Мемлекеттік рәміздердің қабылданғанына 25 жыл толуына орай Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің өңіріміздегі филиалында өткен баспасөз мәслихатында рәміздер тарихы мен оларды қолдану талаптары туралы айтылды.
Техникалық реттеу және метрология комитетiнің облысымыз бойынша департаментiнiң бөлiм басшысы – Солтүстiк Қазақстан облысы бойынша мемлекеттiк бақылау жөнiндегi Бас мемлекеттiк инспектордың орынбасары Бейбіт Әбілев төл рәміздеріміздің тарихы жайлы баяндады. Әсіресе, рәміздердің мағыналық сипатына тоқталды.
– Туымыздағы бiрыңғай көк түс төбедегi бұлтсыз ашық аспанды ғана емес, Қазақстан халқының бiрлiк, ынтымақ жолына адалдығын аңғартады. Бұлтсыз көк аспан әрқашан да бейбiтшiлiктiң, тыныштық пен жақсылықтың нышаны болды. Геральдика тiлiнде – көк түс және оның түрлi реңi адалдық, сенiмдiлiк, үмiт сияқты адамгершiлiк қасиеттерді сипаттайды, – деді Бейбіт Айтанұлы.
Ал символика тілінде қыран бейнесі мемлекеттік билікті, кеңдікті және қырағылықты білдіреді екен. Дала адамдары үшін бұл – азаттықтың, тәуелсіздіктің, мақсатқа, биікке, болашаққа талпынудың белгісі. “Бұған қоса, қыран көздегенін шалмай тынбайтын құс. Бұл бейне жас зайырлы Қазақстанның әлемдік өркениеттің шыңына шығуға талпынысынан туындағаны сөзсіз”, – деді Бейбіт Әбілев.
Техникалық реттеу және метрология комитетiнің облысымыз бойынша департаментiнiң бас маманы Вадим Маршаковтың айтуынша, 15-19 мамыр аралығында өңірімізде мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық инспекциялық топ жұмыс істеген екен. Жұмыс барысында комиссия 95 ұйымды тексеріп, жиырма тоғызында ұлттық стандарт талаптары сақталмағанын анықтады. Аталған ұйымдарда ілініп тұрған 320 мемлекеттік рәміздің отыз бесі ұлттық стандартқа сәйкес келмейді.
Елімізде ұлттық стандартқа сәйкес келмейтін мемлекеттік рәміздерді жасағаны, пайдаланғаны және ілгені үшін 50-ден 400 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Егер бұл келеңсіздік бір жыл ішінде қайталанар болса, айыппұл көлемі 80-нен 500 АЕК-ке дейін көбейеді.
Облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Алмас Файзулин кез келген ұйым өкілдері ғимаратқа мемлекеттік рәміздерді орната алатынын айтты. Алайда, олар да тиісті заңда көрсетілген ұлттық стандартты сақтауы тиіс. Егер Ту жыртылса не түсін жоғалтса, уақытында ауыстырылып, түнгі уақытта жарықтандырылуы керек.
– Өткен жылы заңнамаға өзгерістер енгізіліп, соған сәйкес мемлекеттік Туды жеке және заңды тұлғалар да орната алады. Заңнаманы бұзғандарға жаза қатаң. Өңірімізде мұндай келеңсіздіктер болмауы үшін түсіндіру жұмыстарын жиі өткіземіз, – деді Алмас Қайратұлы.
Тілшілер бірқатар сұрақтар қойды. Әсіресе, оларды жаңа стандарт бойынша әзірленетін Елтаңбаға қандай өзгешеліктер енгізілетіні қызықтырды.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.