Қоңыр күз диқандар үшін ғана емес, қалам ұстаған қауым – баспасөз қызметкерлері үшін де мазасыз шақ. Өйткені, нақ осы кезеңде “Қазпочта” акционерлік қоғамы жаңа жылға мерзімді басылымдарға жазылу науқанының басталғанын хабарлайды. Ал біз үшін жауапты науқанды ойдағыдай өткізу, ежелгі достарымыз – оқырмандарымыздың қатарын селдіретіп алмау аса маңызды міндет.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың: “Әуелі, газет – халықтың көзі, құлағы, һәм тілі. Газет – халықтың дауысы” деген сөздері де мерзімді баспасөздің бағасы қай кезде де жоғары болғанын аңғартады. Газет бүгінгі таңда да өзінің құндылығын жойған жоқ, ұлт, қоғам алдындағы міндетін абыроймен атқарып келеді.
Облысымыздағы беделді басылым – “Soltústіk Qazaqstan” газетінің тарихы тағылымды, жүріп өткен жолы өнегелі. Олай деуіміздің себебі, қазақтың маңдайына біткен Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасов, Сәбит Мұқанов сияқты өзге де ақын-жазушылардың осында қалам тербеп, әдебиет айдынында көсіле жүзгендері Ай туғандай ақиқат дүние әрі олардың іздерін жалғап келе жатқан біздер үшін мақтаныш, мерей. Қоғамдағы түйінді мәселелерді, халықтың “ашынғаннан шыққан ащы даусын” билікке жеткізе білген, ұлттық рух, елдік мүдде дегенде қаламы мұқалмайтын қаламгерлердің бірнеше буынын тәрбиелеген қарашаңырақ рухани орда ғана емес, үлкен мектеп.
Тәуелсіздікпен бірге түлеген газетіміздің елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалардың түпкі мақсатын, жалпы халықтық мүдделерді, басты құндылықтарды негізгі тақырыбына айналдырып, қазіргі таңда Қазақ елінің іргелі өңірі – Солтүстік Қазақстан облысының келешегі зор, берекесі мол бүгіні мен ертеңін жаңа қырынан жазуға құлшыныс танытып отырғаны әмбе жұртқа аян.
Солтүстікқазақстандықтардың Отанның болашағы, Қазақстан халқының бірлігі үшін атқарып жатқан игілікті істері де аз емес. Қай кезде де уақыт талабы мен заман сұранысына сай қоғамдық сананың қозғаушы күші бола білген газетіміз тәуелсіз елдік санамызды қалыптастыруға, халық мұрасының асыл қазыналарын насихаттауға, ұлт пен ұлыстар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға өз үлесін қосуда. Әсіресе, қасиетті қазақ тілінің абыройының асқақтауына “Soltústіk Qazaqstannyń” сіңірген еңбегі зор екеніне ешкімнің де күмәні болмауға тиіс.
Біздің облысымызда газетіміздің жанашырлары аз емес. Олар редакциямызға жиі хабарласып, журналистермен байланысты үзбей келеді. Ашылған жаңа айдарларға, берілген танымдық, сараптамалық, зерттеу мақалаларға үн қосып, өздерін мазалаған сауалдарды да оқырман көкейіне салып тұруда белсенділік танытуда. Оқырманның қолдауы бізді де қанаттандырып, алдағы жұмыстарымыз бен жоспарларымызға серпін бере түседі.
Газетке жазылу мәселесін біз өз жағдайымызды ойлағандықтан ғана көтеріп отырған жоқпыз. Жаһандану үдерісі шапшаң жүріп жатқан уақытта ұлттық тәрбие, ұлттық рухты жоғалтпау – үлкен міндет. Бүгінгі жас мемлекетшіл, еліне деген патриоттық сезімі бар, ұлттық салт-дәстүрден сусындаған, халқының тарихын білетін, мәдениеті мен әдебиетін зерделей алатын адам болғанда ғана көсегеміз көгереді. Ал осы жолда газеттің үлесі орасан. Сондықтан да ұрпағым өнегелі болсын десеңіз, “Soltústіk Qazaqstanǵa” жазылыңыз, өзіңіз ғана алдырып қоймай, ғасырлық тойына жақындап келе жатқан қасиетті басылымның әр шаңырақтың төрінде тұруына үлес қосыңыз.
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
“Қызылжар-Ақпарат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры.