
Қазақтың ұлттық тағамдары өзіндік жұмсақтығымен және тіл үйірер дәмімен ерекшеленеді. Жалпы ұлттық тағамдарды дайындау үлкен шеберлікті талап етеді. Сондықтан ол әркімнің қолынан келе бермейді. Өкінішке қарай, бүгінде ұлттық тағамдар ұмытылып бара жатыр. Осындай олқылықтың орнын толтырып, қазақ тағамдарын насихаттау үшін қосымшада жаңа айдар ашып отырмыз.
Құрметті оқырман, егер ұлттық тағамдарды дайындау әдісімен бөліскіңіз келсе, “Шаңыраққа” хат жазып, хабарласыңыздар.
“Шаңырақтың” бүгінгі қонағы – Петропавл қаласының тұрғыны Зәуреш Бейсенбаева ұлттық тағамдардың екі түрін ұсынып отыр.
Қаттама. Оған 1 кг. ұн, 1 шай қасық тұз, 150 г. май, 1 стақан сүт,
2 жұмыртқа қажет. Алдымен иленген қамырды жұқалап жайып, бетіне май жағады. Содан кейін оны оқтауға орап, пышақпен бірнеше бөліп, әрқайсысын қайтадан жаяды. Бөлшектелген нан қазанда қыздырылған майға пісіріледі.
Балқаймақ. Терең табаға немесе қазанға қаймақ құйып, бетінде майы пайда болғанша араластырып, қайнатамыз. Қаймақты қайнатқан кезде бал не қант қосуға болады. Одан кейін қаймаққа ұн қосып, жақсылап араластырып, тағы 10 минут қайнату керек. Балқаймақ асқазан ауруларының алдын алуға да зор септігін тигізеді.