
Тұтас бір дәуірдің жылнамасы саналатын “Soltústіk Qazaqstan” газетінің шаң басқан әр санын парақтай отырып, әлеуметтік-экономикалық, саяси, тағы басқа сан-салалы мәселелермен қатар ата-бабамыздың кейінгі ұрпаққа мұра, мирас ретінде аманаттаған сарқылмас рухани құндылықтары жайлы да кеңінен жазғанын байқау қиын емес. Оның ішінде ең соқталысы – күрделі тарихи кезеңнің тынысын тамыршыдай тап басып, ой елегінен өткізіп, елдігіміздің, тұтастығымыздың басты өлшемі, мемлекеттік нышаны іспеттес, күн көзіндей қуатты, ана сүтіндей қасиетті тіліміз жайлы ағынан ақтарыла жазуы.
Мемлекеттің, егемендіктің тұтас келбетін айқындайтын атрибут, халықтың негізгі белгісі, болмыс-бітімі қашан да – тіл. Солтүстікқазақстандық қаламгерлер өздеріне жүктелген тарихи миссияны адал атқарып, ана тілімізге қатысты өткір мәселелерге жедел үн қосып отырғаны, қара ормандай оқырмандардың ұсыныс-пікірлері мен жергілікті билік тарапынан қабылданған шешімдердің жүзеге асуына да айтарлықтай ықпал жасағаны еш талас тудырмайды. “Орысша білмесең адам болмайсың, нан тауып жей алмайсың” деген қасаң қағида сананы улап, кеңестік идеологияның дәуірлеп тұрған тұсында “Туған тілдің туын жықпайық” деген арнайы айдар ашылып, “тіл тағдыры – ұрпақ тағдыры” екенін жұртшылыққа жүйелі түрде жеткізе білу, батыл ойлар, кесімді төрелік айту, кежегесі кейін тартқан лауазым иелерін сабасына түсіру елдіктің негізгі шарттары – ұлт рухымен, тілмен тығыз сабақтас екенін, оларды бір-бірінен бөле-жаруға болмайтынын әр кез еске салып отырады. Сүйекке әбден сіңіп, маңдайға сор болып жабысқан, батпандап кіріп, мысқалдап шыққан “орысшыл мінезден” арылу жолдарын атап көрсетеді, жол, бағыт нұсқайды. Аталмыш айдардың алғашқы беташар санында (31.01.1989 ж.) жазылған аңдатпада “ана тіліміздің қазіргі халі бәрімізді алаңдатады. Оны редакцияға оқырмандардан түсіп жатқан хаттар да айғақтайды”, – дей келіп, туған тілдің толғақты жайттары жайлы ашық пікірлесуге шақырады. Тұтас бет жойылудың аз-ақ алдында тұрған ана тіліміздің тағдыркешті қасіретті жайларына арналған. Жамбыл ауданынан Бағира Рсаева “Неге арланамыз?” деген мақаласында орыс тілінің үстемдігіне қынжылады. Облыстық автомобиль бірлестігінің ревизоры Жақсыбай Самұратов “Ойға түстім, толғандым, өз мінімді қолға алдым” атты проблемалық жарияланымында қазақ тілінің қоғамдық мәнін, өмірдегі орнын, қолдану өрісін кеңейтудің, орыс тілі ықпалынан құтылудың жолдарын қарастырады. Бұрынғы Ленин ауданы Мектеп ауылының тұрғыны Сатыбалды Байжұманов “Ана тілім” өлеңімен үн қосқан.
Кеңес дәуірі қалдырған кезеңнің салмағы қанша ауыр соқса да, ұлтты сақтаудың негізгі кепілі тіл деген ұстанымды ұғындыруға ұмтылдыратын мақалалар легі жиі ұшырасады. Солардың бірін Жамбыл ауданынан Тілеген Жетеев жолдапты (24.02.1989 ж.). “Тізгінді тең тартқан жөн” атты мақала жанайқайға толы. Ата-аналар комитетінің төрағасы ретінде ішкі күйінішін жасырмайды. “Мектеп ұстаздарының басым көпшілігі қазақтар бола тұра туған тілді үнемі қастерлей бермейді. Қазақша сәлемдессең, көбі үндемейді. Егер бала ересек адаммен, атасымен орысша амандасатын болса, ол ана тілін ардақтай ала ма? Осы мектепте (Қайранкөл) оқитын балалардың 80 процентке жуығы – қазақтар”, – деп ағынан жарылады. Бір өкініштісі, арада 30 жыл өткеніне қарамастан, осы проблема әлі күрмеулі күйінде қалып отырған тәрізді. Әсіресе, облыс орталығында оқушылардың бір-бірімен орысша сөйлесуі етек алған.
Патшалық Ресейден бергі “бөліп ал да билей бер” өктемдік саясаты, шовинистік, сепаратистік пиғылдағы топтар… қай-қайсысының орыс тілі ықпалын арттырып, қазақ тілін көктей солдырмақ пасықтық ниеттері, қитұрқы әрекеттерге барғаны, тіпті, идеологиялық басты құралға айналдырғаны талассыз шындық. 1960 жылы облыста 61 қазақ мектебі, 30 аралас мектеп болса, 1986 жылы қазақ мектебі – 15-ке, аралас мектеп 16-ға кеміген. Қазақ балаларының 25,7 пайызы ғана ана тілінде білім алған. Мемлекетіміздің діңгегі – қазақ халқының тілін барынша тұқыртудың амал-тәсілдері күшпен енгізіліп, таңылғанын облыстық халыққа білім беру басқармасы бастығының орынбасары Қайролла Мұқанов “Өз халқыңа өгей болма” мақаласында (6.05.1989 ж.) жан-жақты талдап көрсетеді. Оның айтуынша, “интернационалдық біртектіліктің”, “ұлттарды біріктірудің” теперішін қазақ елді мекендері көп көрген. Халықтар мен тілдерді жақындастыруды насихаттаудың мақсатты түрдегі көрінісі салдарынан тіл саясаты өрескел бұрмаланған. Ұлттық мәдениетке зор нұқсан келген. Оның түпкі мақсаты орыс тілінің үстемдігін орнықтыруға бағытталғаны айтпаса да түсінікті. Мына сұмдықты қараңыз! Ленин ауданындағы (қазіргі Есіл ауданы) қазақша жұмыс істеп тұрған Қарағаш орта мектебі орысшаға көшірілген. Тұрғындар, мұғалімдер, оқушылар – тегіс қазақ. Орталық, Жаңалықтың балалары сегізжылдықтан кейін Нижничириковкада орысша оқуға мәжбүр болған. Совет ауданы (қазіргі Аққайың ауданы) Амангелді мектебіндегі 72 қазақ баласы тілдерін орысша сындырған. Жамбыл ауданында Киров, Суаткөл аралас мектептері орысшаға ауыстырылған. Озерный мектебінде 9-10-сыныптар ғана қазақша қалдырылған. Орыс тілінде сабақ беретін мамандардың тапшылығы, білім сапасының төмендігі ешкімді ойландырмаған сықылды. Бірыңғай қазақтар орналасқан жерлерде ұлттық мектептердің жабылуының бір ұшығы аудан, мектеп басшыларының немқұрайдылығына келіп тіреледі. Басылымның бұл мәселеге қайта-қайта оралып, бақылауда ұстауынан кейін ғана сең қозғала бастағаны байқалады. Газет қазақ мектептерін орысшаға көшіру қажеттіліктен емес, мәжбүрлеуден туындап отырғанын жазып, қазақ тілінің жетекші тіл бола алмауының бөгесіндері толып жатыр деген байлам жасап, балабақша саласындағы қолдан жасалған ағаттықтарды да өткір сын тезіне алады. “Аралағашта жаңа типті балабақша ашылып, сабақтар орысша өтеді. 150 бүлдіршіннің 2-еуі ғана әзірбайжан. Бұл қалай? Ата-аналар талабы деген жай сылтау”, – деп жебенің бір ұшын селолық советтің төрағасы Зада Қасеноваға бағыттайды. Жамбыл ауданы Баян елді мекеніне комиссия барса, неміс қызы Шлейдовец Мария қазақша ағып тұрған көрінеді. Ал балабақшада тәлім-тәрбие орысша!
Қаламы жүйрік журналист Мәлік Мұқанов “Қалада қазақ мектебі ашылады деген қай заман?” (7.06.1989 ж.) мақаласында “ендігі бар мәселе қазақ балаларын ана тілінде оқытуға тіреліп отыр. Қазақша оқыса, бала далада қалады деген сөздің жаңсақтығын ұғынатын мезгіл жетті”, – деп қандастарын жігерлендіреді, қанаттандырады, намысын жаниды. Көп ұзамай алғашқы қазақ сыныбы, кейін қазақ мектебі бой түзеп, жылымық желі есе бастағанын жұртшылық жақсы ырымға балайды.
Жер-су, елді мекен аттарын қалпына келтіру, байырғы атауларын қайтару мәселелері де кеңінен қамтылған. “Жер тарихы – ел тарихы” айдарымен берілген топтама материалдар (25.01.1990 ж.) өткірлігімен назар аудартады. Солардың бірі – “Қаптап кеткен “ново” сын мақаласы. “Сол сияқты Қызылжар атауы төңірегінде де пікірлер бір төбе. Алдымен бұлтартпас фактілерге, дәлелдемелерге жүгінген жөн” деген көшелі ой айтады. Қойшыбай Шәниев “Аяулы есімдерді ұмытпайық” деген мақаласында былай дейді: “Бір көшеде мектеп үйі салынса, басты көп қатырмастан “Школьная” деп атай саламыз. Арықпен су сылдырап ағып жатса, “Арычная” болып шыға келеді. М. Тырбиев, А. Нұртазин, Ғ. Малдыбаев, И. Әлібаев сияқты халық ақындарының есімдері елеусіз қалып келеді”. Қазір де тәуелсіздігімізге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын Володарский, Халтурин, Сакко және Ванцетти, Клара Цеткина сияқты атаулардан көз сүрінеді. Облыс орталығында бір Сенная атында – 6, Кирпичная атында 4 көше бар. Соған қарағанда мұндай атауларды жаңарту қажеттігі күн тәртібінде тұр деген сөз.
Газет беттерін ақтара отырып туған тіл төңірегіндегі тартысты күрес, келелі әңгіме, ордалы ойлар бір сәт те бәсеңдемегенін, үлкен қоғамдық қозғалыс тудырып, ұсыныс-пікірлердің қолдау тапқанын аңғаруға болады. 1986-1987 жылдары 65 орыс мектебінде қазақ тілі сабағы оқытылып, 8780 оқушы қамтылса, 1990 жылы оқушылар саны 36140-қа жеткен. 53 балабақшада қазақ тілі оқытылған. 2010 жылы ана тілінде оқыған қазақ балаларының саны 62 пайызға жеткен. Басылым журналистерінің тікелей атсалысуымен С. Шәймерденов атындағы қалалық классикалық гиназиясы, Қожаберген жырау атындағы №6 мектептің ашылғанын көпшілік ұмыта қойған жоқ.
Алдағы уақытта да қазақ тілін дамыту, мемлекеттік деңгейге көтеру, жаппай қолданыс аясын кеңейту, қоғамнан лайықты орнын табуға жәрдемдесу, өзге ұлт өкілдерінің құрмет сезімін қалыптастыру, бағдарламалық шаралардың орындалуына игі ықпал жасау мәселелеріне газет белсене араласа беретін болады.
Өмір ЕСҚАЛИ, “Soltústik Qazaqstan”.