«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛТТЫҢ ҮНІ

Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың: “Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр секілді” деген пайымды сөзі көзі ашық, көкірегі ояу оқырманға жақсы таныс. Бүгінгі күн – ертеңгі тарих. Сол тарихымызды қалтқысыз қаттайтын газет-журналдың адам өмірінде алатын орны ерекше. 

Адамның жасы ұлғайған сайын өткен өмірі жайлы көп ойланады екен. Арғысын айтпағанда, 1941-1945 жылдардағы қанқұйлы соғыс, одан кейін орын алған тың игеру дүрбелеңі, тәуелсіз елдің жаңа кезеңге қадам басуы тарих қойнауынан сыр шертеді. Осының бәрі сол заманның сырлы шежіресі іспетті газет беттерінде қаттаулы. Газет демекші, күн сайын мерзімді басылымдарға шолу жасаймын. Республикалық, облыстық газет-журналдардағы әр мақаланы оқып, ой түйемін. Мен үшін газеттің орны бөлек.  Сондықтан әлі күнге дейін қолымнан газет-журнал түскен емес. Әсіресе, өңірімізде жалғыз қазақ тілінде тарайтын облыстық “Soltústik Qazaqstan” газетінің тұрақты оқырманымын.

Жасыратыны жоқ, қазір кейбір басылымдар қиын кезеңдерді бастан кешуде. “Soltústik Qazaqstan” газетінің де бүгінгі ахуалы бізге жақсы таныс. Бірақ ойлы оқырман үшін бұл басылымның өзіндік орны ерекше. “Кедей сөзінен” бастау алған бұл басылымда Алаш қайраткерлерінің ізі сайрап жатыр. Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасов, Сәбит Мұқанов сияқты қазақтың марғасқа ұлдары еңбек еткен шежірелі газеттің бір ғасырлық мерейтойы да жақындап қалды. Өзіндік үні мен сара жолы бар  басылымға жаны қазақ әр адам қолдау білдіруі керек. Әсіресе, баспасөзге жазылу науқанында шеттеп қалмай, елдігіміздің белгісін дәлелдеуге тиіспіз.
Әр кезеңнің шындығы мен боямасыз болмысын қағаз бетіне түсіру оңай шаруа емес. Бұл орайда, кестелі сөзбен салмақты ойды оқырманға жеткізетін тілшілер қауымының да еселі еңбегі ұлттың ұлы мұратымен үндесіп жатқандай.
Жақында аудандағы еңбек ардагерлерімен кездестім. Ұлт тағдыры, ана тілі, салт-сана жайлы тың ойлар айтылған отырыста ұрпақ тәрбиесі де ұмыт қалмады. Ал ұрпақтың қамын ойласақ, алдымен ұлтқа қызмет ететін басылымға жазылуымыз керек. Сонда ғана біз жаһанданудың аранынан аман қалып, болашаққа өзіндік үнімізбен, руханиятымызбен қадам басатын боламыз.
 

 

Армия ӘБІЛҚАЙЫРОВ,
Айыртау аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp