“Өнерге әркімнің-ақ бар таласы”, – деп Абай атамыз айтқандай, қазіргі таңда саналы өмірін өнермен байланыстырғысы келетін жастар аз емес. Облыстық “Өнер колледжі – музыкалық-эстетикалық бейіндегі дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат кешенінде” оқитын оқушыларды солардың қатарына жатқызуға болады.
Петропавлдағы өнер колледжінде 13 бөлімше бар. Ән айтып, би билегісі келетін жас өнерпаздарымыз музыка, театр және би өнерлерінің қыр-сырын түрлі мамандықтар бойынша меңгеріп жүр. Солардың ішінде төл өнерімізді дәріптеушісі – қазақ халық аспаптар бөлімшесі.
Қазақ халық аспаптар бөлімшесі өзінің өмірбаянын 1981 жылы бастады. Алғашқы ұстаздары Серікбай Құсайынов пен Тойкен Күдерова содан былай жас домбырашыларды ұлтымыздың ұлы сазгерлерінің күйлерін орындау шеберлігіне үйретуді қолға алған еді.
Осы орайда Тойкен Күдерованың бастамасымен құрылған “Күдер” ансамблін назардан тыс қалдыра алмайсың. Оқушы-домбырашылар және басқа да ұлт аспаптарында ойнайтын балғын өнерпаздар бас қосқан ансамбль алғашқы концертін 1985 жылы көрермен назарына ұсынды. Оның шәкірттері бүгіндері өңіріміздің музыка саласында жемісті қызмет етіп жүр. Олардың алды – Әсет Әбдірахманов. Кезінде өзіміздің өнер колледжін тамамдаған ол қазіргі таңда облыстық филармонияның оркестрлерінде дирижерлік етуде. Білікті ұстаз Тойкен Қабиқызы “Ерен еңбегі үшін” медалінің, “Ы.Алтынсарин” атындағы және “Мәдениет қайраткері” төс белгілерінің иегері.
Бөлімде домбырадан басқа атадан балаға мирас болған қыл-қобыз, прима-қобыз және шертер аспаптары оқытылады. Кадр тапшылығы мәселесі туындаған емес. Бүгінгі күні жоғары білімді 12 оқытушы арнайы мамандықтар бойынша дәріс беріп келеді.
Өнер колледжіне оқуға түсуге ниетті жастарымыздың қатары жыл сайын артпаса, кеміген емес. Ол да облыс тұрғындарының қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптарына деген ынта-ықыластарының оянуының мысалы болса керек. Мәселен, биылғы оқу жылында бөлімде 70-ке жуық бала білім алып жүр. Олардың дені – ауылдан келген балалар. Бұл балғындарға жатақханадан орын беріліп, күніне бес уақыт тамақпен қамтамасыз етіледі.
Бұл мекеменің ерекшелігі өнерге бейім балалар мектеп жасынан бастап қабылданады. Олар алдымен мектепте оқиды. Музыкалық мектепті бітірген жасөспірімдер оқуларын колледжде жалғастыруға мүмкіндік алады.
1999 жылы колледжге Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының түлегі Назгүл Маштақова келісімен осы бөлімшеде тұңғыш рет қобыздың сарыны естілді. Қобызды меңгерген жастар қатары жыл сайын толыға түсті. Уақыт өте бөлімнің жас қобызшыларынан құралған “Назқоңыр” ансамблі шаңырақ көтерді. Оның көркемдік жетекшісі – Назгүл Маштақова.
Қазіргі таңда қобыз аспабынан тәлім беретін ұстаздарымыздың қатары да кеңейді. Бір-екі жылдан бері өнер колледжінде прима-қобыздан басқа қылқобыз аспабы да үйретіліп келеді. Бұл пәннің ұстазы – Жәмила Мұстафина. Одан басқа бөлімшеде қазақтың көне музыкалық аспабы – шертерді меңгеріп жүрген өрендер бар. Олардың тәлімгері – Алуа Нұрмұхамбетова.
Бойында дарындылығы байқалған баланың музыкалық қабілетін әрі қарай дамытуды көздейтін ұстаздарымыз әр шәкіртпен жеке-жеке жұмыс істейді. Музыкалық ілімді беріп қана қоймай, оларды еңбекқорлыққа тәрбиелейді. Себебі, баланың бойына берілген тума талант жүзі жоқ пышақ сияқты. Оны ұштау баланың ұмтылысына байланысты. Ал оны жетелеу, еңбекқорлыққа баулу – тәлімгердің міндеті.
Петропавлдағы өнер колледжін тамамдап, республикамыздың жоғары оқу орындарында білім алып жүрген түлектеріміз – біздің мақтанышымыз. Алматы мен Астананың өнерге баулитын жоғары оқу орындарында білім алып жүрген шәкірттеріміздің арасында Айғаным Махамбетова, Фариза Амантаева, Назым Сұлтанова, Салтанат Иманбай, Думан Жиенбаев бар. Олар – республикалық байқаулардың лауреаттары. Облыстық филармонияның Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі мен “Әлқисса” фольклорлық ансамблінде қызмет етіп жүрген түлектеріміз де жоқ емес. Ал Асхат Ғалеев пен Әсем Байтенова сынды шәкірттеріміз Астанадағы қазақ ұлттық өнер университетін аяқтап, еңбек жолын кезінде өздері тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан өнер колледжінен бастады.
Түрлі байқауларда шеберліктерін шыңдап, асықтары алшысынан түсіп, топ жарған тәрбиеленушілеріміз көпжылғы еңбегіміздің жемісі іспетті. Солардың бірі – Әсет Ерманов. Ол – мектебіміздің 9-сынып оқушысы. Әсет халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты. Бөлімшемізде Әсеттей дарынды шәкірттеріміз жетерлік. Жыл сайын білім қуып келетін жастарымыз еш кеміген емес.
Қайырлы ҒАФУРОВ,
облыстық “Өнер колледжі – музыкалық-эстетикалық бейіндегі дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат кешенінің”
қазақ халық аспаптар
бөлімшесінің меңгерушісі.