының маңындағы «Қаламгер» дәмханасында өткен екен. Тұңғыштары перзентханада шетінеп кеткеннен кейін ерлі-зайыптының қуанышына орай өмірге Әлима есімді қыз келеді.
Өмір мәнін сыйластық пен түсіністіктен тапқан ерлі-зайыпты тағдыр сынына мойымай, кез келген қиындықты бірге жеңіп, өз орталарына үлгі бола білді. Мереке кезінде ағамыздың шаңырағына келген қонақтардың алдында кіші қыздары Әйгерімге домбыра тартқызып, әртүрлі тақырыпта әзіл әңгіме, қағытпа, шымшылар айтып, айналаны күлкіге көметін сәттер де ұмытыла қойған жоқ.
Бала кезінде «Қазақстан пионері» газетінің сурет жарысына қатысып, жүлдесімен ауылдастарын қуантқан ол кейін өзінің фильмдерімен де көрермен көзайымына айналып, халықаралық байқауларда жеңімпаз атанды. «Тапқыштар», «Көзілдірікті қоян», «Қозы мен қоян жақсылықты қалай іздеді?», «Сиқырлы қарбыз», «Бозторғай» сынды мультфильмдері өз көрермендерін тапты.
«Ұзақтығы он минуттық мультфильм жасау үшін 14-15 мың сурет салынатынын, оны жасау ісіне 6-7 ай бойы 20-25 адам еңбек етуі керектігін айтсақ, бұл өнерді инемен құдық қазғандықпен салыстыруға келетінін түсіну қиын емес. Бейнелеу тәсілі мен әсерлеу мәнері бойынша мультипликация өнерінің мүмкіншілігіндей шығармашылық қуат басқа өнер салаларында шектеулі», – деп досы, белгілі кино маманы Сламбек Тәуекелов жазған екен.
Ерсайын Әбдірахманұлы – нағыз сурет маманы екенін кәсіби шеберлігімен дәлелдей білген тұлға. Ол Алаштың жарық жұлдызы Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасының желісімен түсірілген режиссер Сламбек Тәуекеловтің көркем фильмінде костюм үлгісін жасаушы-суретші болғанын елдің көбі біле бермейді. Әр костюмнің кішкентай детальдарына дейін жіті қадағалап, талай тарих жазбаларына үңілгенін замандастары бүгінге дейін айтып жүреді.
Ерсайынның анасы Қайныш Мәдиқызы – Бекмағамбеттің (Мағжанның әкесі Бекен) інісі Нұрмағамбеттің немересі. «Азат» тәуелсіз газетінің 1993 жылы 15 тамыздағы нөміріне басылған «Жұмабай» әулетінің шежіресін жазып, дизайнын жасаған Ерсайын Әбдірахманов екенін де естен шығармағанымыз абзал. «Ерекең жастарға қолдау көрсете білді. Талапкерлердің болашағына үлкен сенім артты. Т.Жүргенов академиясында қызмет еткенде оқуға түсуге келген түлектерді үйге алып келіп, тамақтандырып, қондыратын. «Қатира, бұл балаларда үй жалдауға жағдай болмаса да, таудай талант бар», – деп қолынан келген жақсылығын аямады. Кейде төрімізде болған студенттер кейбір жиындарда кездессек Ерағаларын айтып, сыр шерткенде төбемді көкке жеткізеді», – дейді жақсының жары.
Қатира Орынбайқызының айтуынша, Ерекең туған жеріне жиі барып тұрған екен. Әлима мен Әйгерімін ерекше жақсы көргенін айтады. «Отбасында мейірімді болды. Жұмыстан келіп, кешкі ас дайындағанша балаларымен үлкен адамша әңгімелесіп, кино көріп, газет алып келіп, оқып отыратын. Мінезі жұмсақ еді. Екеуіміз ешқашан ұрысқан емеспіз. Айтқанымның бәріне келісетін. Кез келген адаммен әзілі жарасатын», – дейді Қатира апамыз.
Ерсайын Әбдірахманұлының құлын-тайдай тебісіп бірге өскен досы Қалымжан Өтеуленов құрдасының кеңпейілділігі, адамгершілік, мейірімділік қасиеттері бала кезінде қалыптасқанын айтады. «Ауылдағы алаңқайдан басталған достығымыз Алатау баурайында жалғасты. Ерсайын жоғары оқу орнын бітірген соң жолдамамен Петропавл қаласындағы мектептердің бірінде жұмыс істеді. Бір жылдан соң Алматыға әскерге аттанды. Содан Қызылжарға қайтпай, «Қазақфильмге» орналасты. Мен Ақтауға кеттім. Алып шаһарға жұмыс сапарымен барғанда қонақүйге тұрақтасам ренжитін. Сондықтан ат басын Ерсайынның үйіне бұратынмын. Қатира үнемі күлімдеп жүруші еді. Досымның ғұмыры қысқа болды. Бергенінен берері көп еді. Ерекеңмен бірге менің де балалығым келмеске кетті», – дейді Қалымжан Өтеуленов.
Ерсайын Әбдірахмановтың 1991 жылы жарық көрген «Жаңа-Арқа» фильмі – қазақ киносының «Алтын қорына» қосылған үздік шығармалардың бірі. Және де сол кезеңде болған оқиғадан хабар беретін құнды дерек көзі. Араға жеті жыл салып экран алдына ұсынылған «Өлім транзиті» фильмі тіптен күрделі тақырыпты арқалаған. Оның күрделілігі – халықаралық деңгейде қарастырылғандығы. Ал өзектілігі – проблеманың алдын алуға ұмтылыс жасауында. Тамырын тереңге жайып жіберген зұлымдыққа шектеу қоюды талап етеді. «Ерсайын «Ажал транзитін» түсіргенде үйде көп болмайтын еді. Осы фильмді түсіру барысында суық қаруды (тапанша) жанынан бір елі қалдырған емес. Өте қауіпті түсірілім болды», – деген Қатира апамыз «ЮНЕСКО-ның қорында қазақтың үш мультфильмі барын, солардың арасында Ерсайын Әбдірахмановтың есімі кездесетінін айтып ерінің өшпес із қалдырып, өзінен кейінгілердің аузында жүргеніне қуанғанын жеткізді.
Қазақ темір жол басқармасының жоспарлау бөлімінде 38 жыл қызмет етіп, зейнеткерлікке шыққан жақсының жары Әлима, Әйгерім есімді қыздарынан көрген жиендерінің қызығына кенеліп, бақытты ғұмыр кешуде. Күйеу балалары да осал адамдар емес. Серік Абас-шах пен Ысқақ Егембердиев екеуі де – елімізде журналистика саласының дамуына атсалысып жүрген жандар.
Екінің бірінің қолынан келмейтін анимациялық фильмдерді жарыққа шығарған белгілі режиссер Ерсайын Әбдірахмановтың есімі туған жерінде көп айтыла бермейтіні көңілге кірбің ұялатады. 2026 жылы режиссердің туғанына 80 жыл толмақ. Бұл мерейтой атаусыз қалмас деп ойлаймыз.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
«Soltüstık Qazaqstan».