Ұлттық киім – халқымыздың биік эстетикалық талғамының жемісі. Ою-өрнегі мен ондағы әшекей тастарының өзі көп нәрседен хабар беріп тұрады. Ал осы ұлттық құндылығымызды тек Наурыз мейрамы қарсаңында іздейтініміз жасырын емес. Ұмыт бола бастаған киімдерді заманауи үлгіде тігу, қазақы ою-өрнекпен безендіру – бүгінгі мақалаға арқау болғалы отырған кейіпкеріміздің негізгі мақсаты. Өз ісін дөңгелетіп отырған дизайнер Зарина Черняева – заманауи киім үлгілерін насихаттап жүргендердің бірі.
Жалпы аумағы 25 шаршы метрді құрайтын оның шағын ательесі Петропавл қаласындағы сауда орталықтарының бірінде орналасқан. Бұл жерден солтүстікқазақстандықтар мен шаһар қонақтары әйелдер мен ерлерге арналған кешкі көйлектер мен костюмдер, үй мен кеңсеге сән беретін перделер таңдай алады. Өнімнің сапасы мен ерекшелігі кез келген тұтынушыны таңдай қақтырары анық. Басты ерекшелік – қазақы бұйымдар көздің жауын алатын ою-өрнектермен көмкерілген.
– Қазіргі таңда жастардың басым бөлігі батыс мәдениетінің үлгісінде киінуді жөн көреді. Ұлттық құндылықтарды дәріптеу үшін жастарды мәжбүрлей алмаймыз. Сондықтан мұның басқа жолын іздестірген абзал. Мысалы, ою-өрнекпен безендірілген киімдерді сәнге айналдыру қажет, – дейді Зарина Рашидқызы.
Қызылжар ауданындағы Асаново ауылының тумасы осыдан сегіз жыл бұрын дизайнер мамандығын меңгеріп, тігін шеберханасын ашуға талпынады. Қаражат тапшылығына қарамастан, тәуекелге бел буып, халыққа керек-ау деген дүниелерді тігуді қолға алады. Ісмердің ательесі “Typical” маркалы заманауи тігін машиналарымен жабдықталған. Булы үтік пен жиектейтін құрал да бар. Ісін перделер тігуден бастаған Зарина Черняева бүгінгі таңда көйлек, костюм, белдемше, жейде және басқада киім-кешекке де тапсырыс алуда.
Дизайнердің айтуынша, елімізде ұлттық киімдер тігетін шеберханалар болғанымен, кеңсе киімдерін ою-өрнекпен безендіретін шеберлер көп емес. Неліктен бұл бағытты игермеске? Креативті дизайнерге былтыр қазақстандық брендтерді қалыптастыру және отандық өндірісті дамыту мақсатында қолға алынған “Altyn Oimaq” жобасының ұйымдастырушыларынан шақырту түскен кезде осындай ой келіп, бүгінгі күні оны табысты жүзеге асыруда.
– Қазір кез келген ателье мен шеберханада шапан, сәукеле мен тақия көптеп тігіледі. Ою-өрнекті материалға желімдеу арқылы бұл киімдерді күнде киіп жүру ыңғайсыздық тудырады. Сол себепті олар, негізінен, Наурыз мейрамында немесе мерейтойларда ғана сұранысқа ие болып жатады. Ұлттық киімдерді қанша дәріптесек те, әлемдік сән үлгісіне тосқауыл бола алмасымыз анық. Сондықтан мен бұл мәселеге жаңа қырынан келдім. Яғни, күнделікті және кеңсе киімінің жалпы стилін сақтай отыра, ұлттық дәстүрдің элементтерін енгізуді қолға алдым, – дейді ісмер.
Бұл бастаманың сәтті болғанын соңғы уақытта артқан тапсырыс көлемінен байқауға болады. Нұр-Сұлтан қаласында өткен республикалық байқаудан кейін шебер ерлердің спорттық костюмдерін де оюмен безендіруді қолға алып отыр. Тапсырысы артқан ісмерге Светлана Юркевич мен Гүлжан Баймұрзина сынды тәжірибелі шеберлер және Анна Әлімбекова есімді шәкірті көмектеседі. Алдын ала тапсырыс бойынша жұмыс істейтін ателье айына 200-250 киім тігеді.
Облыста жеңіл өнеркәсіптің кенже дамуына байланысты дизайнерлердің туындыларын көпшілікке таныстыратын арнайы алаңның болмауы да олардың ісіне қолбайлау болуда. Ал кәсіби көрмелерге қатысу үшін қомақты қаражат қажет. Петропавлдық шебер ою-өрнегі бар кеңсе киімдері арнайы алаңдарда жұртшылыққа кеңінен таныстырылса, құба-құп болар еді, дейді. Бәлкім, сол кезде ұлттық нақыштағы киімдерді мақтанышпен үстінен тастамайтындар қатары көбейер ме еді?
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: З.Черняева.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.