«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ұлттық құрылтай ортақ мақсат пен игі істерге жұмылдырады

Абылай ханның ақ туы тігілген қасиетті Көкше жерінде, бауырмал Бурабай баурайында Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысы жоғары деңгейде өтті. 2022 жылдан бері елдің болашағын айқындайтын стратегиялық институттың біріне айналған жиында қоғамдағы ең өзекті мәселелер талқыға түсіп, елдің келешек дамуы мен өркендеуіне бағыт-бағдар беретін тың ұсыныстар ортаға салынды.

Түсіністік бар жерде келісім бар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен жиналған жұртшылықты Амал мерекесімен құттықтап, Әз-Наурыздың бастауы саналатын бұл күннің қасиетті Рамазан айына орайлас келіп отырғанын айтты.

«Осыдан үш жыл бұрын наурыз айында арнайы Жолдау жарияладым. Оны жақсы білесіздер. Елімізді түбегейлі жаңғырту үшін ауқымды реформа жасайтынымызды айттым. Сол кезде алғаш рет Ұлттық құрылтай туралы бастама көтердім. Үш жылдың ішінде Қазақстан жаңа тұрпатты ел болды. Саяси реформалар жан-жақты өзгерістер жасауға мүмкіндік берді. Жалпыхалықтық референдум арқылы Ата заңға түзетулер енгізілді. Парламенттің құзыры кеңейді, Үкіметтің жауапкершілігі артты. Адам құқықтарын қорғау жүйесі жақсарды. Конституциялық сот құрылды. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың белсене қатысуына жол ашылды. Басқа да бағыттарда маңызды реформалар жасалды. Жергілікті билік түбегейлі жаңғыртылды. Үш жылдан аса уақыт ішінде ауыл әкімдерінің 72 пайызы жаңарды. Оның үштен бірі – бұрын мемлекеттік қызметте болмаған азаматтар. Бір сөзбен айтсақ, аймақтардағы атқарушы билікке жаңа адамдар келіп жатыр. Пилоттық жоба ретінде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың 45 әкімі сайланды», – деді Президент.

Сондай-ақ ол биылдан бастап барлық аудан әкімдерін халық тікелей сайлайтынын, түрлі деңгейдегі мәслихат сайлауы да өкілді билік органдарының жұмысына тың серпін бергенін жеткізді. Облыстық және аудандық мәслихат депутаттарының 90 пайызы бір мандатты округтен, яғни тікелей дауыс беру арқылы сайланғанын айтты. Президент ел ішіндегі өзгерістерге Ұлттық құрылтай мүшелері де орасан зор үлес қосқанын, жұртымызды ортақ мақсатқа ұйыстырып, игі істерге жұмылдырғанын тілге тиек етті.

Әділ салық жүйесін құру маңызды

Отырыста Мемлекет басшысы, ең алдымен, қоғамда қызу талқыға түскен салық реформасына қатысты пікірін білдірді.

«Салық жүйесі – бүкіл мемлекеттік жүйенің тірегі. Бюджетте қаржы болмаса, мемлекет өз міндетін толық атқара алмайды, әлеуметтік міндеттемелер де орындалмайды. Бұл туралы белгілі экономист Жақсыбек Құлекеев жақсы айтып өтті. Еліміз үшін аса қажет шаралардың мән-маңызын халыққа егжей-тегжейлі түсіндіру керек. Жұрттың бәрі экономист немесе қаржыгер емес. Мемлекеттің қандай шараны не үшін қолға алып жатқанын бәрі бірдей түсіне бермеуі мүмкін. Сондықтан реформаның мәнін әр адамға түсінікті тілмен жеткізу керек. Үкімет салық реформасына қатысты жаңа тәсілдерді ұсынды. Бұл шаралар, жалпы алғанда, дұрыс. Онда негізгі экономикалық және әлеуметтік факторлар ескерілген. Кәсіби мамандар да, жалпы жұртшылық та қосымша құн салығының мөлшерлемесін көтеру қажеттігіне түсіністікпен қарайды», – деді Президент.

Ол ұсынылған шараларға, соның ішінде қосымша құн салығына қатысты сын-пікірлер де естіліп қалып жатқанын, бірақ мұндай пайым шынайы ахуалға негізделмегенін айтты. Сон- дай-ақ түрлі себепке байланысты өзіне ауқымды әлеуметтік міндеттеме алмайтын елдер аз емес екеніне, алайда еліміздің бюджет қаржысының жартысынан көбі әлеуметтік саланың еншісінде екеніне тоқталды.

Қазақстанда түрлі салық режімі, көптеген жеңілдіктер мен преференциялар бар. Оның бәрі елімізде салық офшоры сияқты ахуал қалыптастырды. Кәсіпкерлердің екі негізгі тобы пайда болды. Олар – заңнамадағы олқылықтарды пайдаланып, салық салынатын табысын өзі үшін азайтып көрсететіндер және барлық салықты адал төлейтіндер. Кәсіпкерлердің осы екінші тобы бәсекеге төтеп бере алмай жатыр. Үкімет салық төлеуден жалтару үшін бизнесін бөлшектейтіндердің әрекетіне орынды назар аударды. Өкінішке қарай, мұндай жағдай жаппай белең алған.

Енді ахуалды шұғыл түзету қажет. Үкімет пен Парламентке айтарым – заңнамаға жедел түрде тиісті түзетулерді енгізу керек. Әділ әрі тиімді салық жүйесін құру еліміздің болашағына, кейінгі ұрпақтың тұрмысына тікелей әсер ететінін ұғынған жөн. Билік бизнеске қолдау көрсетіп келді, көрсете де береді. Бұған күмән болмауға тиіс. Бірақ бизнестің өзі заңды және заңсыз болады. Біз заңды сақтау, тәртіпке бағыну керек деп жатамыз. Ендеше, Үкіметтің және жалпы биліктің қолдау шараларының игілігін, бірінші кезекте, адал әрі жауапты, ең бастысы, заң аясында жұмыс істейтін кәсіпкерлер көруі тиіс. Олар тиісті артықшылыққа ие болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы бұдан әрі бірыңғай уақыт белдеуіне көшуге қатысты пікірталасқа тоқталды. Үкімет пен Парламент бұл мәселені талқылап, арнайы зерттеулер жүргізілгенін, шешімге күмән келтірген қоғам белсенділерінің қаупі мен күмән-күдігі расталмағанын айтты.

«Үкіметтің және депутаттардың басым көпшілігінің, сон-дай-ақ мамандардың уәжімен келісемін: біздің кең-байтақ жеріміз бар, халқымыздың саны да салыстырмалы түрде алғанда көп емес. Сондықтан елімізде бірыңғай уақыт белдеуі болуы тиіс. Бұл тәсіл мемлекетті басқару ісін жеңілдетеді, логистика мен көптеген бизнес-үдерісті оңтайландыруға септігін тигізеді. Осымен пікірталасты доғару қажет деп ойлаймын, оның үстіне бұл мәселені саясиландырудың қажеті жоқ», – деді Президент.

Қоғамды алаңдатқан түйткілдер

Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар қоғам белсенділері тарапынан көтерілген қоғамдық әдеп мәселесін қозғап, әлеуметтік желіде адамға тіл тигізу, ар-намысын аяққа таптау көбейіп кеткенін, жалған мәлімет таратушылар да бар екенін сынға алды. Сонымен қатар Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи еліміздегі діни ахуалға алаңдаушылық білдіріп жүргенін тілге тиек етті.

«Құрылтай мүшелері Дания Қыдырбаева және Олжас Сүлеймен жат діни ағымдардың жастар арасында, әсіресе спорт саласында ықпалы күшейіп бара жатқанын айтты. Теріс ағымдарға, қазақтың болмысына жат идеологияларға тосқауыл қою қажет екеніне еш күмән жоқ. Елімізде дін бостандығына кепілдік берілген. Бірақ жүгенсіздікке, тәртіпсіздікке жол беруге болмайды. Діннің аса маңызды миссиясы – ұлтты ұйыстыру. Діни ұйымдардың қызметін реттейтін құжаттар осы талапқа сай болуы тиіс. Бұл мәселені жан-жақты қарау керек. Соның ішінде заңнаманы жаңа жағдайға бейімдеп отыру өте маңызды», – деді Мемлекет басшысы.

