«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛТТЫ ЖАҢҒЫРТУ ҚАДАМЫ

Дүние бірқалыпты тұрмайды. Адамның өмірге көзқарасы өзге­ріп, түсінігі мен пайым-парасаты уақыт өте қалыптасады. Ал бала күнінен ойы ұшқыр, қиялы жүйрік болған Абай Құнанбайұлының өмір жайлы түсінігі оның кемеңгерлік тұлғасын айқындап тұр. Ұлы ойшыл қазақ халқының баянды болашағы үшін күресті. Сондықтан тәрбие, оқу-білім, салт-сана, адамгершілік туралы айтқан өсиеттері бүгінгі күнге дейін өзінің маңызын жойған жоқ. Бір кездері адамды ізгілікке, оқу-білімге, әділдікке шақырған Абай атамыздың қарасөздері мен тәрбиелік мәні зор өлеңдері бүгінгі күннің көрінісін дәл сипаттап тұрғандай. Сондықтан Абайды түсіну үшін Абайды тыңдау керек.

Абайды тану – даналыққа біртабан жақын болу деген сөз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абайтануды жаңа қырынан жүргізу керек дегенде осы ойды меңзейді. Мемлекет басшысы: “Ұлы ақынның шығармалары бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абайдың ой-тұжырымдары баршамызға қашанда рухани азық бола алады. Сондықтан ұлтымызды жаңғырту ісінде оның еңбектерін басшылыққа алып, ұтымды пайдалану жайын тағы бір мәрте ой елегінен өткізген жөн”, – дей келе кемеңгер тұлға жайлы өз ойын білдірді.
Қазақ халқының тамыры тереңнен бастау алса да, өз заманында Абай сияқты дара дарын, бірегей тұлға болған жоқ. Қазақта Абай дара, Абай дана дейтініміз де сондықтан.
“Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқбарды ертегіні термек үшін.
Көкірегі сезімді, тілі орамды
Жаздым үлгі жастарға  бермек үшін”, – дей келіп:
“Түзу кел, қисық-қыңыр, қырын келмей,
Сыртын танып, іс бітпес, сырын көрмей.
Шу дегенде құлағың тосаңсиды
Өскен соң мұндай сөзді бұрын көрмей”, – деген оның өлең жолдарынан ақынның бітім-болмысын, жүрек толғанысын аңғарамыз. Абай өз заманында ұлттың болмысын, бітімін айшықтап, тұрмыс-тіршілігі мен дүниетанымын, мінезі мен жанын тегіс ақтарып, ап-анық суретін салып берді. Оның сөздерінде, өлеңдерінде ұлттың ділі, тілі, рухы – бәрі көрініс тапты. Сондықтан Абай əлемін бірегей құбылыс деп бағалауымыз керек. Президенттің осындай құбылыстарға назар аударып, ұлы ақынның әлемін аша түсуге үндегені ұлттық сананың да бір саты жоғарылап, даналыққа жете бастағандығының көрінісі деп бағалаған жөн.
“Ұлы ойшыл əр сөзімен ұлттың өресін өсіруді көздеді – Абайды терең тануға баса мəн бергеніміз жөн екенін айтқан Мемлекет басшысы – Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы тиіс”, – деді. Сондықтан қазақтың əр баласын ұлтжанды азамат етіп тəрбиелеуге шақырған кемеңгер тұлғаның рухына тағзым ету, құрметтеу – кейінгі ұрпақтың парызы. Елдікті қадірлеудің негізі болған оның мұрасы әлі де зерттеуді, зерделеуді қажет етеді.
Қызылжар қаласындағы “Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешенінің қызметкерлері Президент көтерген мәселелерді жүзеге асыруға үлес қосады. Жыл сайын отыз мыңдай көрермен келіп, Абылайдың ақ үйін тамашалайды. Сонымен қатар жастардың қатысуымен ай сайын мәдени шаралар өткізу дәстүрге айналған. Олардың негізгі мақсаты – қазақстандық патриотизмнің өрістеуіне үлес қосу, батыр бабаларымыздың үлгілі істері мен ерліктерін жастарға таныстыру. Енді мұражайда Абай оқуларын өткізу дәстүрге айналмақ. Өйткені, оның шығармаларындағы ой-тұжырымдар əрбір жастың бойында халқына, елі мен жеріне деген патриоттық сезімді орнықтырады. Сондықтан хакім Абай еңбектерінің нəрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру жəне өмірлік азығына айналдыру – ұлтты жаңғыртуға жол ашатын маңызды қадамның бірі.
Әр адамның бойында отаншылдық рух, Отанға деген құрмет болуы тиіс. Бұл орайда біздің мамандарымыз Абылай мен Абай мұраларының түпкі мақсаты бір екендігін, яғни екі тарихи тұлға да өз ұлтының іргесі берік болуын қалап, халқының баянды болашағы үшін әрекет еткенін жастарға түсіндіретін болады. Шын мәнінде, өз мемлекетін сүйіп, оған қалтқысыз қызмет ету әрбір саналы азаматтың міндеті ғой. Абай атамыздың әділетті қоғам ұстанымы Қасым-Жомарт Кемелұлының халық үніне құлақ асатын мемлекет құру идеясымен ұштасып жатқандай. Бұл Абай даналығының өміршеңдігін айқындайды.

