Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғамның санасын селт еткізетін, елдің, ұлттың, мемлекеттің тарихына тағы бір терең үңілуге түрткі болған “Ұлы даланың жеті қыры” атты жаңа мақаласы – тарихи құжат. Мақалада айтылған терең философиялық-дүниетанымдық ойлар Елбасының үнемі қоғам назарына бағыттап жүрген еңбектерінің, идеяларының заңды жалғасы іспетті.
Облыстық мәслихаттың мәжіліс залында өткен кездесуге қатысушылардың пікірі осы тақырып төңірегінде өрбіді. Бұл кездесуге Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің, Қазақстан Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы облыстық филиалының өкілдері, мемлекеттік қызметшілер мен ғалымдар қатысты.
– Қазақстанның әрбір азаматы қоғамның саналы мүшесі ретінде мемлекетіміздің тарихына қайта үңіліп, оны ғаламдық тарихи процестермен байланыстыра отырып түйсіну арқылы өз тарихына оң көзқарас қалыптастыруға Елбасы мақаласы арқылы бағыт алады. Ол тарих Қазақстанда ұзақ жылдар мекендеп, оның өркендеуіне жеке үлестерін қосып келе жатқан барлық этностардың жалпы ортақ тарихы ретінде қабылданып, бұрмалаусыз, ақтаңдақ тұстары жасырусыз ашық талқыланып, жарияланып, талданып, зерттеліп, зерделеніп жатуы қажет, – деді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Елена Степаненко.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті “Этномәдени зерттеулер” ғылыми орталығының жетекшісі, профессор Зарқын Тайшыбайдың пікірінше, егемен ел болып, ес жиғалы ғана өткенімізді түгендеп, тегімізді танып келеміз. Енді Мемлекет басшысы айтқандай, тарихи сананы жаңғыртып, көтерілген мәселелерді ой елегінен өткізіп, терең зерделеу қажет. Әлемнің бүкіл архивтеріндегі өз іздеушісі мен зерттеушісін күтіп жатқан деректерге іздеу салу керек.
Кездесуде түрлі келеңсіз жағдайлардың, тарихи бұрмалаушылықтың алдын алу үшін Елбасы өз мақаласында тарихқа сүйене отырып, қоғамдық сананы жаңғыртудың жолдарын ұсынғаны сөз болды. Атап айтсақ, “Архив – 2025” жетіжылдық бағдарламасын, “Ұлы даланың Ұлы есімдері” оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын, “Түркі өркениеті: түп-тамырынан қазіргі заманға дейін” жобасын, “Ұлы дала” ежелгі өнер және технологиялар музейін”, “Дала фольклорының антологиясын”, тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісін жасау туралы халыққа пайдалы, үлкен қызығушылық тудыратын ауқымды жобалар ұсынылған. Бұл жобалардың барлығы осыған дейін жүзеге асырылған гуманитарлық бағыттағы “Мәдени мұра”, “Ғылыми қазына”, “Халық тарих толқынында” сияқты ірі бағдарламаларды толықтырары сөзсіз.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы облыстық филиалының директоры, биология ғылымының РһD докторы Лаура Қайыржанова, университеттің “Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының меңгерушісі Людмила Гривенная, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова, Ақжар аудандық кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Кенже Тышқанбаева Елбасының “Ұлы даланың жеті қыры” мақаласына қатысты ойларын ортаға салды.
Зарап ҚҰСАЙЫНОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.