«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИЕТІМІЗДІҢ МӘЙЕГІ

Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында “Ғасырлар музыкасы” атты көрме ашылды.
Халық шығармашылығын насихаттау, жас ұрпаққа музыкалық-эстетикалық білім мен тәрбие беру мақсатында ұйымдастырылған көрмеде жұртшылық назарына сан түрлі ұлттық аспаптар ұсынылды.

Ағаш пен қамыстан, балшық пен металдан жасалған ішекті, үрлемелі және ұрмалы аспаптар жиналғандар қызығушылығын тудырды. “Экспозицияны дайындау кезінде қазақ ұлттық аспаптарының көне түрлерін іздеп табуға тырыстық. Әлем халықтарының мұрасын да зерттеуге көңіл бөлдік. Осы орайда бізге белгілі музыкант Юрий Бакайдың көмегі көп тиді. Оның жеке мұрағатынан алынған көне музыкалық аспаптарға көрермендер қатты қызықты”, – деді бөлім меңгерушісі Мейрамкүл Дәулетқызы.
Көрме сөрелерінен өңірімізге танымал өнер ұжымдарының түрлі байқауларда түскен суреттерін де кездестіруге болады. Көрмені тамашалауға немересін ертіп келгендердің бірі зейнеткер Қасым Жүзенов ұлттық мәдениетімізбен қауыштыратын мұндай шаралардың тәрбиелік мәні зор екенін айтады. “Шындығын айтқанда, жастардың көбі домбыра мен қобыздан басқа ұлттық аспаптарымызды біле бермейді. Осы ретте бүгінгі көрме танымдық тұрғыда маңызды шаралардың бірі деп ойлаймын. Бұл жерге жастар көп жиналған екен. Соған қуанып тұрмын. Ел боламын деген мемлекет өткенін біліп, ұлттық мәдениетінен қол үзбеуі тиіс”, – деді ақсақал.

Гүлбике КУБЕНОВА, “Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген  Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp