«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛТТЫҚ БОЛМЫСТЫҢ ӨЗЕГІ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Бо­лашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру” мақаласын жариялап, та­ри­хи сананы жаңғыртуға бетбұ­рыс жасады. Ол “Рухани жаңғы­руды” тарлан тарихтың, жасам­паз бүгінгі күн мен жарқын бола­шақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы ретінде қарастыр­ды. Тағылымы мол тарихымыз бен ерте заманнан арқауы үзіл­ме­ген ұлттық салт-дәстүрді наси­хаттау “Рухани жаңғырудың” ең бас­ты алғышарты болып табыла­ды. Соның ішінде ұлттық код ай­рықша мәнге ие екенін айтқым ке­леді. Ұлттық код дегеніміз не? Ме­нің пайымдауымша, ұлттық код халқымыздың тұтас болмысын қамтитын биосоциогенетикалық ұғым. Оған генезис, тіл мен діл, дін мен тарих жатады. Сондықтан ата-бабамыздан бүгінгі күнге жет­кен тарих пен салт-дәстүрді, тіл мен ділді сақтау парыз. Ол үшін ұлттық сана-сезімнің көкжиегін ке­ңейтіп, ұлттық болмыстың өзегін сақтау міндет. Бұл орайда ұлт­тық рух бойымызда мәңгі қалуы үшін не істеу қажет деген сауал ой­ға оралады. Рухани мәдение­тіміздің бір парасы ретінде ғасыр­лар қойнауынан жеткен бабалар өсиетін жадымызға түйген жөн. Кемеңгер Абай атамыздың мұра­сын, тарихи тұлғалар мен олар­дың еңбектерін насихаттау бүгінгі күннің маңызды міндеті болып саналады.

Еліміз әлем таныған өрке­ниет­ті мемлекеттер қатарына қо­сылды. Елбасымыз Қазақстанды “Ұлы Дала елі” деп атауды ұсын­ды. Бұл ұсыныс қазақстандықтар мен шетелдерде тұратын қан­дас­тарымыздың тарапынан қол­дау­ға ие болғанын айтып өткен жөн. Елбасы бейресми атауы бар бір­қатар мемлекеттер­ді мысал ре­тін­де келтірген бола­тын. Мәсе­лен Жапония – күншы­ғыс елі, Ко­рея – таңғы балғындық елі, Ни­дерланды – қызғалдақтар елі, Қы­тай аспан асты елі ата­уына ие. Бүгінде Қазақстан “Ұлы Дала елі” деген брендпен та­нылуда.
“Ұлы Дала” ұғымы – М.Әжінің “Жу­санды Дешті Қыпшақ даласы” атты монографиясында көнеден келе жатқан сөз екені айтылған. Ал­тайдан Қара теңізге дейінгі да­ланы Дешті Қыпшақ деп атаған. Бұл атау бүгінгі күнге дейін жет­кен жыр, қисса, дастандарда, түр­кі тілдес халықтар туралы де­ректерде, орыс әдебиеттерінде, Қытай жазбаларында және Лев Гумилевтың еңбектерінде кез­деседі.
Біздің бабаларымыз “Ұлы Да­ла” мен мәңгілік көк аспан астында өмір сүр­ген. Сондықтан жасыл және көк түс үйлесім тапты. Көк аспан біздің Туымызда да бейнеленген. Ендеше, ата-баба­ларымыздан мұра болып қал­ған, Алтай мен Атырау, Арқа мен Жетісудың арасында көсіліп жат­қан ұлан-ғайыр мемлекеті­міз­дің “Ұлы Дала елі” атануы кездей­соқ­тық емес. Бұл атау еліміздің геог­рафиялық ерекшелігіне си­пат­та­ма ғана емес, халқы­мыз­дың күш-қуатының айрықша мәртебесі мен Тәуелсіздігінің ны­шаны ре­тін­де қабылданған дұ­рыс шешім деп түсіну қажет. Сон­дықтан осы ерекше атауды өз са­намызға ға­на сіңіріп қоймай, оны дүниежүзі халықтары алдында насихаттап, айшықтау керек.
Ұлттық болмысымызды ай­қын­дай­тын идеологиялық бағыт­та­ғы іс-шаралардың ішінде биыл шығыстың көрнекті ойшылы, ағар­тушы, философ Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы, ұлы ақын, данышпан Абай Құ­нан­баевтың 175 жылдығы аталып өтіл­мек. Қос тарихи тұлғаның мерейтой­ла­ры әлемдік деңгейде аталуы – рухани дүниеміздің қайта түлеп, жаңғыруы деп қабылдаған жөн. Өркениетті даму жолына түскен мемлекетіміз үшін Абайдың 175 жылдығын мағыналы да мәнді етіп өткізуге ерекше мән беріп отыр­ған Президентіміз Қасым-Жо­март Тоқаев бұл тарихи оқиға­лардың өскелең ұрпақ үшін тәлімі мол болуы қажеттігін атап өткен болатын.
Ұлт тарихы – барша халқымыз үшін ең қадірлі де баға жетпес құн­дылық. Мемлекет ұстанған сая­сат барша қазақстандықтардың, әсіресе, ауыл жастарының келе­ше­гіне үміт пен сенім ұялатады. Қазіргі уақытта жастар заманауи озық біліммен қаруланып, елі­міз­дегі жоғары оқу орындарымен қа­тар, шетелдің беделді универси­тет­те­рінде білім алу мүмкіндігіне ие болуда. Туған тамырынан нәр алған жастарға дұрыс бағытта бі­лім мен тәрбие берсек, олар ке­лешекте біздің ұлттық құнды­лық­тарымыздың сақталуына ықпал етері сөзсіз. Ауылда туып, ата-ба­ба салтынан ажырамай, дәстүрі­міз­ді дәріптеп, ұлттық құндылық­тарымызды бойына сіңіріп өскен ұрпақтың болашағын қамтама­сыз ету елдік мақсатымызға ай­налуы керек. Ендеше, ата-баба­ларымыздың арманы “Мәң­гілік ел” болу төңірегіне жұ­мы­лып, “Ұлы Дала елінің” жарқын болашағы үшін аянбай қызмет атқаруымыз керек.


Зылыйха БИМАҚАНОВА,
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp