«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛТТЫҚ ГАЗЕТ hӘМ ТІЛ МӘСЕЛЕСІ

Тұтас бір дәуірдің жылнамасы саналатын “Soltústіk Qazaqstan” газетінің шаң басқан әр санын па­рақтай отырып, әлеуметтік-эко­но­микалық, саяси, тағы басқа сан-салалы мәселелермен қатар ата-бабамыздың кейінгі ұрпаққа мұра, мирас ретінде аманаттаған сарқылмас рухани құндылық­тары жайлы да кеңінен жазғанын байқау қиын емес. Оның ішінде ең соқталысы – күрделі тарихи ке­зеңнің тынысын тамыршыдай тап басып, ой елегінен өткізіп, елдігі­міз­дің, тұтастығымыздың басты өлшемі, мемлекеттік нышаны іс­петтес, күн көзіндей қуатты, ана сү­тіндей қасиетті тіліміз жайлы ағы­нан ақтарыла жазуы.

Мемле­кет­тің, егемендіктің тұтас келбе­тін айқындайтын атрибут, халық­тың негізгі белгісі, болмыс-бітімі қашан да – тіл. Солтүстікқазақ­стан­дық қалам­гер­лер өздеріне жүктелген тарихи миссияны адал атқарып, ана тілімізге қатысты өткір мәселе­лерге жедел үн қосып отырғаны, қара орман­дай оқырмандардың ұсыныс-пі­кірлері мен жергілікті билік тара­пы­нан қабылданған шешімдердің жүзеге асуына да айтарлықтай ық­пал жасағаны еш талас тудыр­май­ды. “Орысша біл­месең адам бол­майсың, нан тауып жей алмай­сың” деген қасаң қағида са­наны улап, кеңестік идеология­ның дәуірлеп тұрған тұсында “Ту­ған тілдің туын жықпайық” деген арнайы айдар ашылып, “тіл тағ­ды­ры – ұрпақ тағдыры” екенін жұрт­шылыққа жүйелі түрде жеткі­зе білу, батыл ойлар, кесімді тө­релік айту, кежегесі кейін тартқан лауазым иелерін сабасына түсіру елдіктің негізгі шарттары – ұлт ру­хымен, тілмен тығыз сабақтас еке­нін, оларды бір-бірінен бөле-жаруға болмайтынын әр кез еске са­лып отырады. Сүйекке әбден сі­ңіп, маңдайға сор болып жабыс­қан, батпандап кіріп, мысқалдап шық­қан “орысшыл мінезден” арылу жолдарын атап көрсетеді, жол, бағыт нұсқайды. Аталмыш ай­дардың алғашқы беташар са­нында (31.01.1989 ж.) жазылған аң­датпада “ана тіліміздің қазіргі халі бәрімізді алаңдатады. Оны ре­дак­цияға оқырмандардан түсіп жат­қан хаттар да айғақтайды”, – дей келіп, туған тілдің толғақты жайт­тары жайлы ашық пікірлесу­ге шақырады. Тұтас бет жойылу­дың аз-ақ алдында тұрған ана тіліміздің тағдыркешті қасіретті жайларына арналған. Жамбыл ауданынан Бағира Рсаева “Неге арланамыз?” деген мақаласында орыс тілінің үстемдігіне қынжы­ла­ды. Облыстық автомобиль бір­лес­тігінің ревизоры Жақсыбай Са­мұратов “Ойға түстім, толғандым, өз мінімді қолға алдым” атты проб­лемалық жарияланымында қазақ тілінің қоғамдық мәнін, өмір­дегі орнын, қолдану өрісін ке­ңейтудің, орыс тілі ықпалынан құ­тылудың жолдарын қарастыра­ды. Бұрынғы Ленин ауданы Мектеп ауылы­ның тұрғыны Сатыбалды Байжұ­манов “Ана тілім” өлеңімен үн қосқан.
Кеңес дәуірі қалдырған кезең­нің салмағы қанша ауыр соқса да, ұлтты сақтаудың негізгі кепілі тіл деген ұстанымды ұғындыруға ұм­тылдыратын мақалалар легі жиі ұшырасады. Солардың бірін Жам­был ауданынан Тілеген Жетеев жолдапты (24.02.1989 ж.). “Тізгінді тең тартқан жөн” атты мақала жанай­қайға толы. Ата-аналар комитеті­нің төр­ағасы ретінде ішкі күйінішін жа­сыр­майды. “Мектеп ұстазда­ры­­ның басым көпшілігі қазақтар бо­ла тұра туған тілді үнемі қастер­лей бермейді. Қазақша сәлемдес­сең, көбі үндемейді. Егер бала ере­сек адаммен, атасымен орысша аман­дасатын болса, ол ана ті­лін ардақтай ала ма? Осы мек­теп­те (Қайранкөл) оқитын бала­лардың 80 процент­ке жуығы – қа­зақтар”, – деп ағы­нан жарылады. Бір өкініш­тісі, ара­да 30 жыл өтке­ні­не қара­мас­тан, осы проблема әлі күрмеу­лі күйін­де қалып отыр­ған тәрізді. Әсіре­се, облыс орта­лығында оқу­шылардың бір-бірі­мен орысша сөйлесуі етек ал­ған.
Патшалық Ресейден бергі “бө­ліп ал да билей бер” өктемдік сая­саты, шовинистік, сепаратистік пиғыл­дағы топтар… қай-қайсысы­ның орыс тілі ықпалын артты­рып, қазақ тілін көктей солдыр­мақ пасықтық ниеттері, қитұрқы әре­кеттерге барғаны, тіпті, идео­ло­гия­лық басты құралға айнал­дыр­ғаны талассыз шындық. 1960 жы­лы облыста 61 қазақ мектебі, 30 аралас мектеп болса, 1986 жы­лы қазақ мектебі – 15-ке, аралас мек­теп 16-ға кеміген. Қазақ бала­ла­рының 25,7 пайызы ғана ана тілін­де білім алған. Мемлеке­ті­міздің діңгегі – қазақ халқының тілін ба­рынша тұқыртудың амал-тәсіл­дері күшпен енгізіліп, та­ңылғанын облыстық халыққа бі­лім беру бас­қармасы бастығы­ның орынбаса­ры Қайролла Мұ­қа­нов “Өз хал­қыңа өгей болма” мақаласында (6.05.1989 ж.) жан-жақты талдап көр­сетеді. Оның айтуынша, “интер­на­ционалдық біртектіліктің”, “ұлт­тарды бірікті­ру­дің” теперішін қа­зақ елді ме­кендері көп көрген. Ха­лықтар мен тілдерді жақындас­тыруды наси­хат­таудың мақсатты түрдегі көрі­нісі салдарынан тіл саясаты өрес­кел бұрмаланған. Ұлттық мәдениетке зор нұқсан келген. Оның түпкі мақсаты орыс тілінің үстемдігін орнықтыруға бағыт­тал­ғаны айтпаса да түсінік­ті. Мы­на сұмдықты қараңыз! Ле­нин ау­данындағы (қазіргі Есіл ауданы) қазақша жұмыс істеп тұрған Қарағаш орта мектебі орысшаға кө­шірілген. Тұр­ғындар, мұғалім­дер, оқушылар – тегіс қазақ. Орталық, Жаңалық­тың балала­ры сегізжылдықтан кейін Ниж­ничириковкада орысша оқуға мәжбүр болған. Совет ауда­ны (қазіргі Аққайың ауданы) Амангелді мекте­бін­дегі 72 қазақ баласы тілдерін орысша сындыр­ған. Жамбыл ау­да­нында Киров, Суаткөл аралас мектептері орыс­шаға ауысты­рыл­ған. Озерный мектебінде 9-10-сыныптар ғана қазақша қал­ды­рыл­ған. Орыс ті­лінде сабақ бе­ре­тін мамандар­дың тапшылығы, білім сапасы­ның төмендігі ешкім­ді ойландыр­маған сықылды. Бі­рың­ғай қазақ­тар орналасқан жер­лерде ұлттық мектептердің жабы­луының бір ұшығы аудан, мектеп басшыларының немқұрайдылы­ғына келіп тіреледі. Басылымның бұл мәселеге қайта-қайта ора­лып, бақылауда ұстауынан кейін ғана сең қозғала бастағаны байқалады. Газет қазақ мектепте­рін орысшаға көшіру қажеттілік­тен емес, мәжбүрлеуден туындап отырғанын жазып, қазақ тілінің жетекші тіл бо­ла алмауының бөгесіндері толып жатыр деген байлам жа­сап, бала­бақша саласындағы қолдан жа­салған ағаттықтарды да өткір сын тезіне алады. “Аралағашта жаңа типті балабақша ашылып, сабақ­тар орысша өтеді. 150 бүлдіршін­нің 2-еуі ғана әзірбайжан. Бұл қа­лай? Ата-аналар талабы деген жай сылтау”, – деп жебенің бір ұшын селолық советтің төрағасы Зада Қасеноваға бағыттайды. Жамбыл ауданы Баян елді мекеніне комиссия барса, неміс қызы Шлейдовец Мария қазақша ағып тұрған көрі­неді. Ал балабақшада тәлім-тәр­бие орысша!
Қаламы жүйрік журналист Мә­лік Мұқанов “Қалада қазақ мек­те­бі ашылады деген қай заман?” (7.06.1989 ж.) мақаласында “ендігі бар мәселе қазақ балала­рын ана тілінде оқытуға тіреліп отыр. Қа­зақша оқыса, бала да­лада қала­ды деген сөздің жаң­сақ­тығын ұғы­натын мезгіл жетті”, – деп қандас­та­рын жігерлен­ді­реді, қанаттан­ды­рады, намысын жаниды. Көп ұзамай алғашқы қазақ сыныбы, кейін қазақ мек­тебі бой түзеп, жы­лымық желі есе бастағанын жұрт­шылық жақсы ырымға балайды.
Жер-су, елді мекен аттарын қал­пына келтіру, байырғы атау­ларын қайтару мәселелері де ке­ңі­нен қамтылған. “Жер тарихы – ел тарихы” айдарымен берілген топтама материалдар (25.01.1990 ж.) өткірлігімен назар аудартады. Солардың бірі – “Қаптап кеткен “ново” сын мақаласы. “Сол сияқты Қызылжар атауы төңірегінде де пікірлер бір төбе. Алдымен бұлтартпас фактілерге, дәлелдемелерге жүгінген жөн” деген көшелі ой айтады. Қойшы­бай Шәниев “Аяулы есімдерді ұмытпайық” деген мақаласында былай дейді: “Бір көшеде мектеп үйі салынса, басты көп қатырмас­тан “Школьная” деп атай сала­мыз. Арықпен су сылдырап ағып жатса, “Арычная” болып шыға ке­леді. М. Тырбиев, А. Нұртазин, Ғ. Малды­баев, И. Әлібаев сияқты халық ақындарының есімдері елеу­сіз қалып келеді”. Қазір де тә­уелсіздігімізге үш қайнаса сорпа­сы қосылмайтын Володарский, Халтурин, Сакко және Ванцетти, Клара Цеткина сияқты атаулар­дан көз сүрінеді. Об­лыс орта­лығында бір Сенная атында – 6, Кирпичная атында 4 көше бар. Соған қарағанда мұн­дай атау­ларды жаңарту қажеттігі күн тәр­тібінде тұр деген сөз.
Газет беттерін ақтара отырып туған тіл төңірегіндегі тартысты кү­рес, келелі әңгіме, ордалы ой­лар бір сәт те бәсеңдемегенін, үлкен қоғамдық қозғалыс туды­рып, ұсы­ныс-пікірлердің қолдау тапқанын аңғаруға болады. 1986-1987 жыл­дары 65 орыс мекте­бінде қазақ тілі сабағы оқыты­лып, 8780 оқу­шы қамтылса, 1990 жылы оқушы­лар саны 36140-қа жеткен. 53 ба­лабақшада қазақ тілі оқытылған. 2010 жылы ана тілінде оқыған қа­зақ балалары­ның саны 62 пайыз­ға жеткен. Басылым журналис­те­рінің тіке­лей атсалысуымен С. Шәй­мер­денов атындағы қалалық клас­сикалық гиназиясы, Қожа­бер­ген жырау атындағы №6 мек­тептің ашылғанын көпшілік ұмы­та қой­ған жоқ.
Алдағы уақытта да қазақ тілін дамыту, мемлекеттік деңгейге кө­теру, жаппай қолданыс аясын ке­ңейту, қоғамнан лайықты орнын табуға жәрдемдесу, өзге ұлт өкіл­дерінің құрмет сезімін қалыптас­тыру, бағдарламалық шаралар­дың орындалуына игі ықпал жа­сау мәселелеріне газет белсене араласа беретін болады.

Өмір ЕСҚАЛИ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp