Тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен сыйы, халқымыздың мәңгілік құндылығы – ел тәуелсіздігі бізге, ең бастысы, бейбіт аспанда өмір сүру бақытын сыйлады. Жиырма үш жылдың ішінде елдің әл-ауқаты көтеріліп, төл мәдениетіміз бен мемлекеттік тілді жаңғырту ісінде қыруар жұмыс атқарылды.
Елбасының Жарлығымен 2000 жыл “Мәдениетті қолдау жылы” деп бекітіліп, өңірімізде мемлекеттік тілдегі тұңғыш театр бой көтерген кезде қызылжарлықтардың қуанышында шек болмады. Театрдың ашылу мерзімі жерлес жазушы С.Мұқановтың 100 жылдық мерей-тойымен тұспа-тұс келген болатын. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ақ батасымен ашылған мәдениет ордасында Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын енді тамамдап келген жас актерлердің еңбек жолы басталды. “Аққан жұлдыз” спектаклімен ашылған театрдың алғашқы көрермені – Нұрсұлтан Әбішұлы қойылымның үзіндісін тамашалаған соң ұлттық мәдениетімізді насихаттауға, сахна өнерін жаңа биіктерге көтеруге қатысты айтқан сөздері жас ұжымның қиялына қанат бітірген болатын.
Сол серпінмен халықтың рухани сұранысын орындап, белсенді жұмысқа білек түре кіріскен уақыттан бері 15 жыл өтіпті. Театрымызда көптеген туындылар сахналанып, 60-қа жуық спектакль көрермен назарына ұсынылған екен. Олардың ішінде Ғ.Мүсіреповтің “Қозы көрпеш-Баян сұлу”, “Қыз Жібек”, М. Әуезовтің “Еңлік-Кебек”, М.Жұмабаевтың “Батыр Баян”, Д.Исабековтің “Жаужүрек”, “Өйтпесе, Мағжан бола ма?”, С. Шаймерденовтің “Дөкей келе жатыр”, әлемдік драматургиядан Софоклдың “Эдип патша”, К.Гольдонидің “Екі қожайынға – бір қызметші”, Т.Жүженоғлының “Тығырық” және тағы басқа көптеген спектакльдер сахналанды. Тәуелсіздік мерекесіне орай Баатырбек Шамбетовтің режиссерлігімен қойылған спектакль жұртшылық назарына ұсынылды. Ата-бабаларымыз аңсаған егемендік турасындағы қойылым ұлттың ең басты байлығы – ел тәуелсіздігін қастерлеудің, әсіресе, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудің маңызын көрерменнің жүрегіне жеткізуге тырысады.
Жиырма үш жыл – үлкен өмірге енді ғана қадам басқан жігіттің жасы. Ендеше көрерменіне рухани қуаныш сыйлап, құр көңіл көтеруін емес, ой арқалап кетуін қалайтын қазақ театрының алар асуы, жетер биігі әлі де алда.
Біржан ЖАЛҒАСБАЕВ,
С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының директоры.