
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласын жариялап, тарихи сананы жаңғыртуға бетбұрыс жасады. Ол “Рухани жаңғыруды” тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы ретінде қарастырды. Тағылымы мол тарихымыз бен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрді насихаттау “Рухани жаңғырудың” ең басты алғышарты болып табылады. Соның ішінде ұлттық код айрықша мәнге ие екенін айтқым келеді. Ұлттық код дегеніміз не? Менің пайымдауымша, ұлттық код халқымыздың тұтас болмысын қамтитын биосоциогенетикалық ұғым. Оған генезис, тіл мен діл, дін мен тарих жатады. Сондықтан ата-бабамыздан бүгінгі күнге жеткен тарих пен салт-дәстүрді, тіл мен ділді сақтау парыз. Ол үшін ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейтіп, ұлттық болмыстың өзегін сақтау міндет. Бұл орайда ұлттық рух бойымызда мәңгі қалуы үшін не істеу қажет деген сауал ойға оралады. Рухани мәдениетіміздің бір парасы ретінде ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар өсиетін жадымызға түйген жөн. Кемеңгер Абай атамыздың мұрасын, тарихи тұлғалар мен олардың еңбектерін насихаттау бүгінгі күннің маңызды міндеті болып саналады.
Еліміз әлем таныған өркениетті мемлекеттер қатарына қосылды. Елбасымыз Қазақстанды “Ұлы Дала елі” деп атауды ұсынды. Бұл ұсыныс қазақстандықтар мен шетелдерде тұратын қандастарымыздың тарапынан қолдауға ие болғанын айтып өткен жөн. Елбасы бейресми атауы бар бірқатар мемлекеттерді мысал ретінде келтірген болатын. Мәселен Жапония – күншығыс елі, Корея – таңғы балғындық елі, Нидерланды – қызғалдақтар елі, Қытай аспан асты елі атауына ие. Бүгінде Қазақстан “Ұлы Дала елі” деген брендпен танылуда.
“Ұлы Дала” ұғымы – М.Әжінің “Жусанды Дешті Қыпшақ даласы” атты монографиясында көнеден келе жатқан сөз екені айтылған. Алтайдан Қара теңізге дейінгі даланы Дешті Қыпшақ деп атаған. Бұл атау бүгінгі күнге дейін жеткен жыр, қисса, дастандарда, түркі тілдес халықтар туралы деректерде, орыс әдебиеттерінде, Қытай жазбаларында және Лев Гумилевтың еңбектерінде кездеседі.
Біздің бабаларымыз “Ұлы Дала” мен мәңгілік көк аспан астында өмір сүрген. Сондықтан жасыл және көк түс үйлесім тапты. Көк аспан біздің Туымызда да бейнеленген. Ендеше, ата-бабаларымыздан мұра болып қалған, Алтай мен Атырау, Арқа мен Жетісудың арасында көсіліп жатқан ұлан-ғайыр мемлекетіміздің “Ұлы Дала елі” атануы кездейсоқтық емес. Бұл атау еліміздің географиялық ерекшелігіне сипаттама ғана емес, халқымыздың күш-қуатының айрықша мәртебесі мен Тәуелсіздігінің нышаны ретінде қабылданған дұрыс шешім деп түсіну қажет. Сондықтан осы ерекше атауды өз санамызға ғана сіңіріп қоймай, оны дүниежүзі халықтары алдында насихаттап, айшықтау керек.
Ұлттық болмысымызды айқындайтын идеологиялық бағыттағы іс-шаралардың ішінде биыл шығыстың көрнекті ойшылы, ағартушы, философ Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы, ұлы ақын, данышпан Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы аталып өтілмек. Қос тарихи тұлғаның мерейтойлары әлемдік деңгейде аталуы – рухани дүниеміздің қайта түлеп, жаңғыруы деп қабылдаған жөн. Өркениетті даму жолына түскен мемлекетіміз үшін Абайдың 175 жылдығын мағыналы да мәнді етіп өткізуге ерекше мән беріп отырған Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бұл тарихи оқиғалардың өскелең ұрпақ үшін тәлімі мол болуы қажеттігін атап өткен болатын.
Ұлт тарихы – барша халқымыз үшін ең қадірлі де баға жетпес құндылық. Мемлекет ұстанған саясат барша қазақстандықтардың, әсіресе, ауыл жастарының келешегіне үміт пен сенім ұялатады. Қазіргі уақытта жастар заманауи озық біліммен қаруланып, еліміздегі жоғары оқу орындарымен қатар, шетелдің беделді университеттерінде білім алу мүмкіндігіне ие болуда. Туған тамырынан нәр алған жастарға дұрыс бағытта білім мен тәрбие берсек, олар келешекте біздің ұлттық құндылықтарымыздың сақталуына ықпал етері сөзсіз. Ауылда туып, ата-баба салтынан ажырамай, дәстүрімізді дәріптеп, ұлттық құндылықтарымызды бойына сіңіріп өскен ұрпақтың болашағын қамтамасыз ету елдік мақсатымызға айналуы керек. Ендеше, ата-бабаларымыздың арманы “Мәңгілік ел” болу төңірегіне жұмылып, “Ұлы Дала елінің” жарқын болашағы үшін аянбай қызмет атқаруымыз керек.
Зылыйха БИМАҚАНОВА,
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент.