«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ БАСТАУЫ

Отбасы – халқымыз үшін аса киелі ұғым. Оның ең маңызды қызметтерінің бірі – тәрбие беру. Тәрбие баланың бойына ананың әлдиімен сіңеді. Ұрпақ өсіру жолында халқымызда қалыптасқан небір тамаша салт-дәстүр, әдет-ғұрыптар бар. Құрсақ тойынан басталған рәсімнің отау тігіп, шаңырақ көтергенге дейін сан алуан ғұрыппен астасуында да зор мән жатыр.

Баланы “бесікке салу” дәстүрі оның жетіліп, өсуіне септігін тигізеді. Бесікке жатқан бала дені сау, ұйқысы тыныш, дүниетанымы кең, өмірге құштар болып өседі. Тілі де ерте шығып, балабақшаға барғанда қатарластарынан оқ бойы озық тұрады. Өйткені, бесікте жатқан бала ана әлдиімен ұйықтап, ана әлдиімен оянады. “Бесік жырының” да алатын орны ерекше. Бала бесікте жатып әуезді әнді тыңдап қана қоймай, қоршаған ортамен қарым-қатынасқа түседі. Олай болса, ата-бабадан мирас болып келе жатқан мұраны одан әрі жалғастыру – біздің еншімізде.

Отбасында қалыптасқан дәстүрлер, бір-бірімен қарым-қатынас, мейірімділік, бауырмалдық, өзара көмек көрсетуге тәрбиелеу, әкенің, шешенің, әженің, атаның, балалардың атқаратын іс-әрекеттері отбасылық тәрбиенің тиімді болуына әсер ететін негізгі себептер болып табылады. “Жақсылық жақсы атаның баласынан тарайды”, дейтін кемеңгер халқымыз тәрбиелі отбасынан тек жақсылық күтсе, “Шығады қисық үйден қисық түтін”, – деп шырқы бұзылған отбасынан қандай ұрпақ өсіп шығатынына алаңдаушылықпен қарайды.

Әсіресе, мектепке дейінгі кезеңдегі тәрбие – адам қалыптасуының алғашқы баспалдағы. Бұл – баланың әсерленгіш, еліктегіш, ойлауды, сөйлеуді меңгеруімен, алғаш рет бөтен ортаға бейімделуімен сипатталатын кезең. Ол туралы Жүсіп Баласағұн: “Бес жасқа дейін жүргізілген барлық тәрбие ісіңіз бүкіл процестің тоқсан пайызы”, – деп балалық кезеңдегі тәрбиенің маңызын анық көрсеткен. Баланың ақыл-ойын жүйелеу, ойлау қабілетін жетілдіру, дәлдікке үйрету, шындыққа тәрбиелеу мақсатында ойынның рөлі ерекше. Мектепке дейінгі кезең – баланың жеке тұлға болып қалыптасуының алғашқы сатысы.

Әр халықтың бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшеліктері арқылы отбасы тәрбиесінің де өзіне тән ұлттық құндылықтары қалыптасады. Қазақтар отбасындағы балғын тәрбиесінде сан ғасырлық ғұрыптар мен қоғам талаптарын басты бағдар ретінде ала отырып, баланы өзінің ғана емес, ұлт перзенті ретінде тәрбиелеуді көздеген. Ұрпағымыздың бойында ұлттық тәрбиені, имандылық қасиеттерді жетілдірсек қана халқының салтын жақсы білетін, ата-анасын сыйлайтын, Отанын сүйіп, ел үшін еңбек ететін азаматты қалыптастырамыз.

Ботагөз СӘРСЕНБІҚЫЗЫ,

Айтуар негізгі мектебінің мұғалімі.

Жамбыл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp