«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛТТЫҚ МҮДДЕНІ ҰМЫТПАЙЫҚ!

Елбасының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласында: “Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арыл­масақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек”, – деген сөздері әркімнің-ақ жүрегіне жылу, көкірегіне сәуле құяды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталатынын да ылайым дәттеп отырады. Ендеше, ұлттық құндылықтардан ажырамаған, Отан алдындағы перзенттік парызына адал ұрпақ өсіру бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселенің бірі болып табылады.

Біздің өңірімізде кеңестік кезеңнен қалған жер-су атаулары жетерлік. Осылардан арылып, ұлттық нақыштағы атауларға бет бұру – заман талабы ғана емес, жас ұрпақтың отаншылдық секілді ізгі сезімін оятудың, бүгінгі қоғамның рухани жаңғыруының бірден-бір жолы. Менің айтайын дегенім, жақында “Soltústіk Qazaqstan” газетінің №109 (13.09.2018 жыл) санында жарық көрген облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Кемел Оспановтың “Мәңгілік елдің мәртебесі” деген мақаласына байланысты ой қосу. Басқарма жетекшісі өздерінің жыл бойы атқарған жұмыстарын баяндай келіп, ономастика мәселесі жайлы да сөз қозғайды. Кемел Қарашаұлының сөзіне сенсек, қағаз бетінде бәрі жақсы. Алайда, шынымен де біздің өңірімізде ел-жер, көше атауларын өзгерту жұмыстары ойдағыдай жүріп жатыр ма?

Жоқ, олай деп айта алмаймыз. Азаттықтың ақ таңы арайлап атқанына, міне, ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Бірақ бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар әлі де көңілден шығып отырған жоқ. Неге? Ономастика комиссиясының жұмысы әлі сылбыр. Билік басындағылар елді мекен, көшелерге ұлттық сипатымызға сай келетін атауларды беруге неге құлықсыздық танытады, міне, мені осы мәселелер алаңдатып отыр. Сондықтан да оларға өз назымды айтуды жөн деп шештім.

Жоғарыдағы мақаланың авторы: “Жуырда өткен облыстық ономастика комиссиясы отырысында бес нысанға ұлы тұлғалардың есімдерін беру, Уәлиханов ауданындағы “Молодая гвардия” ауылының атауын “Жас Ұлан” деп өзгерту және Айыртау, Қызылжар, Тайынша, Мағжан Жұмабаев, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардың бірқатар елді мекендеріндегі 139 көшенің атауын өзгерту және қайта атау мәселесі қарастырылды. Өнер колледжі – музыкалық эстетикалық бейіндегі дарынды балалар мектеп-интернатына Ермек Серкебаевтың, Петропавл қаласындағы №24 орта мектепке Мәті Құсайыновтың, Қызылжар ауданы Новоникольск орта мектебіне Геннадий Зенченконың, облыстық филармонияға Ақан серінің, Мағжан Жұмабаев ауданындағы №4 Булаево орта мектебіне Мағжан Жұмабаевтың есімін беру туралы ұсыныстарды комиссия мүшелері бірауыздан қолдады”, – деп жазады. Қасиетті Қызылжар өңірі елі мен жері үшін жан аямаған аяулы тұлғалардан кенде емес. Солардың есімдері ардақталып жатса, оған кім қарсылық білдірсін. Жоғарыда есімдері аталған азаматтардың бәрі де жерлестері мақтан тұтып, құрметтеуге лайық азаматтар. 140-қа жуық көшенің атауын өзгерту және қайта атау жөнінде мәселе қаралғанын оқып, қуанып қалғанбыз. Бірақ ол көшелерге беріліп жатқан атаулар егіз қозыдай бірдей екенін естігенде көңіл құлазып сала берді. Нақтырақ айтар болсақ, Шұғыла, Жастар, Жігер, Балауса, Достық, Мектеп көшесі деген атаулардан аяқ алып жүре алмайсыз. Бір қызығы, мұндай атаулар әрбір елді мекенде кездесіп жатады. Мысалы, Қызылжар ауданындағы бірнеше ауылдардағы көшелерге “Шұғыла” атауы беріліпті. Жолаушылардың да жағдайын ойлау қажет қой. Аудандық, округ әкімдері “жаны ашымастың қасында басы ауырмас” деген кейіп танытып отырған сыңайлы. Қызылжар өңірі – небір айтулы тұлғаларды бесігінде тербеткен киелі мекен. Мағынасыз атауларды көшеге бергенше, ұлыларымызды ұлықтасақ жарасымды емес пе?

