«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ұлттың болашағы – ұлттық тәрбиеде

Бедел – өте ықпалды рухани құбы­лыс. Адамдар беделдінің соңынан еруге дайын. Бедел күш көрсетуді, үгіттеуді екінші орынға сырып тастап, үлгі-өнеге мен абыройды бірінші кезекке шығарады. Халық беделді басшының соңынан ерсе, жас ұрпақ беделді педагогтардың сөзіне құлақ түреді. Бедел – тұлғаға берілген қоршаған адамдардың әлеуметтік бағасы. Қазір беделді жасауға имиджді жасау да көмекке келуде. Имиджеология саяси ғылымның бір саласына айналып отыр.


Десек те, бүгінгі қоғамда шын бедел бар және қолдан жасанды жасалынатын жалған бедел бар. Нағыз дұрыс тәрбие шын бедел бар жерде ғана мүмкін. Жа­санды беделге ден қою жастардың өмірлік ұстанымдарын бұзатын қауіпті құбылыс. Кеңес Одағы кезінде комму­нистік идео­логия жалған бедел жасауға құмар болды. Қоғамды өтірік пен жал­ғандық жайлап алды. Кеңес Одағының аса зор ресурстары бола тұра күйреп қалуының түпкілікті себебі жалған сөйлеу, шындықты бұрма­лау мен жас­тарды жалған беделдер арқы­лы тәр­биелеуге байланысты. Өкінішке қарай, осы жалғандық бүгінгі Қазақстанда да орын алуда.
Жас бала адал, еңбекқор, шыншыл адаммен тәрбиелік қатынаста болса осы ізгілікті салаларды қабылдайды. Өтірікті, өсекті, жалған сөйлеуді, әділетсіздікті ұстанған адамдарды көріп өссе, солардың жаманшылықтарына үйір болады. Нағыз бедел еңбекқорлықта, әділеттілікте, шын­шылдықта ғана ықпалды болады. Сондықтан жас баланы қоршаған орта­сындағы моральдық-психологиялық атмосфераның ізгілікті құндылықтармен толғаны абзал. Беделді тәрбиешілер ізгілікті құндылықтарды өмірлік қағидат­тарына айналдыра білген жақсы адамдар. Қоғамда жақсы адамдар көп болса, оның дамуы баянды, жақсылығы көп болады. Мұндай қоғамда адами құндылықтар басым болып, қайшылықтар, қайғылар мен өкініштер аз болады.
Қазақстандағы тәрбие жұмысы адамгершілік идеологиясы ұғымының төңірегінде жинақталуы керек деп білеміз. Адамгершілік идеологиясының тірегі Абайдың сыншыл көзқарастарына негізделген «кемел адам», «толық адам» концепциясы, Шәкәрімнің «шын адам» концепциясындағы «ар ілімі» бола алады. Абай, Шәкәрімнің гуманистік идеялары әл-Фараби, Ж.Баласағұн, Қ.А.Иассауи сияқты отандық ойшылдардың және әлемдік адамгершілік идеяларының озық үлгілерімен байытылады.
Әлемдік ізгілікті ойдағы «барлық бай­лықтар мен игіліктер тек қана адал, тиім­ді, белсенді еңбекпен ғана келеді» деген қағида үстемдік құрғаны абзал. Қоғам таза, адал еңбекпен толыққанда ғана имандылық үстем болады. Имандылық арлы адам болудың негізі екендігі белгілі. Иманды қоғам ұлттық салт-дәстүрлерге сүйенетін қоғам. Әке – әке, шеше – шеше, бала бала болуы шарт. Әке – асы­раушы, басқарушы. Шеше – отба­сының иесі, баланың тәрбиешісі. Бала – ата-анасына көмекші, олардың айтқа­нын орындаушы. Міне, осындай қарапа­йым шындықтардың қызмет етуі отба­сының нығаюы үшін ең қажетті нәрсе. Отбасы құндылықтарының мызғымас маңызы туралы Қытай ойшылы Конфу­цийдің ұстанымдарын пайдалану абзал.

 

Сайын БОРБАСОВ,  

Қазақ ұлттық аграрлық университеті

 О.Сүлейменов атындағы әлеуметтік-гуманитарлық білім беру және тәрбие институтының директоры, саяси ғылымдар докторы, профессор.

(«Айқын» газеті, 2015 жылғы 31 шілде).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp