
“Рухани жаңғыру” бағдарламасы – ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат. Бұл мақалада сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан айырылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы өзекті мәселе көтерген.
Саяси, экономикалық реформаларда егемен еліміз бірқатар нәтижеге қол жеткізгені баршаға мәлім. Қазір біз адами құндылықты, рухани қазынаны насихаттап, жастарға өнегелі тәрбие берудің алғышартын қарастыруға тиіспіз. Бұл халқымыздың ұлттық салт-дәстүр, ана тіл мен әдебиет, мәдениет, ұлттық рухымызды жаңғырту деген асыл ұғымға келіп саяды.
“Рухани жаңғыру” – қазақстандықтардың дүниетанымын өзгертетін қозғаушы күш. Тәуелсіз еліміздің баянды болашағы үшін жасалып жатқан игі істі жүзеге асыру баршаның міндеті. Қоғамды құрайтын – адам. Ендеше, әр адам еліміздің ертеңі үшін аянбай еңбек етіп, рухани болмыстан ажырап қалмау үшін барын салуы керек деп ойлаймын. Рухани дүниетанымы бай адам ешқашан ұлттың атына кір келтірмейді. Сондықтан аталмыш бағдарлама жеке адамдарға ғана емес, мәдениет саласы қызметкерлеріне де жауапкершілік жүктейді. Бұл орайда, Айыртау ауданының мәдениет саласында да айтарлықтай жұмыстар жүзеге асырылуда. Бүгінде ауданда 59 мәдени нысан бар. Соның ішінде 30 клубтық мекеме мен 27 кітапхана, екі музей жұмыс істейді. Жүзге жуық адам еңбек ететін ұйымдарда түрлі іс-шаралар өтеді.
Жыл басынан бері үш мың адамның қатысуымен жетпістен астам шара өтті. Соның бірқатарына тоқталып өткенді жөн санап отырмын. Сырымбет, Құспек ауылдық кітапханаларында “Бабалар сөзі – ғасырлар үні” атты әдеби кеш пен “Көркемсөз оқу көшбасшысы” байқауы ұйымдастырылды. Ал аудандық кітапханада “Туған жер – алтын бесік” поэтикалық сағаты өтті. Шарада кітап көрмесі ұйымдастырылып, туған жерден түлеп ұшқан ақын-жазушылардың шығармалары көрермендердің назарына ұсынылды.
Айыртаудың атырабы сұлу табиғатымен ерекшеленеді. Бұл өңір көптеген дарындарды құндақтаған қасиетті мекен екенін айтқан жөн. Шоқандай ғұлама ғалымның балалық шағы өткен Арқадағы асыл аймақта аспандағы аққуға үнін қосып, қазақ даласын әнмен тербеткен Ақан сері, Үкілі Ыбырай сынды халқымыздың біртуар ұлдары осы өңірдің топырағынан нәр алды. От ауызды, орақ тілді айтыс ақындары Орынбай Бертағыұлы, Мұса Асайынов та туған жердің төл перзенті екенін мақтан етеміз.
Көз тоймас көркімен адам жанын баурап алар Айыртаудың әсем табиғатына тамсанбаған жан жоқ шығар, сірә. Айдын шалқар көлі, сыңсыған қалың орманы, кең жазық даласы мен әр тасы тарихтан сыр шертетін Сырымбет тауы баурайындағы Айғаным қонысын, Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық кешенін тамашалауға келетін қонақтар қатары жыл санап көбейе түсуде. Туристердің қатысуымен көптеген іс-шаралар өтетінін тілге тиек етуге болады.
Бүгінде аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен 2017-2020 жылдарға арналған “Туған жер” атты өлкетану бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оның аясында “Айыртау жерінің Ұлы тұлғалары” атты диск жарық көрді. Қазір аудандағы мәдениет мекемелерінде өлкетану бағыты бойынша он клуб жұмыс істейді. “Туған жер – алтын бесік”, “Атамекен” сияқты бірқатар ұйымдардың жұмысын да ерекше атап өткен жөн.
Жыл сайын бізде көркемөнерпаздар байқауы өтеді. Биыл бұл байқауға мыңнан астам адам қатысты. Ұрпақтар сабақтастығын сақтау, тарихпен байланыс орнату – болашақ үшін маңызды дүниелер. Біз болашаққа нық қадам басып келе жатқан дамушы мемлекетпіз. Сондықтан “Рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласының “Қазақстанның қасиетті географиясы” бағыты бойынша мәдениет мекемелерінде оннан астам іс-шара ұйымдастырылды.
Үстіміздегі жылы аудандық мұражайда төрт мыңнан астам адам болды. Жыл сайын жазғы демалыс кезінде “Круиз” туристік фирмасының қолдауымен Петропавл, Көкшетау қалаларынан мектеп оқушылары аудандағы мұражайларға келіп, өңір тарихынан сыр шертетін жәдігерлерді тамашалайды.
“Тіл – ұлттың жаны” деп бекер айтылмаған. Өйткені, тіл – қай ұлттың болмасын тарихы мен тағдыры, тәлімі мен тәрбиесінің негізі, қатынас құралы болып саналады. Мемлекеттік тілді құрметтеу, қазақ тілінің мәртебесін көтеру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында аудандық Мәдениет үйінде “Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру” тақырыбында семинар өтті. Бұл шаралардың барлығы ұлттық болмысымызды сақтап қалуға бағытталған. Сондықтан ұлттың ұлы мұраты жолында аянбай еңбек етіп, бұл жұмыстарды ары қарай жалғастыратын боламыз.
Гүлнәр ӨТЕУЛИНА,
Айыртау аудандық
мәдениет және тілдерді
дамыту бөлімінің басшысы.