Одан әрі Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтай мүшелерін алаңдатқан тағы бір жайт – түрлі алаяқтық әрекеттердің жиілеп кеткенін жеткізді. Теріс пиғылды адамдар қайырымдылыққа деп ақша жинап, оны жеке басының пайдасына жарататынын, сондай-ақ көп адам интернет-алаяқтардан зардап шегіп жатқанын айтты.

«Бұған қоса қазір жұртқа ақыл айтып ақша табатын жалған психологтар мен «коучтар» көбейіп кетті. Оларға сеніп, алданып қалғандар көп. Маған бұл туралы көптеген шағым түсіп жатыр. Жауапты органдар бұл мәселені де назарға алуға тиіс.

Тағы бір түйткіл – қазір кинотеатрда көрсетілетін фильмдерге қатысты қоғамдық сын бар. Былтыр қазақстандық мамандар түсірген 94 фильм шыққан, яғни негізінен өзіміздің өнім шығарылып жатыр. Бұл – жақсы үрдіс. Бірақ біз ең алдымен санға емес, сапаға көңіл аударуымыз керек. Көрерменнің көңілін көтеріп, күлкі сыйлау – бір бөлек, жағымсыз әдеттерді насихаттау – бір басқа. Зорлық-зомбылықты, қатыгездік пен қылмысты насихаттайтын фильмдер де пайда болды. Осы жерде бір нәрсені ескерген жөн. Бүгінде фильмдердің басым көпшілігі мемлекеттік тапсырыспен емес, жеке қаржыға түсірілуде. Кино маңызды идеологиялық құрал екенін бәріміз жақсы түсінеміз. Сондықтан жеке қаржыға түсірілсе де, фильмді кинотеатрларға шығармас бұрын алдын ала сараптаудан өткізу жолдарын қарастырған жөн.

Сондай-ақ жақсы мысалдар да бар. Жақында «Шоқан. Қашқария сапары» деген мультфильм шығыпты. Бұл өскелең ұрпаққа әйгілі тарихи тұлға Шоқан Уәлиханов туралы мәлімет беретін өте жақсы туынды деп айтуға болады. Қазақ тілінде ұлттық нақышта түсірілген осындай мультфильмдер көп болуы қажет.      Бұл – ұлт болашағына тікелей ықпал ететін мәселе. Сондықтан анимацияны дұрыс бағытта дамыту мәселесін қолға алу ке-рек», – деді Президент.

«Қазақстан балалары» атты бағдарлама қабылданады

Мемлекет басшысы өзіне белгілі адвокат Айман Омарова хат жолдап, әйелдер колониясындағы ахуалға тоқталғанын, әсіресе жүкті әйелдер мен кішкентай балалары бар әйелдердің жағдайына баса назар аударғанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев бір-тіндеп барлық салада ауқымды реформалар мен нақты өзгерістерді жүзеге асырып жатқанына тоқтала келе, оның бәрі халықтың тілегі мен заманның талабына сай жасалатынын айтты.

Өздеріңізге мәлім, елімізде түрлі салаға қатысты бағдарламалар мен кешенді жоспарлар бар. Биыл осындай бірқатар құжаттың мерзімі аяқталады. Әрине, оның кейбірі жалғасады, кейбірі мүлдем тоқтатылады. Үкімет мұқият ойластырып, нақты шешім қабылдауы керек. Ел болашағы үшін айрықша маңызы бар салалар бойынша жұмыс үздіксіз жалғасуға тиіс.

Биыл балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, өзіне-өзі қол салудың алдын алу туралы жоспардың мерзімі де аяқталады. Біз әйелдер мен балалардың құқығын қорғау үшін нақты шаралар қабылдадық. Өткен жылы барлық аймақта балаларды Психологиялық қолдау орталықтары ашылды. Заңдарға маңызды өзгерістер енгізілді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күреске қатысты заң қабылданған соң ахуал біршама жақсарды. Бірақ кейбір шалғай аудандарда әлі күнге дейін мұндай келеңсіз оқиғалар тыйылмай тұр. Жат діни ағымның жетегінде жүрген адамдар жағдайды тіпті ушықтыруда. Жергілікті билік өкілдері мен қоғам белсенділері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысынан шет қалып отыр. Оның үстіне осы бағыттағы жұмыстар қазір әртүрлі құжатпен реттеледі. Шашыраңқы болып тұр. Соның бәрін бір жерге жинақтаған дұрыс деп ойлаймын. Осыған орай, «Қазақстан балалары» атты біртұтас бағдарлама қабылдаған жөн», – деді Президент.

Оның айтуынша, озық ойлы ұрпақ өсіру үшін білім мен тәрбие әрдайым қатар жүруі керек. Сондықтан аталған бағдарлама маңызды құжат болмақ. Оны дайындау үшін Үкімет, Парламент депутаттары, омбудсмен Динара Зәкиева, қоғам қайраткерлері өз үлесін қоспақ.

«Ашығын айтсақ, бала оқыту ісінде бұған дейін білімге көбірек назар аударылды. Ал ұрпақ тәрбиесіне қатысты жүйелі ұстаным болған жоқ. Бұл салаға тиісті деңгейде көңіл бөлінбей келді. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Сондықтан біліммен қатар тәрбиеге айрықша назар аудару өте маңызды. Былтыр мектептерде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы қолға алынды. Бағдарламаны қабыл-дау – істің басы ғана. Енді жаңарған құжатты еліміздегі барлық мемлекеттік білім ошағына енгізу керек. Оны алдағы уақытта жекеменшік мектептер де басшылыққа алуға тиіс. Себебі тәрбие жұмысы балаларды түгел қамтуы қажет. Сонда ғана бұл бастама жалпыұлттық ауқымға ие болады. Жобаның түпкі мақсаты – отаншыл, білімді, жасампаз ұрпақ тәрбиелеу. Мұның бәрі – адал азаматқа тән қасиеттер. Құрылтай мүшелері алдағы уақытта осы бағдарламаны «Адал азамат» деп атауды ұсынып отыр. Мен бұл ұсыныспен толық келісемін», – деді Президент.

Мекемелік марапаттарды ретке келтірген абзал

Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтай мүшелері Зүлфия Байсақова мен Бану Нұрғазиева мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың критерийлерін қайта қарау және үкіметтік емес ұйымдар туралы заңнаманы жетілдіру қажеттігін жеткізгенін тілге тиек етіп, азаматтық сектор реформаларды жүргізу және қоғамды дамыту ісінде маңызды рөл атқаратынына тоқталды. Сонымен қатар мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың серіктестігі өзекті мәселелерді шешуге, жасампаз құндылықтарды дәріптеуге және ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға ықпал ететініне назар аударды. Осы орайда мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың тиімділігін арттыру үшін қазіргі заманның талаптарына сай келетін жеке заң әзірлеу керектігін атап айтты.

«Біз кейінгі жылдары мемлекеттік наградалар мәселесін қайта қарап, бір жүйеге түсірдік. Енді ведомстволық марапаттарды ретке келтіру қажет. Мемлекеттік органдар бұл жұмысты назардан тыс қалдырды. Нақты ереже жоқ, бәріне ортақ мәліметтер қоры да жоқ. Соның кесірінен кейбір марапаттар орынсыз таратылып жатыр. Тіпті бір мемлекеттік органның төсбелгісін бір адам бірнеше рет алған жайттар да кездеседі. Мекемелік марапат – нағыз білікті мамандарға ғана берілетін, сол арқылы кәсіби мәртебені көтеретін маңызды награда. Бұған бейжай қарауға болмайды. Сондықтан мекемелік марапаттардың бірыңғай стандартын және тізімін жасау қажет. Әрине, әр мекеменің өз ерекшелігін ескерген жөн. Бірақ бәріне ортақ ұстаным болуы керек. Құзырлы органдарға осы шаруаны қолға алуды тапсырамын», – деді Мемлекет басшысы.

Ономастика саласында жүгенсіздікке жол жоқ

Сонымен қатар Президент ономастика саласын ретке келтіру үшін ауқымды жұмыс басталғанына, көшелер мен елді мекендерге атау беру немесе атауларды өзгерту мәселесіне келгенде жергілікті атқарушы органдар көп қателік жібергеніне, бұл ретте тіпті жерлестік пен тамыр-таныстыққа жол берілгеніне тоқталды. Сондықтан бұл істі орталықтандыру туралы шешім қабылданғанын жеткізді.

«Нәтижесінде, бізде ономастика саласындағы жұмыстың бірыңғай әрі нақты регламенті бар. Алайда тиісті рәсімдерді өзгертіп қана қоймай, сонымен бірге бұл жұмыспен тиянақты айналысу керек. Тарихи әділдік қағидатын қатаң ұстану қажет. Біздің көрнекті тарихи тұлғаларымыз ұлықтауға әбден лайық. Сөз жоқ, олардың есімін ел жадында сақтау – перзенттік парызымыз әрі жалпыұлттық болмысымызға тән қасиет. Бірақ ономастиканы «тарихи еңбегі» ешқандай архив құжаттарымен расталмаған тұлғаларды ұлықтау құралы етуге болмайды.

Тәуелсіз Қазақстанда жоғары қызмет атқарған азаматтардың өзі кеңес дәуірінің қайраткерлерін, соның ішінде ашаршылықты ұйымдастыруға қатысы бар адамдарды әсіре мадақтаумен айналысып жүр. Бұл – өкінішті әрі түсініксіз нәрсе. Жалпы бұл жұмысты ретке келтіру керек. Ел тарихында айрықша рөл атқарған әйгілі бабаларымыздың есімі көптеген елді мекендер мен көшелерге берілген. Енді осымен тоқтайық. Өткен заман қайраткерлерінің атын ел жадында сақтау мәселесіне мейлінше салмақты көзқараспен қараған жөн. Қалалар мен көшелердің атауынан халқымыздың төл тарихы көрініс табуы қажет.

Біз әдемі жер-су атауларын және халық ішінде кең таралған дәстүрлі атауларды толық пайдаланбай жүрміз. Бірақ ауыл-аймақтардың тарихи тұрғыдан ескірген атауларын өзгерту мәселесіне мұқият қараған жөн. Бұл жерде ешқандай науқаншылдық болмауы керек. Халық арасында жан-жақты түсіндіру жұмысын жүргізіп, тұрғындардың пікірін ескеру маңызды. Қазір елді мекендердің аумағы ұлғайып жатыр, қалаларда жаңа аудандар бой көтеруде. Осыған байланысты атауы қайталанатын немесе мүлдем атауы жоқ мыңдаған көше пайда болды. Бұл жағдай өрт сөндірушілерге, тәртіп сақшыларына, жедел жәрдем мен басқа да құрылымдарға қиындық туғызады. Ең алдымен осындай көшелердің атауын ретке келтіру қажет.

Жекеменшік нысандарға атау бергенде де жүгенсіздік болмауы керек. Кейде қала көшелерінде айтуға ыңғайсыз атауы бар тақтайшалар ілулі тұрады. Креатив деген, әрине, жақсы, бірақ қоғамдық тәртіп және әдеп нормаларын сақтау керек. Сондықтан кәсіпкерлердің де ономастика мәселесіне жауапкершілікпен қарағаны жөн.

Қазір депутаттар ономастика комиссиясының келісімімен ғана жеке нысанды адам атымен атауға рұқсат беретін түзетулерді қарап жатыр. Бұл – дұрыс шешім. Ономастика саласын, мемлекеттік және мекемелік марапаттар жүйесін жетілдіру, жасампаздық құндылықтарын дәріптеу, әлеуметтік кеселдерді жою, азаматтық қоғамды дамы-ту – мұның бәрі ауқымды идеологиялық жұмыстың ажырамас бөлігі. Сондықтан ішкі саясаттағы шаруаның бәрін жүйелейтін біртұтас тұжырымдамалық құжат керек деген пікірмен келісе-мін», – деді Мемлекет басшысы.

Ұлттық киімге қызығушылық арта түсті

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Ұлттық құрылтай мүшелері – Еділ Жаңбыршин, Айдос Сарым, Никита Шаталов, Гүлмира Илеуова, Андрей Чеботарев, Данияр Әшімбаев, Марат Шибұтов, басқа да азаматтардың өз бастамаларымен Ішкі саясат тұжырымдамасының жобасын әзірлегеніне тоқталып, мемлекеттік органдар бұл жобаны жан-жақты зерделеп, барлық мәселені пысықтауы қажет екенін айтты.

«Құжатта құзырлы органдар мен мүдделі тараптардың қызметі бір арнаға тоғысуы керек. Онда мемлекеттік идеология жұмысының мақсат-міндеттері мен басымдықтары нақты белгіленуге тиіс. Тұжырымдамада халқымыздың бірегей болмысын, өмір салтын сипаттайтын жалпыұлттық құндылықтар мен негізгі нышандар айқын көрсетілуі керек. Бұл, ең алдымен, осы құндылықтар мен нышандарды қоғамда орнықтыру, оларды кеңінен дәріптеу және қорғау үшін қажет.

Келесі мәселе. Ұлттық бірегейлігімізді нығайту жолында мәдениет саласы айрықша рөл атқарады. Әсіресе төл мәдениетіміздегі Әз-Наурыз мейрамының орны бөлек. Наурыз мерекесі туралы жаңа тұжырымдама әзірленді. Еліміз Ұлыстың ұлы күнін 14 наурыздан, яғни Амал күнінен бастап, он күн бойы атап өтетін болды. Әр күнге нақты атау берілді. Жұртшылық бұл бастаманы жақсы қабылдады. Әсіресе Наурызнамадағы «Ұлттық киім күні» қоғамның зор қолдауына ие болды.

Ұлттық киімдерге деген қызығушылық арта түсті. Мектептерде, түрлі мекемелерде, сондай-ақ ірі компанияларда ұлттық киімге мән беріле бастады. Сұранысқа сай тігін цехтары ашылып, жаңа брендтер, дүкендер пайда болды. Осылайша ұлттық киім кию біртіндеп қалыпты көрініске айналып келеді. Бұл – өте жақсы үрдіс. Бет жүзін тұмшалайтын қара киімнен гөрі өзіміздің ұлттық киімдеріміз әлдеқайда артық. Әсіресе әйелдердің дәстүрлі киімі өте ғажап көрінеді. Себебі ұлттық киім – біздің бірегей болмысымыздың маңызды көрінісі. Оны жан-жақты дәріптеуіміз керек», – деді Президент.

Оның айтуынша, тәуелсіздік жылдарында мәдениет саласында көп жұмыс атқарылды. Классикалық және заманауи музыкаға арналған сәулетті ғимараттар салынды. Көптеген театр ашылды. Қазақстанда театр өнеріне қызығушылық артып келеді. Зал көрерменге толы, қойылымдардың премьерасына билеттер екі-үш апта бұрын сатылып кетеді.

«Сахна өнеріне құштар жандардың арасында жастардың көп болуы көңілге ерекше қуаныш ұялатады. Қазір Қазақстанда 46 аймақтық театр бар. Алайда оның көпшілігінің жай-күйі мәз емес. Мысалы, Семейде бір ғимаратта үш бірдей театр сығылысып отыр. Әсіресе аймақтарда театрларды салуға және дамытуға баса назар аудару керек. Халқымыздың мәдени әралуандығын сақтауға мүмкіндік беретін орыс және басқа да ұлттық театрларды қолдау маңызды. Елімізде өнердің бұл түрі де табыс әкелетінін дәлелдеп жүрген жеке театрлар аз емес. Сондықтан бизнес өкілдерін аймақтағы театрларға белсене қолдау көрсетуге шақырамын», – деді Мемлекет басшысы.

Келесі құрылтай Қызылордада өтеді

Биыл ұлы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бес жыл бұрын ұлы ойшылдың туғанына 175 жыл толуына орай Семейде абайтанушы ғалымдармен кездесіп, Абай институтын құру туралы ұсыныс айтқанын еске алды. Бүгінде бұл бастама цифрлық платформа форматында іске асырылып, елдегі диаспоралар мен басқа да шетелдіктерге қазақ тілін үйрету құралы ретінде жұмыс істеп тұр. Оның айтуынша, ендігі мақсат – осы жобаны толыққанды мәдени-ағарту мекемелеріне айналдыру. Бұл құрылым Конфуций, Гёте, Сервантес институттары сияқты жұмыс істеуі керек.

«Абай институты негізгі серіктес елдердің бәрінде төл мәдениетімізді насихаттайтын орталық болуға тиіс. Бірқатар елде, мысалы, Қытай, Түркия, Моңғолия және басқа да мемлекеттерде осындай орталықтар ашылатын болды. Сыртқы істер министрлігі мен «Отандастар» қорына Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, шетелде осындай орталықтар ашу мәселесі бойынша тиісті жұмысты жалғастыруды тапсырамын.

Тағы бір мәселе. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы белсенді жұмыс істеп жатыр. Бұл – қуантарлық жайт. Осы ұйымның бастамаларын біз тұтас қоғам болып әрі қарай қолдауымыз керек. Мәдениет дегеніміз жай ғана ғимараттар мен мекемелер емес, бұл – ұлттық сана-сезімді жаһандық ауқымда нығайта түсетін мықты тұғыр. Біз ЮНЕСКО-мен ынтымақтастық аясында Қазақстанның материалдық және материалдық емес мұраларын халықаралық тізімдерге енгізуге айрықша мән беріп жатырмыз. Үкімет түрлі ұлттың барша адамзатқа ортақ білім қазынасына қосқан зияткерлік үлесін көрсететін «Әлем жады» тізіміне деректі мұраларымызды енгізу жұмысын жандандыру қажет.

Жаңа заманда біздің алдымызда жаңа міндеттер тұр. Көптеген ел өзінің салт-дәстүрі мен қазіргі инновацияларды өзара үйлестіру арқылы дамудың даңғыл жолына түскенін тарихтан көріп-біліп отырмыз. Сол секілді біз де төл мәдениетімізді қазіргі әлемдегі шынайы жағдайға бейімдеуіміз қажет», – деді Президент.

Сонымен қатар ол кейінгі жылдары ұлттық бірегейлігіміздің маңызды факторы тарих ғылымының дамуына ерекше көңіл бөліп жатқанымызға, бұл құрылтай ел астанасын Қызылордаға көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына жүз жыл толуымен тұспа-тұс келгеніне тоқталды. Халқымыздың «қазақ» деген байырғы атауы да бір ғасыр бұрын қайтарылғанын еске салды.

«Біздің мемлекеттігіміз мыңжылдықтардан бастау алады, оның тамыры тым тереңде жатқаны даусыз. Бірақ осыдан бір ғасыр бұрын ұлтымыздың өз атауының оралуы тарихи әділдік орнату жолындағы маңызды қадам болғанын ашық айтуымыз керек. Бұл істе сол кездегі Үкімет басшысы Сәкен Сейфуллин айрықша рөл атқарды. Ол «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» деген мақала жазып, арнайы идеологиялық науқанды бастап берді. Мұндай маңызды оқиғалар ел жадында сақталуға тиіс. Осы ретте құрылтайдың келесі отырысын Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынамын.

Осы жиында мен көрнекті қаламгер Төлен Әбдіктің жыл басында «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатын атап өткім келеді. Жазушы «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деп орынды пікірін айтты. Осы ретте қосымша айтарым: Өз ұлтыңды өзгелерден биік қою түптің түбінде жарға жығады. Қазақ халқы өзгелерден кем емес, бұл – ақиқат, бірақ артық та емес деп айтуымыз керек. Қазақ халқын данышпан деп айтсақ, қателеспейміз. Дегенмен дүниежүзінде данышпан халықтар аз емес. Бұл да – ақиқат. Мұндай пікір кейбір адамға ұнамауы мүмкін. Алайда көпшіліктің көңілінен шығамын деп тура сөзден жаңылуға болмайды. Шын мәнінде, әр ел басқа жұрттан даму деңгейіне қарай озбақ. Жалпы біз төл тарихымызға көкжиегі кең, тамыры терең өркениеттік көзқараспен қарауымыз керек. Бұл – өте маңызды. Сонда ғана халқымыздың өткеніне, бүгіні мен болашағына мүлде жаңа көзқарас пайда болады», – деді Мемлекет басшысы.

Көшпенділер дәстүрі – қуат көзі

Қасым-Жомарт Тоқаев одан әрі қазір отандық тарих ғылымының және біздің зияткерлеріміздің алдында төл тарихымыз туралы түсінікті жаһандық өркениет парадигмасы тұрғысынан кеңейту міндеті тұрғанына тоқталды. Оның айтуынша, көптеген ғалымдар мен қоғам белсенділері әлі күнге дейін Қазақ-станның жылнамасына ұлттың жадына жара салған тарихи оқиғалар тұрғысынан қарайды. Бұл жағдай төл тарихымызға көзқарас ауқымын тарылтады.

«Осы сәтті пайдалана отырып, кеңестік кезеңге қатысты біржақты талдаулар мен пайымдаулардан сақтандырғым келеді. Менің пікірімше, біз үшін бұл ортақ тарихтың күңгірт тұстары болды, бірақ жарқын тұстары да бар. Мұны дұрыс түсіну керек. Әйтпесе, біз әлеуметтік-саяси даму жолында салдары ауыр соғатын адасудың құрсауында қалуымыз ықтимал. Аз зерттелген немесе мүлде зерттелмеген тақырыптарды ғана зерделеу жеткіліксіз. Біз Қазақстанды әлем өркениетінің дербес бөлігі ретінде танытуымыз керек. Қазақ халқының әмбебап әрі бірегей өмірлік тәжірибесін толық ашып көрсету маңызды. Бұл қазіргі Қазақстанның миссиясын терең түсінуге септігін тигізеді.

Көшпенділер өркениетінің бесігі болу дегеніміз өз еліңнің өткенін есте сақтау ғана емес, сонымен қатар бұл – түрлі халықтар мен мәдениеттерді, дәуірлер мен кеңістіктерді ортақ игілік үшін жұмылдыру деген сөз. Тарихымыздың әр белесі бізге бөлінуді емес, бірігуді, қиратуды емес, жасампаз болуды үйретіп келеді. Сондықтан Қазақстан Ұлы дала жүрегі ретінде бүгін де өзінің тарихи миссиясын жалғастыра беруі керек.

Көне заманнан келе жатқан көшпенділер дәстүрі елді артқа тартатын емес, болашаққа бастайтын мықты қуат көзі болуға тиіс. Дей тұрғанмен, тарихты аңызға айналдырып, ескі заманның шырмауында қалып қоюға да болмайды. Тарихи-мәдени мұрамызды ХХІ ғасырға сай жаңғыртып, жүйелі түрде дәріптеуіміз қажет. Ғылыми зерттеулер жүргізу, тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру, археологиялық қазба жұмыстарын жандандыру, музей ісін дамыту, шетел мұрағаттарын зерделеу, салт-дәстүрімізді жаңғырту – осы жұмыстың бәрін бір жоспарға келтіру керек», – деді Президент.

Тұтас Торғай өңірін жаңғыртатын жоба

«Біз Ұлттық құрылтайдың отырыстарында үнемі әлеуметтік және мәдени-гуманитарлық мәселелерге қатысты маңызды шешімдер қабылдап қана қоймай, ел дамуының басқа да бағыттары бойынша басты басымдықтарды айқындаймыз», – деген Президент аймақтардағы экономиканың өркендеуіне сер-пін беретін жаңа мүмкіндіктерге жол ашу және өңірлердің даму деңгейіндегі теңсіздікті жою қазір мемлекет алдында тұрған негізгі міндеттің бірі екеніне назар аударды. Оның айтуынша, биыл экономиканың нақты секторына жұмсалатын қаржы көлемін екі есеге жуық көбейтіп,     8 трлн. теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Еліміздің автокөлік жолдары желісін дамыту жұмысының мән-маңызы өте зор. Осы тұста тағы бір маңызды инфрақұрылымдық жоба қолға алынатыны туралы жариялағым келеді. Мен Үкіметке Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын автокөлік жолының құрылысын бастауды тапсырдым. Жаңа күре жол орталық және батыс аймақтардың арасын 560 шақырымға қысқартады. Бұл – тұтас Торғай өңірінің дамуына тың серпін беретін ауқымды жоба.

Бұған қоса Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіріп, жаңа аэровокзал салған жөн. Бұл жоба ішкі көлік қатынастарын едәуір жақсартады. Сондай-ақ орталық аймақтағы ауыл шаруашылығы жерлерін игеруге және мал шаруашылығын дамытуға тың серпін береді. Елімізде машина жасау, металлургия, мұнай-химия, агроөнеркәсіп және көлік-логистика салаларында мұндай жобалар аз емес», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өңірлерді дамыту тұжырымдамасы әзірленіп жатыр

Мемлекет басшысы 2022 жылы жаңадан үш облыс құрып, осы аймақтардың дамуына күшті серпін берілгеніне, соның арқасында әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер едәуір артып, инвестиция келе бастағанына тоқталды. Жергілікті тұрғындардың тұрмыс сапасы да жақсара түскен.

«Менің тапсырмаммен Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында шекара маңындағы бірнеше аудан қалпына келтірілді. Мұны жұрт өте жақсы қабылдады. Жаңа аудандарда тіршілік жанданды, инфрақұрылым жақсара бастады. Ауылды дамыту тұжырымдамасында шекаралық аумақтарға қатысты жұмыстың негізгі бағдары айқындалған. Шеткері жатқан елді мекендердің ахуалы ел іргесінің бекем болуына тікелей әсер етеді.        Бұл – стратегиялық маңызы бар мәселе. Сондықтан осы бағыттағы жұмысты белсенді түрде жалғастыру керек.

«Amanat» партиясы шекара маңындағы аудандарды дамытуға қатысты жаңа заң қабылдауды ұсынып отыр. Үкіметке депутаттармен бірге бұл бастаманы жан-жақты қарастыруды тапсырамын. Әдетте шекара маңындағы аудандар арқылы маңызды көлік-логистика дәліздері өтеді. Биыл автокөліктерге арналған 9 кеден бекетін жаңғырту жұмыстарын аяқтау керек. Соның нәтижесінде мұндай бекеттердің өткізу мүмкіндігі 6 есе артады. Бұл жоба еліміздің транзиттік әлеуетін нығайтуға едәуір үлес қосады.

Аймақтардың дамуындағы алшақтықты жою үшін нақты стандарттарға сүйене отырып инфрақұрылым, әлеуметтік қамсыздандыру, экологиялық көрсеткіштер және басқа да маңызды өлшемдер бойынша артта қалған өңірлерді анықтау қажет. Орталықтың күш-жігерін осындай алшақтықты жоюға жұмылдыру керек. Сол үшін қазір Өңірлерді дамыту тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Құжатта аймақтар арасындағы теңсіздікті жоюға және мекемелер арасындағы өзара іс-қимылды жақсартуға бағытталған тың тәсілдер қарастырылады. Өңірлердің іс-қимылы нақты салаға жауапты мемлекеттік органдардың республикалық деңгейде атқарып жатқан жұмыстарына сәйкес жүргізілуі қажет. Іс-шаралар үйлесімді болуға тиіс.

Бұл – барлық салаға қатысты мәселе. Мысалы, солтүстікке көктем енді келіп жатыр. Қар еріп, елді мекендерді қарғын су басу қаупі туындайды. Былтырғы тасқыннан орталық та, жергілікті билік те тиісті қорытынды жасады деген ақпаратты алып жатырмын. Жаз шыққан соң өрт қаупі күшейеді. Табиғат апаттарының алдын алу, сақтану шаралары үнемі назарда болуы керек. Мен жаппай цифрландыру мен жасанды интеллектіні барлық салаға кеңінен енгізу мәселесіне үнемі назар аударамын», – деді Президент.

«Жасанды интеллект – жеке бақылауымда»

Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканың барлық саласы және еңбек нарығы жасанды интеллектінің тікелей қатысуымен түбегейлі өзгеріп, соның салдарынан адамзат тіршілігінің мәні мен қалыбы басқаша сипат алып бара жатқанына назар аударды. Осы орайда инновациялар экономикасы деген жаңа құбылыс пайда болды. Онда өзгеше ойлау қабілеті, шығармашылық тұрғыдағы жаңашылдық және әлеуметтік дағдылар алдыңғы қатарға шығады.

«Жасанды интеллектіні қолдану бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін барынша арттыруға, салық және кеден ісін жүргізудің сапасын жақсартуға, мемлекеттік сатып алу саласын оңтайландыруға, сондай-ақ азаматтар мен мемлекет арасындағы өзара іс-қимыл үрдістерінің бәрін одан әрі жеңілдетуге мүмкіндік береді. Сол себепті цифрландыру және жасанды интеллект мәселелерімен жеке өзім айналысып жатырмын. Шетелдік мамандармен, кәсіпкерлермен кездесіп жүрмін. Жүздесулердің барлығы ресми жариялана бермейді. Бірақ бұл мәселе – менің бақылауымда. Таяу арада, мүмкін жыл соңына дейін Астанада «Smart city» жобасы енгізілетінін хабарлаймыз. Бұл істе БАӘ, АҚШ компанияларымен ынтымақтастық орнаттық. Қытайдың құрылымдарымен де тығыз қарым-қатынас жолға қойылған. Дәл осы бағытта еліміз нақты прогреске қол жеткізеді деп ойлаймын», – деді Президент.

Оның айтуынша, құзырлы мемлекеттік органдар сарапшылармен және ІТ-мамандармен қоян-қолтық жұмыс істей отырып, артық шығындарды азайтуға, барлық саланың ашықтығын қамтамасыз етіп, өнімділігін арттыруға арналған тың тәсілдер іздеп тауып, оны қолданысқа енгізіп отыруға тиіс. Экономиканың барлық саласына цифрлық технологиялардың енгізілуі елі-міздің бәсекеге қабілетін арттыратын ең басты фактор болуы керек. Бұл жерде цифрлық активтер индустриясы мен блокчейн технологиясын дамыту маңызды рөл атқарады.

«Цифрлық активтердің заңды айналымын қамтамасыз ету, криптоайырбастау қызметін жүргізу және цифрлық майнингке инвестиция тарту үшін осы саланы реттеу ісін ырықтандыруда шұғыл шаралар қабылдау қажет. Бұл қадам еліміздің осы аймақтағы цифрлық қаржы технологияларының орталығы ретіндегі рөлін арттырады. Сондай-ақ цифрлық активтердің көлеңкелі айналымын азайтуға мүмкіндік береді әрі салық түсімін көбейтуге септігін тигізеді. Мұнда Америка ашып отырған жоқпын, Президент Трамп басқаратын АҚШ әкімшілігі осы бағытқа ден қойды. Біз мұны ескеруіміз керек.

Қазіргі заманда экономика инновацияға негізделуі керек екені сөзсіз. Біз ғылымды дамыту, соның ішінде қолданбалы зерттеулер жүргізу үшін көп жұмыс істеп жатырмыз. Ғылыми жаңалықтарды коммерцияландыруға, ғылым мен өндірістің байланысын күшейтуге баса мән беріліп отыр.

Дегенмен Қазақстанда әлі күнге дейін бірде-бір ғылым қалашығы жоқ. Алматы іргесіндегі «Алатау» инновациялық технологиялар паркінің аумағында ғылым қалашығын құру туралы идея бар екенін білемін. Үкімет осы бастаманы жан-жақты зерделеп, тиісті заң дайындауы керек. Ғалымдардың пікірінше, тиісті тәжірибесі мен дәстүрі бар Курчатов қаласы екінші ғылым қалашығы бола алады. Бірақ мынаны ескерткім келеді: осы жоспардың бәрі шынайы есеп-қисапқа және табанды жұмысқа негізделуге тиіс. Көзбояушылық пен көпірме сөзге әбден тойдық. Енді оның сұрауы қатты болады», – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы біздің бастама көтеріп, кейіннен оны ұмытып кететінімізге, оның жазылмас дертке айналғанына арнайы тоқталды.

«Жоспарда бәрі әдемі, әсіресе оны ғалымдар түзіп жатса,   бұл – жақсы. Бірақ нақты есеп керек. Оның ішінде бюджеттің мүмкіндігі ескерілгені жөн. Бастысы – осы жоспарлардың тиімді орындалуы. Сондықтан мен ұсыныстың жалпы қабылданғанын ескертіп отырмын. Шын мәнінде, ғылым қалашығы керек. Оларды Алматыда, Курчатовта салу ақылға қонады. Бірақ Үкімет те, ғалымдар мен салалық министрлік те нәтиже шығару қажет екенін түсінгені жөн. Біз ғалымдарды шетелде тағылымдамадан өткізу тәжірибесін енгіздік. Бірақ ғылымға мүлде қатысы жоқ ғалымдар шетел асты. Мен 78 жасында «Болашақ» бағдарламасымен оқуға барған кісіні білемін. 78 жаста қайдағы «Болашақ?». Көп істің соңы осындай түсініксіз жағдайларға ұласып кетеді», – деді ол.

Туризм – бизнес пен экономиканың тұтас саласы

Мемлекет басшысы туризм саласының дамуына арнайы тоқталды. Жергілікті жердегі республикалық және халықаралық іс-шаралар өңірлердің туристік әлеуетін арттыруға ықпал ететінін айтты. Оның айтуынша, биыл Таразда өтетін «Достастық жәрмеңкесі» осындай жобаның бірі болмақ. Жәрмеңкеге көптеген елдің қолөнершілері мен ауыл шаруашылығы мамандары шақырылды. Бұл іс-шара серіктес елдермен экономикалық байланысымызды одан әрі күшейтеді.

«Сонымен қатар ең көне сауда және мәдениет орталығының бірі Тараз қаласының беделін арттыра түседі, облысқа жаңа инвестиция тартуға және туристердің көптеп келуіне септігін тигізеді. Жалпы әр аймақта жұртшылық асыға күтетін әрі дәстүрге айналған осындай маңызды мәдени-туристік іс-шаралар өтіп тұрады. Оны негізінен демеушілердің қаражаты есебінен ұйымдастырған жөн. Іс-шараларды жыл бойы жалғасатындай етіп біркелкі бөлу, бренд ретінде қалыптастырып, жарнамалау қажет. Әрбір оқиға бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көрсетіліп, ел ішінде және шетелдерде жұрт назарына ілігуге тиіс. Мұның бәрі адамдардың аймақтарға қызығушылығын арттырып, туризмді дамытуға мүмкіндік береді.

Туризм – бизнес пен экономиканың тұтас саласы. Мамандарды даярлау қажет. Табиғи байлығымен, жан-жануарлар дүниесімен бүкіл әлемге танымал еліміздің биологиялық әралуандығын қорғау айрықша маңызды міндетке айналды. Кеше жұмыс секциясы кезінде «Ауыл» партиясының өкілдері киіктер туралы мәселе көтергенін білемін. Аймақтардағы шаруалардан да осыған қатысты өтініштер-хаттар келіп жатыр. Рұқсатсыз аң аулағандарға жазаны күшейту үшін менің бастамаммен 2019 жылы заңнамалық шаралар қабылданды. Осы және басқа да жан-жақты шаралардың нәтижесінде еліміздегі киік саны күрт артты. Қазір оларға жойылып кету қаупі төніп тұрған жоқ.

Бірақ енді басқа мәселе туындады. Ауыл шаруашылығы зардап шегіп жатыр. Эпизоотиялық ахуалдың да күрделеніп кету қаупі бар. Жалпы, экожүйеге түсетін салмақ артты. Үкіметке білікті мамандарды жұмылдыра отырып, осы мәселені жан-жақты зерделеуді және байыпты шешім қабылдауды тапсырамын», – деген Президент Балқаш көлінің айналасында Тұран жолбарысының популяциясын қалпына келтіру басталғанын, келесі кезекте ілбістерді сақтап, оның санын көбейту керектігін айтты.

«Адамзаттың бүлдіргі іс-әрекетінің кесірінен Каспий итбалығы, қызғылт қоқиқаз және басқа да ерекше жан-жануарлар мен өсімдіктер әлеміне қатер төніп тұр. Ащы да болса шын-дық – осы. Біз табиғаттың осы бір сыйына барынша назар аударып, оны сақтай білуіміз қажет. Сондықтан Халықаралық биологиялық әралуандықты қорғау қорын құру керек деп санаймын. Мен Мемлекет басшысы ретінде бұл ауқымды жұмыстың маңызы орасан зор екенін көрсету үшін осы қоғамдық ұйымға өзім жетекшілік етуге дайынмын.

Бұған қоса біз тағы бір қазынамыз – тазыны халықаралық тізімге енгізе алғанымызды айта кеткім келеді. Аң аулайтын айрықша қасиеттері бар қазақы иттің тұқымын енді бүкіл әлем біледі. Жақында мен Парижде Елисей сарайында болдым. Франция Президенті Эмманюэль Макронға сыйлаған қос тазыны көрдім. Франциялықтар тазылардың ерекше қабілетіне тәнті», – деді ол.

Әлеуметтік мәселелер – қашанда басты назарда

Мемлекет басшысы өзінің тапсырмасымен екі жыл бұрын «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы басталғанын айта келе жобаның негізгі мақсаты мектептегі орын тапшылығын жою, сондай-ақ апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін шешу болғанына назар аударды. Оның айтуынша, Ақмола облысы ұлттық жоба бойынша салынатын барлық мектептің құрылысын бірінші болып аяқтаған. Аймақта 12 мыңнан аса оқушыға арналған жаңа білім ошақтары ашылған. Ал басқа облыстарда құрылыс барысы мәз емес.

«Биыл елімізде 500 мың оқушыға арналған 200-ден аса мектеп салынады. Мына жайтты қаперде ұстаған жөн: барлық жерде тек «Жайлы мектеп» жобасы аясында мектеп салу міндетті емес. Сапалы салынған қарапайым мектептерге де сұраныс жоғары. Жуырда Талдықорғанға бардым. Ондағы қазақ мектебі қарапайым болса да тартымды. Осындай мектептерді барлық жерде салу керек. Өйткені «Жайлы мектептер» айтарлықтай қымбат, оны әр облысқа сала берудің қажеті де шамалы. Үш жылда 1 300, соның ішінде ауылдағы 900 білім ордасын жаңғырту қажет. Жаңа оқу жылына дейін мемлекеттік және жекеменшік мектептің барлығы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін арнайы құралдармен жабдықталуға тиіс», – деді Президент.

Сонымен қатар ол ел бойынша медицина инфрақұрылымын барынша дамыту жұмыстары жалғасатынына тоқталды. Осы жылдың соңына дейін «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 188 медицина нысаны салынбақ. Риддерде көпбейінді аурухананы, Өскеменде гематология орталығын, Ақтауда жедел жәрдем стансасын, Алматыда Жұқпалы аурулар ұлттық ғылыми орталығын, Астанада Ұлттық ғылыми онкология орталығының жаңа ғимараты пайдалануға беріледі. 2026 жылы 32 аудандық орталық аурухананы жаңғыртуды, сондай-ақ Қызылорда және Маңғыстау облыстарындағы ауруханаларды салып бітіруді тапсырды.

Бұған қоса Президент тұрғындарға, әсіресе әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтарға баспананың қолжетімді болуы тұрмыс сапасының жақсарғанын білдіретін негізгі көрсеткіш екенін айтып, былтыр мемлекет осы санаттағы адамдар үшін 21 мыңға жуық пәтер сатып алғанын жеткізді. Ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған заманауи оңалту орталықтары бой көтергеніне, басқа да қалаларда осындай орталықтар ашу қажеттігіне, әрбір облыс орталығында ерекше қажеттілігі бар, соның ішінде аутизмге шалдыққан балаларды оңалту және дамыту орталықтарын құру керек екеніне тоқталды.

Президенттің айтуынша, Ұлттық құрылтайдың отырыстарын әр облыста өткізудің ұтымды тұсы бар. Алқалы жиында аймақтың дамуына қатысты өзекті мәселелер де қаралады. Мемлекет басшысы Ақмола облысындағы кейбір бастамалар мен жобаларға назар аударды.

«Өздеріңіз білесіздер, мен 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияладым. Бұл – кәсіптік және техникалық білім беру саласын жаңғыртуға және жұмысшы мамандардың қоғамдағы беделін арттыруға арналған маңызды шешім. Жастардың мүмкіндігін арттырып, кәсіби бағыт-бағдар беруге баса назар аудару қажет. Олардың сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарды меңгеруіне жағдай жасау керек. Бұл – өңір басшыларының бәрінің міндеті.

Жастардың заман талабына сай білім алуын қамтамасыз ету үшін Үкімет пен облыс әкімдігі Қосшы қаласында халықаралық деңгейдегі колледж ашуы керек. Қаланың Астана іргесінде тұрғанын және тұрғындарының саны тез өсіп келе жатқанын ескерсек, бұл – өте өзекті мәселе.

Қазірдің өзінде алыс-жақын шетелдерге кеңінен танымал Бурабай жерінің мол мүмкіндіктері бар. Осы курорттық аймақты дамытудың 2029 жылға дейінгі кешенді жоспары қабылданды. Оны жүзеге асыру үшін шамамен 140 млрд теңге бөлінеді.

Ең алдымен Щучинск-Бурабай курорттық аймағындағы инфрақұрылымды дамыту қажет. Барлық экологиялық талаптар қатаң сақталуға тиіс. Туристерге әлемдік стандарттарға сай қызмет көрсетілуі керек. Жаңадан салынатын Конгресс-орталық Бурабайдың беткеұстар орны болуы қажет. Орталық іске қосылатын болса, демалыс аймағына жұрттың қызығушылығы да арта түседі. Сондай-ақ туристік маусымнан тыс уақытта адамдар көптеп келе бастайды. Үкімет пен әкімдікке осы мәселені тыңғылықты қарастыруды тапсырамын», – деді ол.

Клубтық футболға бизнес ретінде қарау керек

Қасым-Жомарт Тоқаев спорттың түрлі саласын, әсіресе, қысқы спорттан ұлттық құрамаларды даярлау үшін өңірдегі спорт базаларын дамыта беру керек екеніне де арнайы көңіл аударды. Оның айтуынша, елімізде футболды дамытуға баса мән беру керек. Демеушілер қаржысы есебінен облыстық стадиондардың көпшілігін жаңғырту қажет немесе жаңа футбол стадиондарын салуды қолға алған жөн.

«Әрбір облыс, аудан орталығында, кент пен ауылда балаларға арналған футбол алаңы болуға тиіс. Бұл – алдағы екі жылдың міндеті. Оның орындалуын тексереміз. Сонда ғана біз бүкіл әлемге танымал әрі әлеуметтік, бұқаралық спорт саналатын осы ойынды жаңа деңгейге көтере аламыз. Балаларды, жасөспірімдерді футболға қызықтыру арқылы лудомания, нашақорлық мәселесін біршама шешуге болады. Осы салаға жауапты министрлік, Футбол федерациясы, жергілікті атқарушы органдар, кәсіпкерлер клубтық футболды коммерцияландыруға нақты кірісуі керек.

Клубтар облыстық бюджеттерге ғана арқа сүйемей, шетелдердегі секілді өздері де табыс табуды үйренуі керек. Сондықтан мен кәсіпкерлерді клубтық футболға бизнес ретінде қарауға шақырамын. Футбол клубтары жекеменшікке өтпей, іс алға баспайды. Бұл – әлемдік тәжірибе. Клубтар жекеменшік болса, шетел спортшыларын шақыру құқығына ие болады.

Спортты насихаттау, оны әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында дәріптеу – ұлт саулығының кепілі. Кейінгі жылдары мемлекет қолдауының нәтижесінде балалар спорты қарқынды дами бастады. Бірақ бұл  жеткіліксіз. Сондай-ақ бизнес өкілдері өскелең ұрпақты дене шынықтыруға және спортқа баулу ісіне зор үлес қоса алады деп ойлаймын.

Астанада шығармашылыққа арналған үйірмелерді де, жекелеген спорт секцияларын да ашып, көпке үлгі болып отырған жекеменшік Балаларды дамыту орталығы бар. Бұл тәжірибені басқа аймақтарда да қолданған жөн. Мемлекет барлық аймақта спорт инфрақұрылымын дамытуға баса мән береді. Биыл Астанада Ұлттық спорт университетінің, Түркістанда ескек есу спортына арналған каналдың, Қызылордада футбол стадионының, Жетісу облысында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің, Оралда ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған спорт кешенінің құрылысы аяқталады.

Биыл Көкшетауда көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы басталады. Бұл Қазақ-станда теңдесі жоқ орталық болмақ. Осы жобаны арнаулы мемлекеттік қордан, яғни заңсыз активтерді қайтару есебінен қаржыландыру керек. Үкіметке осы мәселені пысықтауды тапсырамын», – деді Мемлекет басшысы.

Еліміз «орта державаға» айналды

Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық аренада бұрын-соңды болмаған қақтығыстар, ушыға түскен сенім дағдарысы, қадір-қасиеті кете бастаған халықаралық құқық, экономикалық шайқастар қазіргі әлемнің басты сипатына айналғанына тоқталды. Оның айтуынша, мұның бәрі жаңа технологиялық қалып орныққан, маңызды ресурстар үшін талас-тартыс күшейе түскен, өндіріс және сауда-логистика байланыстары қайта құрылып жатқан, техногендік және табиғи апаттар туындаған кезеңге тұспа-тұс келіп отыр. Беделді саясаткерлер мен сарапшылар «дүние жүзі жаппай берекесіздік жайлаған немесе болашағы бұлыңғыр жаңа заманның қарсаңында тұр» деген пікір білдіре бастаған.

«Демократиялық моральдық делініп жүрген құндылықтар, оның ішінде ЛГБТ көптеген елге ондаған жыл бойы таңылып келді. Осындай желеумен халықаралық үкіметтік емес қорлар мен ұйымдар көптеген елдің ішкі ісіне негізсіз араласты. Оның түпкі мақсаты бар болғаны ұрлық, яғни сан миллиардтық бюджетті қалтаға басу екен. «Даму мен демократия», «адам құқықтары», «баспасөз бостандығы», «сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» деп ұрандатып жүргендердің бәрінің дерлік жеке байлығы жалақысының мөлшеріне еш сай келмейді. Сондықтан Президент Трамп бастаған Америка әкімшілігінің жаппай қызмет бабын асыра пайдалануға қатысты оқиғаларды анықтауға және «тұңғиық мемлекет» ұғымына тән саяси екіжүзділікті әшкерелеуге, дәстүрлі моральдық құндылықтарды қалпына келтіруге бағытталған жұмыстары қолдауға лайық. АҚШ-та жасалып жатқан шаруаның бәрі бүкіл әлемге тікелей әсер ететіні баршаға мәлім», – деді ол.