Кеңес­тік кезеңде қойылған жер-су атауларымен және ешқандай мән-маңызы жоқ көше атауларымен рухани жаңғыра алмаймыз. Міне, осыны ономастика комиссиясындағылар неге түсінбейді, әлде түсінгісі келмей ме?!

“Елді мекендердегі Ленин, Совхозная, Пролетарская, Октябрьская, Колхозная, Советская, Коммунистическая, Ленинградская, Зашкольная, Интернациональная және тағы басқа 100-ден аса көше Құлсары батыр, Абылай хан, Бәйкен Әшімов, Жәлел Қизатов, Есләм Баукенов, Болашақ, Бурабай, Жастар, Астана, Бейбітшілік, Тұран, Конституция, Жігер және тағы басқа жаңа атауларға ие болды”, – деп мақтанғанымыз қалай болар екен. Осы бағытта облыс орталығы – Петропавл қаласында атқарылып жатқан жұмыстары, тіпті, сылбыр деп атауға болады. Соңғы жылдары мұнда бар болғаны онға жуық көше атауы ғана өзгеріпті. Бұл не масқара? Юбилейный – Жәлел Қизатов, Ә. Досмұхамбетов қысқа көшесіне – Ысқақ Ыбыраев, Рижский көшесінің бір бөлігі – Тауфиқ Мұхамед-Рахимов және Солнечный шағынауданындағы бір көшеге Фазыл Кәріпжановтың есімі берілген. Сол сияқты Береке шағынауданындағы 5-Сенная көшесі Қазбек Байболовтың, Солнечный шағын ауданындағы екі көше Ғалым Малдыбаев пен Есләм Зікібаевтың есімімен аталатын болды. Қалаға кіреберістегі Явленка тасжолына Қожаберген жыраудың есімі берілді. Бұған да таңғалмасқа болмайды. Ол жерде үй дейтін үй де жоқ, көпір жөнделгеннен кейін олардың өзі де көрінбей қалады. Біз, ақсақалдар Жамбыл көшесін түгелдей осы бабамыздың атымен атау жөнінде облыс әкіміне биыл хат та жаздық. Оның қалай шешілетіні әлі беймәлім.

Тәуелсіздіктің таңы атқанына ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де ономастикадағы түйткілді мәселеге жүрдім-бар­дым қарап отырмыз. Өңіріміздегі ауыл мен қала аттарын айт­пағанда, қарапайым көше аттарын қазақыландыру аса бір қиын шаруа деп ойламаймын. Тек осы мәселемен айналысатын адам керек. Ең бастысы, ниет болса, шешімін таппайтын мәселе жоқ.

Осы орайда өз ұсынысымды да айтып өтейін деп едім. Қызылжар төрінде үш жүздің басын қосқан Абылай ханның мұражай кешені бар. Ол Кәрім Сүтішев көшесінің бойында орналасқан. Хан үйі әрі ескерткіші тұрған осы көшеге Абылай ханның есімі берілсе, қандай ғанибетІ

Әлемге әйгілі саясаткер Уинстон Чер­чилль: “Саясаттың да серті бо­лады. Оның біріншісі – кешікпеу. Ұлттық мүдде ұтатын жерде еш уақытта кешікпеу керек. Шешімді тез қабылдаған жөн”, – деген екен. Біз бәріміз осы сөз­ден міндетті түрде қорытынды шығаруымыз керек. Өйткені, бұл ұлт үшін, болашақ ұрпақ үшін аса қажет дүние! Кешігіп қалып жүрмейік!

Амандық ЖАНТЕМІРОВ,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp