Еліміз тұғырлы тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді, ұлттық құндылықтарымыздың тамырына қан жүгірді. Егемендіктің саф ауасымен еркін тыныстаған саланың бірі – ұлттық ойындар. Этнограф-ғалым Жағда Бабалықұлы бір еңбегінде қазақ даласында ұлттық ойынның 300-дей түрі болғанын жазыпты. Қазіргі уақытта соның 20-дан астамы ғана халық жадында сақталған. Осыдан-ақ оны ұлықтаудың қажет екенін түсінуге болады. Біз бұл мақаламызда көкпар, қыз қуу, қазақ күресіне кеңірек тоқталуды жөн көрдік.
Көкпар – қазақтың жаны
Тарихшылардың айтуынша, қазақтың ұлттық ойындарының мың жылдық тарихы бар. Аламан бәйге, тоқ бәйге, жорға жарыс, құнан бәйге, көкпар, қыз қуу, ат үстіндегі сайыс (аударыспақ ойыны), теңге алу, жамбы ату, қамшыгерлік, түйе жарыс – желмая, қазақша күрес, жекпе-жек, тоғызқұмалақ және тағы басқа спорт түрлері сонау заманнан бері туған халқымызбен бірге жасап келеді. Ата-бабаларымыз, әсіресе, аударыспақ, теңге ілу, көкпар, бәйге сияқты ойындарды ерекше құрметтеген. Солардың ішінде, әрине, көкпардың орны бөлек. «Көкпар ойынының атауы «көк бөрте» (лақ) сөзінен шыққан. Орталық Азия халықтары арасында кең тараған ойын түрі. Бұл – шетсіз-шексіз сайын далада мал бағып, көшіп-қонып жүрген көшпелілердің нағыз халықтық думаны», – дейді Ақжар ауданындағы жылқышы Аман Бектұрғанов.
Қазақстанда 1949 жылы көкпар тартудың жаңа ережесі бекітіліп, оған сәйкес көкпарды арнаулы алаңда, командалық сипатта өткізу белгіленді. 1958 жылдан бері көкпар ипподромдарда, 1990 жылдардан бері арнайы көкпаралаңда өткізілуде.
Қызылжар – жылқы малы ең алғаш рет қолға үйретілген өңір. Алайда біздің өңірде көкпар ойыны еліміздің басқа облыстарына қарағанда кемшін дамыған. Оның бір себебін қаймағы бұзылмаған қазақ ауылдары тұрғындарының үдере көшуімен, соңғы кездері атқа мінетін жастар қатарының азайғандығымен байланыстыруға болады. Бұл пікірді Жамбыл ауданының көкпаршысы Бексұлтан Есілбай да қостайды. Ол көкпардың өз деңгейінде ұлықталмауының бір ұшын баптаулы аттардың аз болуымен сабақтастырды. Бұл олқылық ойыншылардың да кең көсіле ойнауына мүмкіндік бермейтін көрінеді. Көкпарға шабатын аттарды арнайы баптайтын бапкерлер саны сирек. Кей өңірлерде мүлдем жоқтың қасы. Сондықтан әр көкпаршы атын өзі баптайды. «Көкпар ойыны мінезді, адам бойындағы қайсарлықты, батырлықты шыңдайды. Ойынға тек нағыз ержүрек, табандылар ғана қатыса алады. Ойыншылардан физикалық дайындығымен қатар эмоционалды дайындығы, қарсыластың күшін дұрыс бағалай білуі, астындағы атын басқара алуы талап етіледі. Тұралап тұрған ұлттық ойынды қолға алғысы келетін азаматтар бар. Бірақ олардың қолдарын қаржының тапшылығы байлауда. Ол үшін аудандардағы атқамінерлер мен жомарт жандардың қолдауы ауадай қажет», – дейді Бексұлтан Есілбай.
Жанашыр жандар елді мекендерде атшабарлар, көкпар, жекпе-жек, күрес алаңдарын салу қажеттігі туралы айтқанмен, көбі аяқсыз қалған. Бексұлтан Есілбай көкпарды дамыту үшін жылқы шаруашылығына жіті көңіл бөліну қажеттігін айтады.
Қыз қуу – тәрбиенің көзі
«Бойжеткен атқа мініп, жігіттен қашуы керек, бозбала қызды қуып жетіп, бетінен сүюі тиіс, жігіт қызға жете алмаса, бойжеткен оны қамшымен сабайды». Қыз қуу ойынының қарапайым ережесімен көбіміз мектеп қабырғасында жүргенде таныстық. Этнограф Баяхмет Жұмабайұлының айтуынша, соңғы жылдары ұйымдастырылып жүрген кейбір этнофестивальдерде қыз қуу ойыны бұрмаланған түрде көрсетіліп жүр. Онда жігіт қызды қуып, соңынан қамшы үйіріп жатады. Ғалымның пайымынша, бұл – қазақ дәстүрінде болмаған құбылыс. «Көне түркі дәстүрінде әйел затына құрмет ерекше болған. Негізгі ойында қыз жігітті қуады. Қамшыны ақырын ғана басынан не арқасынан сипай үйіреді. Егер ер адам қызды қуса, бұл – ұлттық намысқа қайшы. Бұл ойынның нақты атауы – «Қыз қуар». Мұның дәлелі ретінде мыңдаған жыл бұрынғы жартас суреттерін, сақ пен ғұн дәуірінің мұраларын келтіруге болады», – дейді ғалым.
Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының ресми сайтында бұл ойынның бүгінгі шарттары былай түсіндірілген: алаңға қыз бен жігіт шақырылады. Жігіт қыздан 10 метр кейін тұрып жарысқа қосылады. Жігіт қызды қуып жетсе, ережеге сай қыздың сол жақ иығындағы орамалды шығыршықтан суырып алуға тырысады. Ал қыз керісінше, қуғыншыдан қашып құтылып, сөреге бұрын жетуге әрекет жасайды.
Соңғы кездері қыз қуу ойыны көне дәстүрлердің бірі ретінде Наурыз мерекесіне арналған іс-шараларда ғана көрініс тауып жүр. «Қыз қуу – тәрбиенің көзі. Бұл ойынның астарында қазақ ұл-қыздарының ибалылығы жатыр. Қазір клубы бар ауылдар аз. Жастар бос уақыттарын қалай өткізерлерін білмейді. Аптасына бір мәрте қыз қуу ойыны өткізіліп тұрса, нұр үстіне нұр емес пе?», – деген еді жуырда өңірімізге келген саясаткер Досмахамбет Көшім.
Қоғам белсендісі Жапар Төлегенов қыз қууды қайта жандандыру өзіміздің қолымызда екенін айтады. Оның айтуынша, 80, 100, 130 жылдық мерейтойлары аталып өтіп жатқан ауылдар бағдарламаларына қыз қууды қосса, ешкім қой демес еді. «Біз біреуді кінәлауға бейім болып алдық. Ұлттық құндылықтар мәселесі сөз болғанда кінәні бөтенге артуды қою керек. Әркім өзінен бастағаны жөн. «Мен ұлттық ойынды қалай дамыта аламын?» деген сұрақ төңірегінде ойланған адам ғана нәтижеге қол жеткізеді», – дейді ол.
Мәні өзгерген қазақ күресі
Сала мамандарының айтуынша, қазақ күресінің жаңа сатыға көтеріліп, заманауи сипат алуына һәм спорттық сайыс ретінде көрермендердің көзайымына айналуына әсер еткен «Қазақстан барысы» турнирі. Кейін «Әлем барысы», «Еуразия барысы», «Жас барыс», «Халық барысы», «Әскер барысы» сияқты маңызды турнирлер өмірге келді. Барлық облыста қазақ күресі спортшыларының саны мен сапасы артты, балуандардың әлемдік үлкен спорттық сайыстарда күресулеріне мүмкіндік жасалды.
Соңғы кезде қазақ күресінің ережесіне жаңадан енгізілген өзгерістерге сәйкес, балуандар жасына қарай 3 топқа, салмағына қарай 8 категорияға бөлінеді. Күрес мерзімі ересектер үшін 10 минут, жасөспірімдер үшін 5 минут. Күрестің басты шарты – күшін көрсетіп, әдісін асырып, талассыз жеңу. Кейде жыққан адам жығылған адамның басынан аттап «күш алу» деген байырғы жеңіс белгісін жасайды. Қазақ күресінің аудандық, облыстық, республикалық спартакиадалар бағдарламаларына кіргізілгенін айта кеткен жөн. «Кеңес дәуіріне дейін қазақ күресі негізінен әдет-ғұрыпқа байланысты және еңбек процестерінде жеткен жетістіктерін дәріптейтін жиын-тойларда өткізілді. Бұрын қазақ күресі «күш атасын танымайды» деген түсінікпен салмағына, дәрежесіне, жасына қарамай өткізіле берген. Тіпті ағасы мен інісі күресіп қалатын кезі де болған. Сондай-ақ күрестің белгілі бір жүйеге түскен белдесу ережесі де болмаған. Күреске түскендер үлкен-кішілігіне қарамай, қайсысы күшті болса, сол жеңіске жеткен», – дейді Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылының тұрғыны Елтай Жадыраұлы.
Қазақ күресінің шарты 1950 жылдардан бері қарай мүлде өзгеріп кетті десе де болады. Біріншіден, балуандар кілем үстіне шыққанда «қоян-қолтық ұстасып» белдеспейді, жапон күресіндегі сияқты кілем үстінде еркін жүріп күреседі. Олар бір-бірінің қай жерінен ұстаса да, өз еркілерінде. Екіншіден, бұрынғы қазақ күресінің ережесінде ұпай санымен жеңісті анықтау ережесі енгізілді. Демек, қазақ халқының «жауырыны жерге тимеген» деген сөзі түптің түбінде өз күшін жоюы мүмкін.
Қазақ күресінің дамып келе жатқаны қуантады, әрине. «Спорттың бұл түрінің мектеп бағдарламасына енгізілуі жиі сөз болып жүр. Біраз білім ошағында қанатқақты жоба ретінде қолға алынған. Алайда жастарды күреске баулитын мамандар аз. Дене шынықтыру пәндерінің мұғалімдері күресті балаға өз білгенінше үйретеді. Бұл дұрыс емес», – дейді қазақ күресінен облыстың аға жаттықтырушысы Асылхан Болатов.
ТҮЙІН: «Қазақ халқына тиесілі спорт түрлерін өзімізден басқа кім дамытады?» деген сауал бізді алаңдатуы тиіс. Жоғалтқанымызды жаңғырту, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау ұлтжанды тұлғаларға ғана артып қояр іс емес. Билік басындағылар да бұған назар аударса дейсің.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
«Soltüstık Qazaqstan».