Президент жұртты саяси прагматизмге шақырып, қоғамда Заң мен тәртіпті орнықтыру маңызды екенін айтты. Қазір әлемде болып жатқан оқиғалар біздің бағдарымыздың дұрыс екенін көрсетіп отыр. Сондай-ақ ұлттық мүддемізді қорғау үшін алдағы уақытта да ұтымды әрі байыпты әрекет етуге шақырды. Талай заманнан келе жатқан өкпе-реніштерден, өткенге құр мақтанудан және бәрін орынсыз сынап-мінеуден арылу қажет екенін айтты.

«Кез келген мәселеде өзгелерді айыптап, қара бұлтты төндіре беруге болмайды. Қоғам санасындағы осындай құбылыстар ұлтымызды идеологиялық және мәдени тұрғыдан әлсіретеді. Тіпті еліміз қазіргі қатыгез әлемде өзгелерге жем болуы мүмкін. Бір сөзбен айтсақ, біздің ұлттық ой-санамыз мықты болуы керек. Жаһанды белгісіздік жайлаған бұлыңғыр заманда бәсекеге барынша қабілетті болу үшін барлық жағынан кемел ұлт болуымыз қажет. Бұл – өркениетті, икемді, мақсатшыл жұрт болу деген сөз. Сондықтан ұлт ретінде алға басуға не кедергі болса, соның бәрінен арылып, сапалы ұлт болуға тиіспіз», деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев елде қолға алынған реформалар елдің дамуына зор серпін бергеніне, 2019 жылдан бері Қазақстан экономикасының нақты өсімі 15,5 пайыз болғанына тоқталды. Нақты айтқанда, ішкі жалпы өнім 288 млрд. долларға жетті, ал жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 46 пайызға дейін артып, 14 мың доллардан асты.

«Сыртқы сауда айналымы 45 пайызға жуық өсіп, 140 млрд. доллар болды. Негізгі капиталға салынатын инвестиция бір жарым есеге ұлғайды. Былтыр оның көлемі 19 трлн теңгеден асты. Инвестиция білім-ғылым саласына 5 еседен астам, көлік саласына 3 есеге жуық, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласына 3,5 есе көп салынды. 4 400 шақырымға жуық автокөлік жолдары салынды және жөнделді. Жаңа темір жол желілері пайдалануға берілді. Ондаған өндіріс орны іске қосылды. Мемлекет ауыл еңбеккерлерін қолдауды барынша күшейтті. Былтыр күзде 27 млн. тонна астық жинап, рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік», –деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда кәсіпкерлікті дамытуға әрдайым баса назар аударылатынын, тұрғын үй құрылысының қарқыны едәуір өсіп, былтыр 19 млн шаршы метр баспана пайдалануға берілгенін айтты. 2019 жылдан бері елімізде 250-ден аса жатақхана салынған. Соның нәтижесінде орын тапшылығы 6 есе қысқарды.

«Еліміздің 90 мыңнан аса азаматы шетелде оқиды. Бұл біздің қоғамның ашықтығын көрсетеді. Азаматтарымыз демалу үшін шетелге жиі шығатын болды. Біздің көк төлқұжатымыз әлемдегі 92 мемлекеттің аумағына визасыз емін-еркін кіруге мүмкіндік береді. Қазақстан – халықаралық аренада зор құрметке ие мемлекет, біздің елімізді «орта держава» деп атайтын болды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының аймақтық орталығын ашу туралы қарар қабылдады», – деді Президент.

Үш АЭС салынады

Қасым-Жомарт Тоқаев елі-міздің кемінде төрт салада орасан зор мүмкіндіктері бар екенін жеткізді. Атап айтқанда, цифрландыру ісі мен жасанды интеллект, көлік тасымалы, энергетика, агроөнеркәсіп кешені салаларында елімізді қамтамасыз етіп қана қоймай, аймақтық, тіпті жаһандық ауқымда ықпалымызды жүргізе аламыз. Бұл қатарға адам капиталын да қосуға болады.

«Цифрландыру және жасанды интеллектіні қолдану ісінде еліміз зор жетістікке жете алады. Біз қазірдің өзінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Электронды үкіметтің даму деңгейі жөніндегі рейтингінде 190 мемлекеттің ішінен алғашқы 25 елдің қатарына кіріп тұрмыз. Бірақ мұнымен шектеліп қалуға еш болмайды. Қазақстанға келген шетелдіктерді мұндағы электрондық жүйенің айтарлықтай дамуы таңғалдырады. Жоғары технологиялар экономиканың және мемлекетті басқару ісінің барлық саласын дамытуға тың серпін беріп, алға бастайды. Үкімет озық цифрлық тәсілдерді және жасанды интеллектіні жаппай енгізу үшін қолайлы орта қалыптастыруға арналған жұмысты еселеп күшейтуге тиіс.

Біз мәліметтерді сақтайтын және өңдейтін мықты желі түзіп, технологиялық өнімдерді жаппай экспорттауға кірісуіміз керек. Цифрландыру ісін табысты жүргізу және жасанды интеллектіні жаппай енгізу еліміздің энергетикалық әлеуетіне тікелей байланысты. Әлемнің цифрландыру ісіне және жасанды интеллектіге негізделген жаңа технологиялық қалыпқа көшуі энергияны көп қажет ететін үдеріс екенін түсіну керек. Мұндай жағдайда аймақтағы және дүние жүзіндегі энергия тапшылығы үздіксіз арта береді. Сондықтан Қазақстан өзін электр қуатымен толық қамтамасыз етіп қана қоймай, оны әлемдік энергетика нарығына да экспорттайтын ірі елге айналуы керек. Бұл – уақыт талабы.

Біз үшін ел экономикасының ондаған жыл бойы қарқынды дамуына берік негіз болатын жаңа энергетика саласын қалыптастырудың стратегиялық маңызы бар. Мен дәл сол себепті Қазақстанға бір емес, үш атом электр стансасын салып, ақырында толыққанды ядролық кластер қалыптастыру қажет деп есептеймін. Осы міндеттің айрықша маңызды екенін ескеріп, мен Президент жанындағы Ядролық энергетика агенттігін құру туралы шешім қабылдадым.

Біз газ бен көмір өндіру ісіндегі мүмкіндіктерімізді, сондай-ақ жаңартылатын қуат көздерінің әлеуетін толық пайдалануымыз керек. Бұған кешенді көзқарас қажет. Жер көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы орын алатын еліміздің, жалпы көлік-транзит саласында зор мүмкіндіктері бар. Бұл – айрықша назар аударуды талап ететін стратегиялық бағыт. Дүниежүзілік сауда-саттыққа тікелей байланысты болғандықтан оған барлық әлемдік державалар көңіл бөледі. Қазір халықаралық қатынас көлік-логистикалық бағыттар мен мүмкіндіктерді дамытуға ден қояды. Бұл іспен айналысуға біздің географиялық орналасуымыз ықпал етіп отыр», –деді Президент.

Сонымен қатар ол ауыл шаруашылығы саласындағы қордаланған мәселелерге, алдағы 10 жыл ішінде бидайды терең өңдеп, дайын өнім өндіретін және оны әлемдік нарыққа шығаратын ең үздік он елдің қатарына қосылуға тиіс екенімізге, азаматтарға дүниеге келгеннен бастап өмір бойы жәрдем беретін тиімді мемлекеттік қолдау жүйесі жұмыс істейтініне тоқталды.

«Мен жоғарыда атап өткен басымдықтар, яғни ірі инфрақұрылымдық жобалар, цифрландыру мен жасанды интеллект, көлік транзиті мен энергетика, агроөнеркәсіп секторы және адам капиталы Қазақстанның жаңа әлемдегі орнықты дамуына жол ашатын негізгі факторлар болатыны анық», – деді Президент.

(«Egemen Qazaqstan», 15 наурыз 2025 жыл).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp