«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛТТЫҚ ӨРКЕНДЕУ МЕКТЕБІНДЕ тіл мамандары тапшы

Петропавлдағы жалпы білім беретін №17 орта мектеп жанынан ұлттық бөлімдер 1998 жылы ашылған. Содан бері білім ошағы №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешені деген мәртебеге ие. Шағын орталықтан бастап алтыншыға дейін негізгі қазақ сыныптары жұмыс істейтін аталмыш білім ошағының тыныс-тіршілігімен танысуды жөн көрдік. Мектеп-кешеннің жанында тоғыз (қазақ, армян, неміс, татар, поляк, шешен-ингуш, әзірбайжан, корей, украин) ұлттық бөлім бар. Тоғыз бөлімнің әрқайсысында балалар өздерін қызықтырған тілмен қоса қазақ тілін міндетті түрде оқиды. Оның ішінде филология, қоғамтану (елтану), өнер, технология сабақтары оқу жоспарына сәйкес сол таңдаған тілдерінде оқытылады.

2010 жылдан бастап ата-аналардың сұрауы және облыстық “Қазақ тілі” қоғамының қолдауымен білім ошағында қазақ бөлімі де жұмыс істей бастады. Қазақ бөліміндегілер тек мемлекеттік тілде оқиды. №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешені директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Зура Ибраева: “Балалар қазақ тілін өз мектептерінде де оқып келеді. Оған қосымша қазақ тілін, салт-дәстүрін, мемлекеттік мерекелерімізді, жазушылардың өмірі мен шығармашылығын, Солтүстік Қазақстан өңірінің тарихын, тағы басқаларын жоспарға енгізіп, факультатив ретінде оқытамыз”, – дейді.  

Ұлттық бөлімдер арасында өтетін іс-шаралардың барлығы қазақ тілімен байланыстырылып жүргізіледі. Ол шараларға қатысқан оқушылар өздерінің таңдаған тілдерінде және қазақ тілінде өнер көрсетеді.

Ұлттық бөлімдерге 156 оқушы өтініш берген, соның 29-ы қазақ тобында оқиды. Арасында өзге этностың алты өкілі бар. Солардың бірі №23 мектептің 5 “а” сыныбының оқушысы Никита Громатчиковтың атасының айтуынша, олар немерелерінің қазақ тілінен үлгерімі төмен болғандықтан, білімін жетілдіру мақсатында осы бөлімге беріпті. Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж жанындағы мектеп-лицейдің 7 “ә” сыныбының оқушылары Жазира Қожакенова мен Мәдина Қауқаманова да қазақ бөліміне барып жүр. Оларды ұлтымыздың салт-дәстүрі, қолөнері қызықтырыпты. Сонымен қатар, олар тілді тереңірек меңгеру мақсатын көздеген екен. Қазір қазақ бөліміндегі балалар тілмен бірге ою оюды, көрпешіктер тігуді, халқымыздың би нақыштарын үйренуде.

Бөлімдерге жаздан бастап келіп, өтініш беріп жазылатындар бар. Балалардың санына, жастарына, ұлтына шектеу қойылмайды. Бір сыныпта бастауыштың баласымен колледж оқушылары, университет студенттері қатар отырып, алфавитті үйрене береді.

Мектеп-кешенінде бөлімдер саны бұрын 12 болған, қазір нақты тіл білетін мұғалім жоқ болғандықтан, қырғыз, беларусь және еврей бөлімдерінің жұмыстары тоқтап тұр. Қалған тоғыз бөлімнің әрқайсысы (украин бөлімінен басқа) екі топтан жинақталған. Әсіресе, былтырғы жылдан бері жастар тарапынан корей бөліміне сұраныс артқан. “Тіл үйренуді мақсат еткен жастар университеттен, колледждерден, мектептердің жоғары сыныптарынан келеді. Олардың көпшілігі шетелдерге оқуға түсуді көздейтіндер. Бірақ балаларды қалаған тілдеріне оқытқанмен, ешқандай құжат берілмейді”, – дейді Зура Ибраева.

Өтініш жазып, қабылданған балалардың сабаққа қатысуын сол бөлімнің мұғалімі қадағалап отырады. Түлектер арасында Марина Чернышова деген оқушы поляк бөлімінде төрт-бес жыл бойы оқып, Польшаға барып оқуға түскен. Ол негізгі мектепте оқи жүріп, поляк тілін үйреніпті. Қазір Краков қаласында халықаралық қатынастар мамандығын меңгеруде.

Неміс бөлімінің мұғалімі Наталья Кавунның айтуынша, оның бір оқушысы Германияда оқып, медициналық мамандық алғысы келеді. Сондықтан осы бөлімге келіп, тіл үйреніп жүр. Ал Маша есімді қыз бұл мектепке қала маңындағы орман шаруашылығынан келіп оқып жүргеніне төрт жыл болған.

Мектеп-кешенде нақты тілді оқып келген мұғалім тапшы. Мысалы, поляк тілін Марина Тябус деген мұғалім береді. Ол магистратураны бітірген, санаты жоғары. Евгений Ким М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінен келіп, балаларды кәріс тіліне үйретіп жүр. Ол өз еліне барып, курстан өтіп, тәжірибе алмасып қайтқан. Сол сияқты, татар бөлімінің мұғалімі Зулейха Бикметова да Уфаға барып, біраз дүниелер үйренген. Петмат Авхадова орыс тілінің маманы, бірақ тілді білгендіктен, балаларға шешен-ингуш тілінен сабақ береді. Армян тілінің мұғалімі Сильва Асланянның мамандығы – инженер.

Ұлттық өркендеу мектеп-кешені мұғалімдерінің санаттарын көтерулері қиындық туғызады. Өйткені, олар өз елдеріне барып біліктіліктерін арттыра алмайды. Оларға тіл білетін мамандар жоқ болғандықтан, “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы “Солтүстік Қазақтан облыстық педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты” филиалы да көмектесе алмай отыр. Сондықтан мұғалімдер тарихи Отандарына барғанда өздері үшін біраз дүниелерді үйреніп келуге тырысады.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp