Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуге еліміз бойынша 100 мыңнан астам түлек қатысады деп күтілуде. Ұлттық бірыңғай тестілеу қазақ және орыс тілдерінде оқитын оқушылар үшін мына бес пән бойынша өткізіледі: қазақ тілі (орыс тілінде оқытылатын мектептерде), орыс тілі (қазақ тілінде оқытылатын мектептерде), математика, Қазақстан тарихы және таңдау бойынша пән (таңдалған мамандық бойынша, шығармашылық мамандықтарға таңдау пәні – ерікті).
Әрбір пән бойынша тест тапсырмаларының саны – 25. Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізуге үш жарым астрономиялық сағат (210 минут) беріледі. Ұлттық бірыңғай тестілеуді қайта тапсыруға рұқсат етілмейді.
Тестілеуді объективті және ұйымдасқан түрде өткізуді Білім және ғылым министрлігінен арнайы дайындалған өкілдер қамтамасыз етеді.
Барлық Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізу пункттерінде жергілікті атқару органдары мен министрлік тарапынан сынақты табысты әрі жайлы тапсыруға қажетті жағдай жасалады.
Ұлттық бірыңғай тестілеу елімізде 2015 жылғы маусымның 1-і мен 15-і аралығында өтеді.
(Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің сайтынан).