
Тәуелсіздік жылдары құрылған Қарулы Күштер – қоғам тыныштығының қалқаны, еліміздің айбыны. Ел Президенті, Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен дамуының негізі” атты Жолдауында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде Қарулы Күштердің, әскерлер мен әскери құрылымдардың маңызын атап өтті.
1992 жылы елімізде Президент Жарлығымен Қарулы Күштер құрылған болатын. Содан бері қалыптасу мен кемелдену жолынан өткен Қазақстан Қарулы Күштері өзінің әскери әзірлігі мен техникалық жарақтануы жағынан әлемнің алдыңғы қатарлы армияларымен иық теңестіре алатын деңгейге жетті. Тәуелсіздік жылдары білім берудің ұлттық жүйесі, оның ішінде кадет корпусы, әскери институттар мен кафедралар құрылды. Олар бүгінде негізгі әскери мамандықтар бойынша кадрлар даярлаудың толық циклын қамтамасыз етуде.
Бүгінгі таңда бізге, Қазақстанның Қарулы Күштерінің құрылымдарына білімді әрі білікті әскери мамандар даярлаумен қатар туған жердің тыныштығын күзету, егемендігін қорғау секілді мәртебелі міндеттер жүктелген. Бүгіндері Ұлттық ұлан өкілдері ел мен жерін ерлікпен қорғау аманатын ойдағыдай орындауда. Петропавлда 1997 жылы құрылған әскери институтта бүгінге дейін 3,5 мың курсант жоғары білім алып, әскери қызметкерлердің қатарына қосылды. Қазір Ұлттық ұлан батальондары құрамындағы офицерлердің басым бөлігі – біздің түлектеріміз. Олар сонымен қатар Ұлттық ұланда, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінде, Қорғаныс министрлігінде және Мемлекеттік күзет қызметінің әскери бөлімдерінде міндеттерін абыроймен атқаруда.
Бүгіндері он мамандық бойынша білім беретін әскери институттың екі оқу корпусында 60 аудитория, оның ішінде 100 орынға шақталған 5 дәрісхана, 10 арнайы және 4 компьютер сыныбы бар. Дегенмен, құрал-жабдықтардың басым бөлігі ескіріп, тозығы жеткен. Оларды жаңарту қажет. Президент өз Жолдауында: “Әскерге жұмсалатын шығыстарды реттеп, осы саладағы қаржы жүйесін және жалпы тәртіпті нығайтатын кез келді. Отанына адал, кәсіби тұрғыдан дайындалған офицерлері мен әскери қызметшілері бар армиямыз жаңа геосаяси жағдайларда ел қауіпсіздігіне қауіп төндіретін қатерлерге тойтарыс беруге дайын болуы керек”, – дей келе әскери қызметтің беделін арттырып, Қарулы Күштердің материалдық базасын нығайту қажеттігін міндеттеген еді. Осыған байланысты елімізде Ұлттық ұланның 2020-2022 жылдарға арналған даму бағдарламасы дайындалды. Бұл жерде әскердің мобильдігіне, кәсіби дайындығына, мемлекетіміздің қоғамдық қауіпсіздігіне тиімді қатыса алатын заманауи қару-жарақпен, әскери және арнайы техникамен қамтамасыз етілуіне ерекше көңіл бөлінуде. Бірнеше жылдан бері қаржыландыру мәселесі шешілмей келген Ұлттық ұлан әскери институтында биыл күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Нәтижесінде институт жаңа компьютерлік сыныптармен, зертханалармен, арнайы бөлмелермен қамтылып, жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Сондай-ақ, кітапханамыздағы оқу-құралдары жаңа әдебиеттермен толығады деп күтілуде. Алдағы екі жылдың ішінде әскери институттың жанында курсанттарға арналған оқу корпусы, жатын бөлмелері бар ғимарат және дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтеретін болады. Бұл мақсатқа ел бюджетінен 9 млрд. теңге бөлінді.
Тәуелсіздік жылдарында елімізде тұрғын үй құрылысын дамытудың бірыңғай моделі әзірленді. Тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсарту және қолжетімді мүмкіндіктер жасау мақсатында “Нұрлы жер”, “7-20-25” және “Бақытты отбасы”, тағы басқа бағдарламалар қолға алынды. Негізінен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға басымдық берілуде. Дегенмен, әскерилерді баспана мәселесі алаңдатады. Соңғы дерек бойынша елімізде 60 мың әскери қызметкер “көшпелі қазақтың” күйін кешуде. Пәтер жалдап жүргендердің үй сатып алуға қолы қысқа. Бір қуантарлығы, соңғы екі жылдан бері әскери сала өкілдерінің де жоғы түгенделе бастады. Атап айтқанда, 2018 жылдан бастап пәтер жалдауға берілетін ай сайынғы өтемақы тұрғын үй төлемдеріне ауыстырылды.
Қаражат бұрынғыдай әскери қызметкердің қолына берілмейді. Нақтырақ айтқанда, “Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-ында ашылған жеке арнайы шоттарына аударылады. Әскери салада еңбек етіп жүрген тұрғындарға баспаналы болудың тиімді жолын ұсынып отырған “Әскери баспана” бағдарламасы 2019 жылдың мамыр айынан бастап жүзеге асырылуда. Баспаналы болуға ниеттенген үміткерлердің банктік депозитінде тұрғын үй құнының 15 пайыздық қаражаты болуы керек. Несиенің жылдық мөлшерлемесі – 8 пайыз. Соңғы екі жылдың ішінде солтүстікқазақстандық 185 әскери баспаналы болды. Олардың басым бөлігі – көпбалалы отбасылар. Ал 2020 жылдан бастап банктегі есепшотқа аударылатын төлемнің тағы да өсетінін айтып өткен жөн. Бұл сардарлар мен сарбаздарға лайық табандылық, қырағылық көрсетуді басты парызы деп санайтын әскерилер үшін үлкен қолдау болмақ.
Бауыржан ӘБЖАНОВ,
Ұлттық ұлан әскери институтының бастығы, генерал-майор.