Облысқа жұмыс сапарымен Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев келді. Іссапардың басты мақсаты – өңірлік медицинаның қазіргі жағдайын бағалау, сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесінде жүзеге асырылып жатқан басым бағыттар мен мемлекеттік жобалардың барысын бақылау, жергілікті деңгейдегі түйткілді мәселелерді талдау.
Вице-министр алдымен Қызылжар ауданына қарасты Бескөл ауылына барып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Ашық диалог форматында өткен басқосуда ауыл тұрғындары өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді қозғады. Жиын барысында Тимур Сұлтанғазиев азаматтарды жеке қабылдап, көтерілген сауалдарға нақты жауап беріп, кейбір мәселелерді шешуді сол жерде жүрген жауапты мамандарға жүктеді.
Кездесу барысында вице-министр елімізде ауылдық жерлерде медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Қазіргі таңда «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» атты ұлттық жоба іске асырылуда. Бұл бастама ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсету, алғашқы медициналық-санитарлық көмекті күшейту, денсаулық сақтау нысандарының материалдық-техникалық базасын жаңарту секілді маңызды бағыттарды қамтиды.
Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, облыста бүгінде шамамен 7 мыңға жуық медицина қызметкері еңбек етеді, оның ішінде 1700-дейі – дәрігерлер. Алайда кадр тапшылығы әлі де өзекті. Қазіргі таңда өңірге 170- тен астам дәрігер және шамамен осынша орта медициналық буын мамандары қажет.
Сонымен қатар сапар аясында вице-министр денсаулық сақтау саласында жүргізіліп жатқан инфрақұрылымдық жобалардың барысымен танысып, бірқатар емдеу мекемелерін аралады.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».