Аян САДАЕВ,
“Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешенінің директоры.

“Алланың өзі де рас, сөзі де рас”

Хакім Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай “Қызыл­жар” орталық мешітінде “Алланың өзі де рас, сөзі де рас” атты әдебитанымдық байқау өтті. Оған қатысқан жиырмадан астам студент пен оқушы ұлы ақынның өлеңдері мен қарасөздерін жатқа оқыды.
Кеш шымылдығын ашқан Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының директоры Біржан Жалғасбаев ұлы ақын, ғұлама, аудармашы, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаған ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған іс-шаралар легінің Алла үйінде жалғасын табуы аса маңызды оқиға деп атап өтті. Өйткені, мешіт жұртшылықты имандылыққа ғана емес, білім мен тәрбие алуға да шақырады. Ал Абайдың жолы мен қолтаңбасы – тұнып тұрған өнеге. “Ғұлама атамыздың шығармашылығы сан тарау десек, соның ішінде Алланың бар екендігі, жалғыз екендігі, мына өмірдің адамзат баласына сынақ болатыны, дін, сенім туралы жазған дүниелерінің орны бөлек”, – деді ол.
Абай мұраларын насихаттауға арналған шараға мешіт жамағаты, қадірлі ақсақалдар мен ақ жаулықты аналар жиналды. Жастардың көптеп келуі де қуантпай қоймады. Байқауға қатысушылардың өлең оқу шеберлігі мен Абай хақындағы білімдерін абайтанушы, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің журналистика кафедрасының оқытушысы, профессор Зарқын Тайшыбай, осы оқу орнының қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Жанбай Қадыров, Қазақстанның құрметті журналисі Амандық Жантеміров және облыстық “Soltústik Qazaqstan” газеті бас редакторының орынбасары, ақын Нұргүл Оқашева саралады. Қазылар алқасы қатысушылардың шығармаларды таңдау және орындау шеберлігіне, дауыс ырғақтарына ерекше көңіл бөле отырып, әділ бағаларын беруге тырысты. Ынталандыру сыйлығына – М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенттері Кенжегүл Қуандық пен Заманбек Ермеков, үшінші орынға – аталмыш оқу орнының студенті Нұржол Сәтен мен Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының оқушысы Айдана Түкен, екінші орынға Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледж студенті Алмагүл Тастанова ие болды. Олардың барлығына ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Ал бірін­ші орын мен елу мың теңге көлеміндегі бас жүлде М.Қозыбаев атындағы СҚУ студенті Данагүл Аюповаға бұйырды. Байқауға қатысушыларға көрермендер тарапынан да сыйлықтар тағайындалғанын айта кеткеніміз жөн.
“Алланың өзі де рас, сөзі де рас” атты әдебиетсүйер жастар байқауын түйіндеген “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Дүйсенбай кеш ажарын ашқан қатысушыларға ризашылығын білдіріп, білім жолындағы ізденістерін жалғастыруды өтінді. Ол кешті ұйымдастыруға қатысқандарға шексіз алғысын жеткізіп, Абай өмірі мен мұраларының жан-жақты зерттелуіне елеулі үлесін қосып жүрген ардагер ұстаз Зарқын Тайшыбайға қазақшаға аударылған үлкен Құран кітабын тарту етті.
Кеш барысында Болат Сағындықов, Амандық Жантеміров, Қымбат Исманова сынды аға буын өкілдері мешіттегі шараның мән-маңызына тоқталып, көпшілікке ақ тілектерін жаудырды. Байқаудың өт­кізілуіне демеушілік көмек көрсетіп, қалың қауым үшін ақ дастарқан жайған кәсіпкер Марат Шәпенов екенін де атап өткеніміз жөн.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp