«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮРІМІЗДІ ДӘРІПТЕГЕН

Петропавлдағы медициналық колледждің төртінші курсында оқып жүрген Омар Жамал – түрік этносының өкілі. Ол Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін асыға күтіп жүр. Өйткені, Омар бұл күні ең сүйікті асы – наурызкөжені дайындап, құрбы-құрдастарының үйіне мерекелеп бармақ. Оның етене жақын араласатын достарының көбі – қазақтың ұл-қыздары.

– Мен Жамбыл облысындағы Шу қаласында өмірге келдім. Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектепті тамамдаған соң оқуымды Петропавлда жалғастырудамын. Орыс сыныбында оқысам да, қазақшаны бір адамдай білемін. Өйткені, бала күнімнен қалың қазақтың ішінде аралас-құралас өстім. Ата-анам да, бауырларым да күнделікті тұрмыста қазақ тілін жиі қолданады, – дейді ол.

Омарды қазақылыққа баулып, қазақ өнерінің, мәдениетінің тұңғиығына бойлатқан оның ата-анасы. Бала тәрбиесімен, үй шаруасымен айналысқан анасы баланы жақсылыққа, елжандылыққа, еңбекқор болуға баулитын халқымыздың мақал-мәтелдерін, аңыз-әңгімелерін, жаңылтпаштарын Омарға, одан өзге балаларына жастайынан үйреткен екен. Омардың әкесі – кәсіпкер. Мейрамхана саласында жеке бизнесі бар ол да балаларының қазаққа жақын болып өсуіне көп мән беріп, жағдай жасаған екен. Содан да болар, қазақ қызының бойында кездесетін ибалылық, инабаттылық, биязылық сияқты қасиеттер Омарға да тән.

Зеректігімен, елгезектігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен ерекше көзге түскен Омар өзі оқитын оқу орнының қабырғасында өтетін әртүрлі іс-шаралардың басы-қасында жүреді. Жыл сайын Наурыз мерекесі қарсаңында болатын концерттің қызықты ұйымдастырылуына оның да қосқан үлесі көп.

– Наурыз мерекесі қазақ халқының ғана емес, күллі түркі жұртының ортақ мейрамы ғой. Күн мен түннің теңеліп, адамдардың аузы аққа тиетін бұл күнді қуанышты көңіл-күймен атап өту – ләзім. Оқушы кезімде анам есік алдын, ауланы қоқыстан тазартып, көрші-қолаңдарды, әкемнің жора-жолдастарын үйге шақырып, дәм тигізетін.

Бұл мерекенің ерекше тойлануына, еңбектеген баладан бастап, еңкейген қарттардың думанды шараларға қатысуына туған жерім – оңтүстік өңірдің жайма-шуақ ауа райы көп әсер етеді. Жер беті аппақ көрпесін шешіп, жасыл желек жамыла бастаған уақыт кімге болсын шадыман шаттық сыйлары сөзсіз. Бұл күні құрбы-құрдастарыммен бас қосып, алтыбақан теуіп, бір-бірімізге сыйлықтар жасайтынбыз. Осы әдетімізді бүгінде Петропавлда да жалғастырудамыз. Жеті немесе тоғыз түрлі тағамнан наурызкөже пісіріп, орталық алаңда өтетін мерекелік шараларға қатысуды жоспарлап отырмын, – дейді ол.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp