«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛТТЫҚ БОЛМЫСЫМЫЗДЫҢ ДІҢГЕГІ

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде Қазақстан халқы тілдерінің 17-ші облыстық фестивалі өтті. Салтанатты шараға өңір басшысы Ерік Сұлтанов және этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, мемлекеттік мекемелердің басшылары мен тіл жанашырлары қатысты. Алдымен фестиваль меймандарының назарына этномәдени бірлестіктердің ұлттық құндылықтары мен қолөнер бұйымдары қойылған көрмесі ұсынылды.

Мерекеге қатысушыларды құттықтаған облыс әкімі Ерік Хамзаұлы:  

– Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мемлекеттік тіл ұлттық болмысымыздың діңгегі болуы қажеттігін үнемі айтады. Қазақстан өзінің тәуелсіздік туын тіккелі мемлекеттік тілдің елімізде жүйелі түрде дамуына айрықша назар аударып келеді. Рухани құндылықтарымызды байыту, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, этностар тіліне қамқорлық жасап, этносаралық келісімді нығайту – тіл саясатының басым бағыттарының бірі, – деді.

Бүгінгі күні өңіріміздің мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде 22 мыңнан астам бүлдіршін тілдерді оқып, үйреніп жатса, 300-ге жуық өзге этнос балалары қазақ тілінде білім алып жүр. Сондай-ақ, өңір басшысы өз баяндамасында олардың біздің елімізде ана тілдері мен тарихынан, мәдениетінен ажырамай, керісінше, өз құндылықтарын білуге мүмкіндігі бар екенін де айтып өтті.

Фестиваль аясында 400-ден астам іс-шара өткізу жоспарланған.

Мерекеде мемлекеттік тілді дамытуға және оны насихаттауға қосқан үлесі үшін бір топ азаматтарға облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табыс етілді. Бұған қоса “Мемлекеттік тілде құжат жүргізуші үздік аудан”, “Тіл меценаты”, “Мемлекеттік тілді насихаттаушы үздік жарнама агенттігі” аталымдары бойынша озық шыққандар марапатталды. Олардың қатарында Тимирязев ауданы, “Архстрой” жарнама агенттігі, “Барбанг” күрд этномәдени бірлестігі, №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешені, тағы басқалары бар.

Мерекеге қатысушыларды Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған “Ұлы дала елі” атты республикалық тарихи-мәдени экспедицияның мүшесі Ғосман Төлеғұл құттықтап, ірі тұлғалар дүниеге келген өңірімізде қазақ тілін дамытуға бағытталған бастамаларды құптайтынын жеткізді. Қазақ тілін меңгерген Александр Назаренко, Татьяна Никулина, Мария Чернышова және тағы басқалар мінбеге көтеріліп, лебіздерін мемлекеттік тілде жеткізді. Фестиваль соңында көрермендерге облыс орталығындағы балабақша тәрбиеленушілері мен аудандардан келген өнерпаздардың өнері ұсынылды.

Айгүл ЫСҚАҚОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp